25 мам, 2018 сағат 17:47

Архимед Мұхамбетов Үкімет басшысына өңірдің басты проблемаларын атады

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қостанай облысы активімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Сағынтаевтың облыс активімен, ірі және шағын бизнес өкілдерімен кездесуі Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыруға арналды. Күн тәртібінде облыс әкімінің экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыру бойынша атқарған жұмыстары, экономиканың жаңа секторларының дамуы,еңбек ресурстарын басқару, кадр дайындау және қайта даярлау, бәсекеке қабілетті бизнесті қалыптастыру мәселелері қаралды.

Алдымен, облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің есебі тыңдалды.


«2017 жылдың көрсеткіші бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 104,9% тең. Барлығы әлеуетті 40 жобаға инвестиция тартылды. Оның 22-сі индустрия саласына тиесілі. Негізі 2018 жылдың 4 айы бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуі байқалды. Әсіресе, құрылыс жұмыстары мен бөлшек сауда саласының пайыздық үлесі жоғары», - деді А.Мұхамбетов.

Сондай-ақ, облыс басшысы өңірде шешімін таппай тұрған бірнеше мәселеге тоқталды.

«Қазіргі уақытта облыста төрт мәселе шешілмей тұр. Әуелі, Арқалық қаласына мазут отынын сатып алу үшін республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінуін сұраймыз. Рудный цемент зауытына республикалық бюджеттен 547 млн теңге қажет. Сонымен қатар Әуежай, Юбилейный аудандары мен 4 ауылдағы мектептердің құрылысын аяқтау жұмыстары да қаржыға тіреліп отыр. Осы мәселелер шешілсе, бірнеше тұрақты жұмыс орны ашылуы тиіс», - деді А.Мұхамбетов.

Бақытжан Сағынтаев облыс әкімінің сауалын Үкімет жиынында қарауға уәде өтті.