14 қар, 2017 сағат 07:27

Арманға айналған Алакөл

«Көгілдір көлден не пайда, жағасы жайсыз жар болса»? Халық қалт айтқан ба? Алакөлдің жағасы жабайы туризмнің ордасына айналды дегенді естігенде, ойға осы терме оралатын. Сол Алакөл биыл адам танымастай өзгерді. Өзгергенді көз көрді.

Алатау мен Тарбағатайды, Жетісу мен Арқаны тел емген төлдей Алакөлдің жатысы да ерекше. Бейне бір Балқаштан бөлініп шығып, жазиралы жазықтан тау қойнына қотарыла көшкендей. Немесе Сарыарқаның саф ауасын, Тарбағатайдың киелі топырағын, Жетісудің шипалы айдынын алып тостағанға табиғат-ананың өзі құйып қойғандай. Содан да болар, көлдің басқасын қойып, батпағының өзі - мың бір дертке дауа. Осыны ойлағанда, «Алакөлдің Анталиядан несі кем?» деп Доспанбетше сөйлегің келеді. 

Сервис және инфрақұрылым. Туризмді дамытқың келген екен, осы екеуінсіз болмайды. Алакөлдің алабөтен байлығын ел игілігіне жаратудың жалғыз жолы да сол екеуіне тіреліп тұр. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің жағаны абаттандырудағы ең бірінші мақсаты осы болатын. Абаттандыру жағалаудағы жөнсіздіктермен күрестен басталды. Өйткені, сөзі өтіп, қолы жеткендер айдынның жағасындағы жерді бөліп-бөліп, жеке меншігіне баяғыда-ақ өткізіп алған болатын. Сол 147 телімнің барлығы сүзгіден өтіп, талапқа қаншалықты сай боп тұрғаны зерделенген. 

-Жүргізген жұмыстар нәтижесінде көл жағалауындағы 147 кәсіпкерлік нысанның ішінен меморандум талаптарына сәйкес келген 123 демалыс үйі маусымға дайын деп анықталған. Алайда, 24 кәсіпкерлік нысанда өрт және санитарлық қауіпсіздік ережелеріне қайшы жайттар орын тауып, ескерту берілді. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, - дейді Үржар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Серік Тілемісов.

Жабайы туризм де ауру сияқты. Шауып келіп, аяңдап қайтады. Сондықтан Алакөлдің айналасын бір жылдың ішінде ретке келтіру мүмкін емес. Тек биылдың өзінде облыс бюджетінен жағалауды жанға жайлы ету үшін 500 млн. теңгеден астам қаражат бөлінген. Соның 140 млн. теңгесі демалыс саябағын салуға жұмсалды. Мердігер деп танылған «Еңбек Семей» және «Рулан Сервис ЛТД» компаниялары бөлінген қаржыны толық игерді. Саябақ аумағында 330 түп көшет егіліп, жасыл желекті тамшылатып суару жүйесі орнатылды. Сейіл құрған халық жүріп-тұратын соқпақтың бәріне қырлы тастан желекжол төселіп, аспалы шамдар қойылды, субұрқақ салынды. Мұндай саябақ Алакөлдің ажарына әр қосқаны анық. Кеңес кезінде осы жердің батпағына аунап қайтатын ғарышкерлерге де мұндай жағдай жасалмаған. Алакөлдің ел игілігіне айналғанын осыдан-ақ көруге болады.

Алакөлдің өз Арбаты бар. Бұл жобаға 56,1 млн. теңге жұмсалыпты. «Мақаншы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны іске асырған ілкімді жоба заманауи дизайнымен ерекше. Әсіресе 3D қалыптағы тас төсеніштер көздің жауын алады. Өскемен қаласындағы «Машзавод» АҚ жасап шығарған бес метрлік шойын шамшырақтар да Арбаттың сәнін аша түскен. Ал жағажайға түсе беріс жерлерді ағаш террасамен көмкеру үшін 56,7 млн. теңге жұмсалыпты. 

Театрдың киім ілгіштен басталатыны сияқты, туризм көлік инфрақұрылымынан басталады. Сол үшін автобекеттің аумағын көрер көзге көрікті, кірген көлікке ыңғайлы ету үшін 22,5 млн. теңге бөлінген болатын. Бұл жоба да межелі уақытында, талапқа сай жүзеге асты. 

Алакөлдің жағасында жыпырлап тұратын көліктер де осыдан былай тәртіпке бағынатын болады. Ауданы 2,25 гектар алқап абаттандырылып, 200 орындық автотұрақ салынуда. Бүгінгі таңда жерді тегістеу, қоршау орнату, жарықтандыру жұмыстары аяқталыпты.

Көлге апаратын ішкі жолдар да жөндеу көріп жатыр. Соның арқасында жалпы ұзындығы 4,4 шақырым жол орташа жөндеуден өтіп, көше шамдары орнатылды. Ол үшін 111,4 млн. теңге жұмсалған. 

-Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алакөл жағалауында 80 бейнекамера қойылды. Олардан алынған ақпарат төрт полиция бекетіне таратылады. Сонымен қатар, бір медициналық бекет ашылды. Соның бәріне 19,5 млн. теңге бөлініп, толық игерілді, - дейді Серік Тілемісов. 
Облыстан түскен қаржыға қарап отырмай, аудан басшылығы да өз әлінше туристер тартуға қам қылды биыл. Көлдің келбетін көріктендіре түсу үшін демалыс аймағына аудандық бюджет есебінен терек, жөке, қызыл бүрген сияқты 3500 түп көшет, 10000 түп гүл егілген екен. Қабанбай ауылынан Алакөл жағалауына дейінгі жолдың екі жағынан 2500 түп шынар көшеті отырғызылып, тамшылап суару әдісіне жалғанды.

Міне, «Алакөл адам танымастай өзгерді» деп бөркімізді аспанға атқызған шаруалардың ұзын-ырғасы осындай. Ендігі маңызды мәселе жол мен жағаны бекемдеу жұмыстарына тіреліп тұр. Бір Семейдің өзінен күніне 11 автобус рейсі қатынайтынын ескерсек, жол сапасын жақсарту нөмірі бірінші мәселеге айналып отыр. Соған қатысты жиын өткізген облыс әкімі Өскемен-Шар-Жалаңашкөл бағытында теміржол маршрутын ашу қажеттігін айтқан болатын. Жыл соңына дейін осы тапсырма жүзеге асып жатса, Алакөлге ағылған халық саны 600 мыңға жетіп жығылады деген есеп бар. Ал тасжолдарды жөндеуге екі миллиард теңге көлемінде қаржы игерілмек. Бұл – келер жылдың межесіндегі шаруа.

Алатаудың Тарбағатай қойнауына ентелей еніп, жыл сайын жағасын кеміріп жатуының себебін дөп басып анықтауда зерттеуші мамандар бір тоқтамға келе алмай жүр. Дегенмен, 2018 жылы жағаны бекемдеу жұмыстары қолға алынбақ. Бұған дейін де бұл мәселе бірнеше рет көтерілгені белгілі. Тіпті жоба әзірленіп, сметасы түзілген екен. Ол бойынша жылдам қарқынмен егіліп жатқан тұстарға тосқауылдар орнатылуы тиіс. Бүгінгі жағдайды қайта бағамдап, жобаны жетілдіре түсу қажет. Осыдан кейін барып жағаны бекемдеу бағытында ауқымды жұмыстар іске асатын болады.

Сүмбіле тумай су суып, тамыздың ортасынан бері жағалаудан маза кеткеніне қарамастан, Алакөлде бірнеше нысан әлі жұмыс істеп тұр. Қалғандары уақытша жұмысын тоқтатыпты.

- Өткен жылы 180 орындық демалыс базасының құрылысын бастағанбыз. Биыл шілде айында кіргенбіз. «Даму» арқылы берілген 132 млн теңге несиеміз бар. 14 пайыздық үстеменің 10 пайызын мемлекет төлеп жатыр. Базаны әкімдік берген жобамен салғанбыз. Келушілерге қатты ұнап жатыр. Биыл күн ерте суып кетті. Сондықтан базаны жаба тұруға тура келді. Қазір Алакөлде бірнеше демалыс үйі ғана ашық тұр, - дейді Нұрзия Сағатбаева.

Жаздың қызығын Алакөлде өткерген жандардың бәрі аталған өзгерістерге дән риза.

- Алакөлде бір апта тегін демалдым. Осы ауданның тумасы болғандықтан, жағалаудың жайына етене қанықпын. Биыл жасалған жұмыстар бәрімізді қуантты. Өзімізді теледидардан көретін шетелдік курорттарда жүргендей сезіндік, - дейді қарт ұстаз Амантай Оспанов.

Соңғы жылдары Алакөлге өнер жұлдыздары мен танымал тұлғалар тұрақты келіп жүр. Сол үрдіске биыл да адалдық танытқандардың бірі – әйгілі әнші Роза Рымбаева. 

- Биыл төртінші жыл қатарынан Алакөлдің жағасында демалдық. Бес күн бойы бала-шағаммен бірге «Бұғаз» демалыс базасында жаттық. Өзгеріс көзге ұрып тұр. Бәрі ұнады, - дейді Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева. 

Жекенің меншігіндегі демалыс үйлерін ретке келтіріп, талапқа сай ету, жабайы жағажайға айналып кеткен орынды абаттандыру оңай болған жоқ, әрине. Ал сервис сапасын көтеру, қарасы қалың туристке қалағанын ұсыну – кәсіпкерлердің ісі. Оны Алакөлге соңғы барғанында аймақ басшысы да айтқан болатын.

-Жобаның бірінші кезеңінде мемлекет тарапынан істелуі тиіс шаруаның бәрі істелді. Енді сервис саласын дамыту қажет. Еуропадағыдай қарапайым тамақ ұсынатын шағын дәмханалар желісін қалыптастыру керек. Ал келешек үшін танымал мейрамхана брендтерін тартуға болады, - деген облыс әкімі. 
Алдағы уақытта көлдің сол жағалауы да ел иглігіне берілмек. Онда сауда павильондарымен бірге мемлекет кәсіпкерлерге жалға беретін демалыс орындары бой көтермек. Алакөлдің атағы дүркіреп, мейманасы таситын шағы әлі алда.

Есімжан Нақтыбайұлы