10 қаң, 2018 сағат 05:46

«АрселорМиттал Теміртау» қара қарға қатысты пікір білдірді

«АрселорМиттал Теміртау» қара қарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Проблема бар және компания басшылығы оны шешу үшін айтарлықтай инвестиция бөліп келеді. Экологиялық проблеманы толықтай шешу - ұзақмерзімді жоба. Оны қысқа мерзімді шешу мүмкін емес. Металлургиялық комбинат сияқты нысандар елді мекеннен белгілі бір қашықтықта орналасуы тиіс. Ал шындығына келгенде қала мен металлургиялық комбинат бір-біріне тақау салынған. Осыған қарамастан компания әкімшілігі комбинаттың қоршаған ортаға және елді мекендердің экологиясына кері әсерін төмендетуге бар күш-жігерін жұмсап келеді», - деді компаниядан.

Таратылған дерекке қарағанда, осыдан 20 жыл бұрын комбинат жылына 82 мың тонна шаң-тозаң шығарса, бүгінде оның көлемі 24 мың тоннаны құрап отыр. Яғни, 20 жылдың ішінде 3,5 есеге азайған.

«Тазарту құрылғысы жұмысына бақылауды күшейту туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар экологиялық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған қосымша шаралар да жүргізіледі. 2016 жылмен салыстырғанда өткен жылы болат департаменті эмиссиясының саны 18029 тоннаға азайды. 2018 жылы да экологиялық жобалардың арқасында эмиссияларды төмендету жоспарланып отыр», - де атап өтеді «АрселорМиттал Теміртау».

Компания мәліметінше, 2017, 2018 және 2019 жылдары металлургиялық комбинаттың экологиялық құрал-жабдықтарына 18,5 млрд теңге инвестиция жұмсалатын болады.

Айта кетерлігі, 2017 жылы экологиялық жобалары жүзеге асырудың аясында 5,3 млрд теңге игерілді.

Сонымен қатар компания қара қар жаууына көмірмен жылынатын жеке тұрғын үйлердің түтінінің де үлесі бар деп есептейді.

«Металлургиялық комбинат жұмысы - бұл өңірдің экологиясына ықпал ететін көптеген фактордың бірі ғана. Экологияға пешпен жылытылатын 4 мыңнан астам үй мен саны 3 есе артқан автомобильдер де әсер етеді. Компания қызметкерлерінің негізгі бөлігі Теміртау тұрғындары, осы жерде олардың отбасы тұрады. Сондықтан да барлығы өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту қажетігін түсінеді», - деп атап өтеді комбинаттың баспасөз қызметі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Теміртау қаласының әкімінен қалаға жауған қардың беті әп-сәтте қарайып кетуіне байланысты экология департаментіне хат жолданды. Сондай-ақ бұл мәселені анықтау үшін арнайы жұмыс тобы да құрылды.