#
#
Сейсенбі 10/12/2019

Архимед Мұхамбетов Шоқан Уәлихановтың нақты туған жерін анықтау бойынша тапсырма берді

  • 21.11.2019
  • 0
  • 518

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Шоқан Уәлихановтың туған жерін нақты анықтау бойынша тапсырма берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Азаматтарды қабылдаудың ұлттық күні аясында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Кейбір даулы мәселелер соттың шешімін күтіп отырса, кейбірі кездесу орнында шешіліп жатты. Олардың дені – әлеуметтік мәселелер. Өңір әкімі өтініштердің әрбіреуін жіті қадағалап, жауапты органдардың оң шешуіне тапсырмалар жүктеді. Солардың бірі белгілі этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың нақты туған жеріне қатысты қойылды. Әулиекөл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әкімбек Қабденовтің сөзінше, бүгінде Шоқан Уәлихановтың туған жеріне байланысты екіұдай пікір қалыптасқан.

«1985 жылы Шоқанның 150 жылдығы тойланды. Сол жылы Әлкей Марғұланның зерттеу жинақтары арқылы нақты туған жері Құсмұрын ауылы екені дәлелденді. Біздің Құсмұрын ауылында Шоқанның кіндігін кескен Дәрмен деген әжейдің ұрпақтары тұрады. Олар да Құсмұрында туғанын растайды. Бірақ кейінгі жылдары бір облыстың екі ауданы Шоқанның туған жеріне таласып жүр. Қазір Күнтимес ауылында өмірге келді деп жазылады. Енді осы мәселені мемлекеттік дәрежеде көтеруді ұсынамыз», - дейді ақсақал.

Ал облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов айтқандай, 1994 жылы ғалым Манаш Қозыбаев архив құжаттары арқылы Күнтимес ауылы екенін дәлелдеген.

«Тарихшының мәліметіне сүйенсек, Құсмұрын болысы болғанымен, Құсмұрын бекеті кейіннен құрылған. Шыңғыс Уәлиханов Күнтиместе аға сұлтан болып тұрған кезде Шоқан дүниеге келген. Былтыр «Киелі Қазақстан» жобасы бойынша елордалық комиссия ғалымның туған жерін Күнтимес деп бекітіп берді», - дейді Ерлан Қалмақов.

Облыс әкімі елордадан комиссия шақырып, бұл мәселені тағы бір зерттеуді ұсынды. Енді Шоқан Уәлихановтың туған жерін нақты анықтау бойынша жұмыстармен облыстық мәдениет басқармасы айналысады. Әкімбек Қабденовтің өтініші «Киелі Қазақстан» жобасының арнайы комиссиясына, тарих институына жіберіледі.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар