06 нау, 2017 сағат 10:26

"Қазақ" қазақ батырына қолдау білдірді

Қанат Ислам ережесіз жекпе-жектің қас шебері Арман Оспановқа ағалық қолдауын жеткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ол Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Арман, сен - қазақтың батырысың! Сен - чемпионсың! Оны қаншама рет дәлелдедің. Әлемдік додаларда ел намысын қорғадың, көк туды желбіреттің. Қазақтың жұдырығы ауыр, жігері мықты, намысты ұлт екенін мойындатқан жаужүрек спортшысың. Ринг сыртында да күрес бар. Бұл айқаста да жауырының жерге тимейтініне сенемін. Шын мықтыға түрлі сынақтар келеді. Бұл жерде де қасқайып тұрып беру керек. Бұл жерде де еңсені тік ұстау керек. Мойымау керек. Әлемдік аренада әлі де ұлттың абыройын асқақтатып, туын желбірету үшін саған бұл сынақты да жеңу - міндет. Өзің үшін емес, артыңнан еріп келе жатқан, еліктеп жүрген інілерің үшін, ұлтыңның келешегі үшін саған тоқтамау керек. Әлсіздер ғана әр сөзге алаңдап, кім не деп жатыр деп жалтақтап жүреді. Сұңқар - биікте самғайды. Сен - батырсың. Өзіңнің орның бар. Оны ешкімге берме! Мықты екеніңді әлі талай дәлелдейсің. Ол күн де алыс емес! Мен саған сенемін!», - деп жазады.

Еске салайық, кеше ережесіз жекпе-жектен WSOF біріншілігі өзінің 35-ші турнирінде өнер көрсететін спортшылардың тізімін шығарды. Өкінішке қарай, Арман Оспанов пен Стивен Родригез арасындағы жекпе-жек бұл кешке кірмей қалды. Оған Арман Оспановтың қанынан табылған допинг себеп болыпты. WSOF басшысы Рей Сефоның айтуынша, Марокко елінде өткен əскери самбодан əлем біріншілігінен кейін аталмыш спортшымыздың қанынан табылған допинг және оның 4 жылға спорттан шеттетілгені назарға алынған.