27 мам, 2020 сағат 07:44

Арменияда коронавирустың екінші толқыны басталғаны айтылды

Арменияда өте қиын жағдай қалыптасты, біз коронавирустың екінші толқынымен бетпе-бет келіп отырғанымызды айта аламыз. Бұл туралы брифинг барысында Армения премьер-министрі Никол Пашинян мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Шын мәнісінде, коронавирустың екінші толқынымен бетпе-бет келіп отырғанымызды айта аламыз. Бірнеше күн бойы комендатурамен бекітілген ережелер қалыптасқан ахуалға қаншалықты сәйкес келетінін және олардың әмбебаптылығын талқылап келеміз. Пікірталастарымыздың түйіні бір – қабылданған шектеулер жағдайға сәйкес келеді және мазмұны жағынан тиімді. Біздің талқылауларымыздың қорытындысы бір мәнді: қабылданған шектеулер жағдайға сәйкес келеді және олардың мазмұны жағынан да тиімді. Өкінішке орай, осы ережелерді сақтауда проблемалар бар», - деп атап өтті брифинг барысында Никол Пашинян. 

Осыған байланысты, премьер-министрдің айтуынша, Арменияда комендатура белгілеген ережелерді сақтау бойынша әкімшілік шаралар күшейтіледі. 

Өз кезегінде вице-премьер, ТЖ режимі кезіндегі комендант Тигран Авинян азаматтарға эпидемияға қарсы нормаларды қатаң сақтау қажеттігі туралы еске салды. 

Армения Денсаулық сақтау министрлігі Ауруды бақылау және алддын алу жөніндегі ұлттық орталықтың мәліметінше, 26 мамырға дейін елде коронавирус инфекциясын жұқтырған 7402 жағдай тіркелген, олардың 3220-сы сауығып шықты. 4052 пациент ем қабылдауда. 91 науқас қайтыс болды. 

Еске сала кетейік, коронавирус инфекциясына байланысты Арменияда 16 наурыздан бастап ТЖ режимі енгізілген болатын. 

Кейін ТЖ режимі 13 маусымға дейін ұзартылды.

25 мамырдан бастап халық маска тағып жүру режиміне көшті. Тек жабық орындарда ғана емес, ашық және қоғамдық жерлерде маска тағу міндеттелді.