15 ақп, 2017 сағат 08:00

Арман Әлменбет. Әңгіме "Балапан" туралы...

Ерлан Қарин ҚазТРК'ға басшы болып келгенде қуанып, көбіңіз құттықтап, ұсыныстарыңызды жаздыңыздар. Енді тыныштала берген кезде мен де ойымды жазуды жөн көрдім. Қанша дегенмен, күн сайын кемінде 2-3 сағат "Балапан" арнасы қосылып тұратын үйдің иесімін ғой.

Әңгіме "Балапан" туралы...

"Балапанда" бірнәрсені қайталай береді деген түсінік бар. Бұл бір бағдарламалар тізбегін күніне үш рет қайталағаннан туған пікір емес. Бұл бір мултьфильмді бес жыл қайталағаннан туған пікір. Одан да бұрын бір айда бір мултьфильмнің бір сериасын алты мәрте, әр күні үш реттен, он сегіз рет көрсеткеннен туған пікір. Одан да сорақысы, бір мултьфильмнің бүгін сегізінші сериасы көрсетілсе, ертең он үшінші, арғы күні төртінші сериасы көрсетіле береді. Бұл құбылыстың сырын түсіну қиын енді...

"Балапанда" үзілмей келе жатқан бір бағдарлама бар. "Әдемі-ай" деген. Қаршадай қыздар сәнденіп киініп, өздерінше ойқастап әрі-бері жүреді. Бұл уақытылы түсіріліп, жаңадан көрсетіліп отыратын "ерке" бағдарлама. Бір ғана сұрақ: осыдан не пайда ал?

"Сисси" деген бір мултьсериалды көріп отырсам, бір бойжеткенді бір жас жігіт құшақтап, икемдеп жатыр енді. Сөйтсе, бір қыз жүгіріп келіп "Тоқта, сен оны сүймейсің ғой" дейді. (15.02.2017 жылдың таңында көрсетілген сериасынан).

"Балапанның" тілін қолға алмай болмайды. "Болады ма?", "Көреді ме?" деген сөздердің дендеп енуіне үлес қосып жатыр. Қайта ауырсынғанда "менің қолым" демей, "қолым-ай" дегендей, кейбір жақсы аударма үлгілері кездесетін болып жүр кейінгі кезде. Жаттығу жасайтын қыз да "бес!", "алтЫ", "жетІ" деп, екпіндерін дұрыс қойып санайды. Бұрын біреуі "Алт", "жЕт" деп, екпінді бірінші буынға түсіріп тұрушы еді. Кейіпкерлер бір қуаныш болса "Иә!" деп айқайлайтындары жаман енді. Жалпы, айта берсе, бұл ұзақ әңгіме. Шама келсе, болашақта балалар жазушылары, қазақ тілін шын білетін мамандар "Балапанның" редакциясында отырса екен деп тілеймін. 

(Көп дүние аусторсинге беріліп, оны бұрынғы участковый, электриктер (бүгінде жекеменшік студиялары бар, ең бастысы жоғары жақтағылардың бажасы, балдызы, класстасы дегендей) алып ап, құртқан да шығар, кім біледі).

"Шытырманды" жүргізетін Талғар деген бала-жігітке дән ризамын. Қазақы жігіт нағыз. Майыспайды, өтірік күлмейді. Сол секілді, "Он саусақ" болса керек, бір бағдарламаны жүргізетін толықтау келген баланы да тәуір көремін. Жігіттің жігіт сияқты болғаны дұрыс қой. Балалар соларға қарап, еліктейтін шығар, біз бәрін байқай бермейміз. Ал енді бала көрген мултьфильмін, теледидарды сөндірген соң да ұзақ уақыт ойлап жүретіні ап-анық нәрсе. Қиялы мен танымының дамуына, мінезінің қалыптасуына тікелей әсер етеді.

"Балапан" - енді он-он бес жылдан кейін мектеп бітіріп, үлкен өмірге араласатын буынды тәрбиелеп жатқан арна. Дәл бүгіннен бастап, осы арна дұрыстала бастаса, инвестицияның көкесі сол болар еді. Он-он бес жыл деген тез өтетін уақыт. (Он жыл бұрын 2007 жыл еді, одан бері соншалықты көп уақыт өтті ме?)

Дұрыс адам - дұрыс мемлекеттің негізгі алғышарты екені белгілі... Көп айтылатын бір сөзді айта салайын:
Бір жыл өміріңді ойласаң, егін сал; он жыл өміріңді ойласаң, ағаш ек; жүз жылдан кейінгі өміріңді ойласаң, ұрпағыңа дұрыс тәрбие бер.

Жаңа басшының ісіне береке тілеймін. 
Құрметпен ойын жазған адамды "шын жанашыры" деп білгей!..

Арман Әлменбеттің фэйсбуктағы жазбасынан