23 сәу, 2018 сағат 16:04

Армения премьер-министрі Серж Саргсян отставкаға кетті (Видео)

Жаңа қызметке 17 сәуір күні тағайындалған Армения премьер-министрі Серж Саргсян отставкаға кетуге өтініш берді, деп хабарлайды Арменпресс.

Бұл туралы дүйсенбі күні Армения үкіметі басшысының өзі айтқан.

"Мемлекет басшысы ретінде сіздерге соңғы рет үндеу жариялаймын. Никол Пашиняндыкі (наразылық акциясының лидері - ред.) дұрыс болыпты. Мен қателесіппін. Мына туған ахуалға қатысты әртүрлі шешім қабылдауға болар еді. Бірақ мен ондайға бармаймын. Елдің жетекшісі, үкімет басшысы қызметінен кетем", - деп мәлімдеген ол. 

Армениядағы оппозицияның жетекшісі, парламент мүшесі, "Елк" саяси блогының басшыларының бірі Никол Пашинян 2008-2018 жылдары екі мерзім президент қызметін атқарған Серж Саргсянның премеьер-министр болуына қарсы шығып, халықпен бірге он бір күн бойы Ереванда шеру бастап, наразылық танытқан.