09 там, 2017 сағат 11:43

Армия халықаралық ойындары өз мәресіне жетті

«Отар» 40-шы әскери базасында ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың басшылық етуімен Армия халықаралық ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

«2017 жылғы Армия халықаралық ойындары аяқталуға жақын қалды. Сөзсіз, бұл ойын әлемнің әртүрлі елдері әскерлерінің тарихына айрықша үлес қосты. Ойындардың арқасында әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық реттеліп қана қоймай, сонымен бірге, әскери қызметшілер мен армиялар арасында шынайы достық пайда болады. Сайысқа қатысушылардың барлығында болашақта жеңіске жету үшін мықты әлеует бар. Әрбір әскери қызметші өзінің кәсіби машығы мен әскери шеберлігін паш ете алды. Сіздерді, яғни, жүлделі орындарды иеленген ойынның лайықты жеңімпаздарын құттықтаймын», - деп ойындардың жабылу рәсімінде генерал-полковник Сәкен Жасұзақов қатысушыларға тілегін жолдады.

Армия халықаралық ойындары – бұл ауқымы мен өзінің мазмұны бойынша ғаламат іс-шара. Бұл ойын халықаралық әскери қоғамдастықта жоғары мәртебеге ие болды. АрХО-2017 шеңберінде а.ж. тамыздың 1-і мен 9-ы аралығында Қазақстан Республикасының аумағында «Артиллериялық оқ ату шеберлері», «Мерген шебі» және сайыстың жаңа түрі «Ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының сайысы» атты ірі жарыстар өтті. «Отар» 40-шы әскери базасының қазақстандық полигонында байқауларды өткізу үшін барлық қажетті инфрақұрылым мен логистика, атап айтқанда, артиллерияшыларға кедергілері бар қашықтығы 2 шақырымды құрайтын тас жолдар, мергендік винтовкадан, тапаншадан оқ ату, мергендердің гранаталарды лақтыруы үшін барлаушының соқпақ жолы мен шептерінің элементтері бар бағдар дайындалып, оңтайландырылды. Ал «Мәтібұлақ» полигонының аумағы «ҰҰА есептоптарының сайысы» байқауын өткізу үшін арнайы жабдықталды.

Сайысқа қатысу үшін Қазақстанға әлемнің 18 елінен 400-ге жуық әскери қызметші келді. «Мерген шебі» байқауының қорытындысы бойынша Қазақстан Қарулы Күштерінің командасы бірінші орынды, Ресей және Қытай екінші орынды және Беларусь командасы үшінші орынды иеленді. Кіші сержант Нұрсұлтан Бақтыораз байқаудың үздік мергені атанса, кіші сержант Мақсат Шыналиев пен қазақстандық аға сержант Ерғанат Құдабеков үздік мерген жұбы атанды. «

Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы бірінші орынды еншілесе, Беларусь Республикасы екінші орынды және Ресей Федерациясы үшінші орынды жеңіп алды. Ресейлік сержант Рустам Чиктаев үздік механик-жүргізуші атанса, Белоруссиядан келген ефрейтор Иван Швая үздік көздеуші, Әзірбайжаннан келген кіші сержант Эльшат Оруджов үздік есептоп командирі атанды. Қазақстандық сержант Мейірхан Әбілдаевтің жетекшілігімен минаатқыш есептобы үздік есептоп болып белгіленді.

«Ұшқышсыз ұшу аппараттары есептоптарының сайысы» байқауының қорытындысы бойынша Қазақстан бірінші, Ресей екінші және Иран үшінші орынға жайғасты. Ирандық майор Джафариан Хамид ҰҰА үздік технигі, ал Ресейдің аға лейтенанты Владимир Заинчковский ҰҰА үздік операторы атанды.

Кернейдің әуезді үнімен жүргізушілер командаларды сахнаға шақырып, жеңімпаздарға құрмет көрсетті. Жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен, дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Рәсім соңында ойын қатысушыларының назарына мерекелік концерт ұсынылды.