17 шіл, 2018 сағат 15:35

Арнайы сенсорлар арқылы жануардың жай-күйін біле аламыз – Б.Сапарбаев

Ақтөбе облысында ауылшаруашылығын оңтайландыру мақсатында цифрландыру жұмысы қарқынды жүзеге асырылуда. Ондағы барлық процедуралар автоматтандырылып, арнайы қосымшалар арқылы төрт түлік туралы ақпаратты білуге болады. Бұл туралы бүгін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Үкімет сағатында мәлім етті.

«Ауылшаруашылығында біз цифрландыруды пайдаланып жатырмыз. Барлық процесс автоматтандырылды. Арнайы сенсорлар арқылы жануарлардың тәулігіне қанша салмақ қосқанын, қанша су ішкенін, жем жеу белсенділігінің қалай екенін байқауға болады», - деді Б. Сапарбаев.  

Сондай-ақ, ол егін шаруашылығындағы жұмыстарға тоқталып, цифрландырудың өнімділікті арттыратынын баса айтты.  

«Дәл осындай жұмыс егін егу мен егін жинау саласында да қолданылып жатыр. Бұл жердегі ең үлкен мәселенің біреуі егістіктің бәрін цифрландырып, қанша тұқым себілгенін, қанша тыңайтқыш, қанша жанармай қолданылды. Осының бәрі еңбек өнімділігін көбейтуге өзінің әсерін тигізеді», - деді облыс әкімі.

Өңірде мал шаруашылығы саласына бойынша малдың жағдайын компьютер арқылы бақылауға мүмкіндік беретін ірі қара малға датчиктер орнатылыпты. Ал, «Айс» ЖСШ сүт тауарлы фермасы болса малдан сауылған сүттің көлемін, жағдайын және ұрықтандыруға дайындығын бақылауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жабдықталып отыр.

Сонымен қатар, жайылымдағы жануарлардың орналасқан жерін бақылау үшін жер серіктік навигациясы қолданылады. Мұндай қондырғалар егістік алқабында да кеңінен қолданылуда. Яғни, жер серіктері жүйесі арқылы егістік аумағын бақылауға, ауа-райын білуге болады.

Сондай-ақ, егістік карталарына, ауа-райына, минералды тыңайтқыштарды енгізуде, арам шөптердің таралуына және талдау жүргізуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «ақылды қалалардың» типтік тұжырымдамасы вице-премьер-министр Асқар Жұмағалиевтің бастамасымен қолға алынып, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингімен» жүзеге асырылуда. Облыста «ақылды қала» концепциясы 5 бағытта жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, білім ошақтары мен денсаулық сақтау орталықтары 80 пайыздан аса кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Ең бастысы - төрт түліктің жағдайын анықтау мен бақылау жұмыстары жеңілдеуде. Мәселен, «АқТеп» ЖШС мен «Айс» ЖШС шаруа қожалықтарын айтсақ болады. Аталған фермаларда процесс толығымен автоматтандырылыпты. Ал, арнайы гаджеттер жануарлардың орташа тәуліктік салмағын арттырып, денсаулығына бақылау жасауға ықпал етуде. Облыста  аралар, қояндар, құлпынай, таңқурай өсіру және тағы басқа бағытта 200-ге жуық жоба жұмыс істеуде. Сондай-ақ, аймақаралық ынтымақтастық шеңберінде еліміздің барлық өңірлерімен, сондай-ақ Ресейдің бірқатар аймақтарымен ынтымақтастық орнатылған. Сонымен қатар, өңірде цифрлық технологияларды қолдану арқылы «Фермерлік қызмет көрсету орталығы» пилоттық жобасы жүзеге аспақ.