14 сәу, 2016 сағат 19:54

Арғы Ана мен Ару ұрық Шыңғыс хан

«Маңғолдардың құпия шежіресінің» 19-шы ғасырда табылғаны белгілі. Алай да, ондағы айтылған оқиғаларға ұқсас аңыздар Әбілғазының, Қадырғали Жалаиридің бұдан ертеректе жазған шежірелерінде де кездеседі. Бұл жердегі мәселе Тобан мергеннің әйелінің тұл отырып Боданжарды тапқанын айтқандарына қатысты. Біз бұл жерде Тілеуберді Әбенайдың «Құпия шежірені» аударғандағы атаған кісі атауларын қолданалық.

     Менің алдыңғы жазған «Қазақ шежіресіндегі Шыңғыс ханның ата тегі» атты мақалам қазіргі жазып жатқан кітәбімнен алынған соң, мен мақаламды Ұлт порталына жібергенде барынша қысқартқан едім.  Оның себебі, біріншіден: тақырыптың тек Шыңғыс ханның шежірелік тегіне қатысы болған соң, таңбалар жөніндегі айтқандарым алынып тасталды. Осымен қатар, ноқта ағасы дегендердің анығында, ноқтаның ағасы — сол елдің, тайпаның, ұлыстың, жүздің мал бағушы екендерін шежіре деректерінен білуге болатынын айтқандарым,  қаракөктің атқосшысының да, ноқтаның ағасы екенін айтқандарым алынып тасталды.

    Екіншіден: Шежіреде кейбір ру-тайпалардың өкілдерінің ар-намысына тиетін деректер болған соң, кейбір анайы саналатын сөздердің бар болғанынан, осыны ғаламторда жарияламадым. Кезінде ұлы Абай: «Ата-бабаларының тегін неше түрлі қиялдармен асқақтатып қоятындардан өкпе болмасын» деп, шежіре жөнінде жазғанда, газетте өзінің атын жарияламауды сұраған екен.

    Алай да, жарияланған мақаламның комментерінде Шыңғыс ханға таласқан рушылдардың айтқандарын оқыған соң, тұрпайы көрінетін сөздің бірін келтіріп, алдыңғы мақаламды біраз дамытуды жөн көрдім.  Өйткені, Шыңғыс ханның тегі ат үсті айтылып кетті ме екен, коменттерге қарағанда менің нені айтып отырғанымды көбісі ұға алмағандай. Сондықтан, алдағы әңгіме Шыңғыс ханды дүниеге әкелген Боданжар әулетінің нұрдан емес, адамның жыныстық мүшесінен жаралғаны жөнінде болады.  Қайсы адамның? Осыған жауап беру үшін біз тек қана басты дерек «Құпия шежіре» мен таңбаға сүйене аламыз. Жанама деректер мысал ретінде айтылатын болады.

      Ең алдымен айтарым, Рушылдар (түбі Сарматтар) өздерін қазаққа бөтен екендерін гендік ақпарат арқылы алғандықтарынан рушыл болады. Наймандар сияқты өздеріне өздері сенімді адамдар рушыл болмайды. Алдағы әңгіме осы наймандардың Ергенекті тармағы жөнінде болмақ. «Бөрі найман» атты кітәбімде мен Ергенекті тармағының Ергене қоңдықтарға  қатысы бар екенін айтқан едім. Бұндайды жалғыз мен ғана емес, көптеген зерттеушілер айтқан, солардың алдыңғысы Әлкей Марғұлан еді.

      Қазіргі зерттеушілердің Қият дегеннің екеу екендерін құпия шежіренің негізінде айтып жүргендері белгілі. Боданжарға дейінгілер Арғы ана Қияттар болса, Боданжардан кейінгілер Ару ұрық, менің айтқанымда Бергі ана. Бұл екі қияттың  бір-біріне ешқандай да, тектік (гендік) қатысы жоқ. Екінші қияттар бірінші қияттардың атауын ғана алған.

     Ергенек дегеніміз тосқауыл, яғни иткірмес, киіз үйдің есігін бастырғыш т.с.с. Қияндар жасырынған Ергене қоң да, жауларына тосқауыл болған соң, ергенек деген сөздің өзі осы Ергене қоңға қатысты айтылған. Біздер Ергене коң дегенді – тік беткейлі құз қырат деп білеміз. Ресей жерінде қазіргі Волгоград облысы мен Калмыкияның шекарасында Ергени деген қырат бар. Осы қыраттың шығысында тік беткейлі құз, жар бар да, батыс жағы көлбеу келген. Алтай тауларында Ергене қоң табылмаған. Меніңше, бұл тосқауылдың Алтай тауларында болуы мүмкін емес. Өйткені, бұлармен жауласқан басқа түріктер болсын, қытайлар болсын, Алтай тауларынан оларды тауып алып қырып тастар еді. Қияндар өткен жерден олар да, өтер еді. Аңыздың түбі – ақиқат болса да, Ергене қоңның дөңгелек тау екені әсерленіп, асыра суреттеліп айтылғаны болса керек. Бұлардың жауларынан неғұрлым ары кеткендері ғана шындыққа жақын. Еділдегі Ергенидің атауы 19-шы ғасырға дейін басқаша аталған болған. 19-шы ғасырда орыстың бір саяхатшы зерттеушісіне сол өңірдегі бір қалмақ осылай деп айтқан екен. Рашиден Ергене қоңды «крутой хребет» яғни, тік беткейлі қыр деп атаған. Еділдегі Ергени де, шығыс жағынан «крутой хребет». Ергенидің арғы жағына кетіп қалғандар үшін, бұл қыраттың Қытай жаққа қарсы тосқауыл екені шындыққа жанасады. Құпия шежіреде: «Теңіз-дарияны кешіп» дегендеріне қарағанда, Қияндар Еділден де ары өтіп кетсе керек, түбі Су сақтары болса. (Жүзуді, қайық-кемені білген).

    «Тарихты жазу үшін, бірінші дерек, екінші пәлсәпә, үшінші мәдениет керек» деген еді, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Мұхтарған Абаған төре. Меніңше, Сақ, Ғұн, Түрік дегеніміз бір халықтың үш атауы. Үш атау да, бір ұғымды білдіреді. Пәлсәпәләп көрсек, Сақ дегеніміз Көк тәңірінің дауысын құлағына еститін Сақ құлақ, Ғұн дегеніміз Көк тәңірінің үнін құлағына еститін Үн, Түрік дегеніміз Көк тәңірінің дауысына құлағы түрік жүрген Түрік болса керек. «Бөрі найман» кітәбімнің «Найманның бақсы-балгерлері» атты тарауында мен: «Адамзаттың жаратылысынан бері ру-тайпаларды тек қана бақсылар билеп келген. Ұлы адамдардың, елбасыларының бәрінің де, қасиеттері болған» деп айқан едім.

     Кейінгі патшалар мен хандардың өздерінің қасиеттері болмаған жағдайда, олар міндетті түрде өздерімен көреген-көріпкелдерді, ұлы бақсыларды ертіп жүрген. Ұлы бақсыларды арабтар Кахин деп атаған. Қаған, Хан дегеніміз осы арабтардан келген. Материалистер пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) –ды «кахиноподобный» деп атаған.  Меніңше, қаған деген атақ түріктерде ең алғашында ел басқарған адамға, оның Көк тәңірімен сөйлесе алатын кахин болғандығынан берілген.

    Сақ, Ғұн, Түрік басшылары ұлы бақсыларымен кеңеспей ешқашан да, шабуылға шықпаған, елді билемеген. Ғұндардың Еділ патшасының қасында көптеген атақты көріпкелдер жүрген. Олар алдыңғы болар шайқастың нәтижесін күні бұрын болжап айтып отыратын болған. Шыңғыс хан өзімен бірге пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның ұрпағы, 112 жасында қайтыс болған Жапар қожаны, қоңқыраттық Көкше бақсыны ертіп жүрген. Хулагу болса, жұлдызшысының айтқандарын қасиетті Құран кәрімнің сөздерімен, қасындағы қожасына негіздетіп отырған. Асқақ Темірдің қасында көреген мұсылман, сейіт қожа Сейіт Береке, Абылайдың қасында Жалаңаш баба әулие, Кенесарының қасында қобыз шалып бал ашатын көріпкелі болған.

    Сақ, Ғұн, Түрік дегендеріміз Көк тәңірінің дауысын еститіндер дегенді білдіретін жалпы ұғымдар болғандай. Көк тәңіріне сыйынудың түбінде шамандық, яғни, бақсылық жатыр. Мәселен, Шыңғыс ханның қасында болған қоңқыраттық Көкше бақсы өзінің Көк тәңірімен кездесіп, сөйлесіп жүретінін айтқан. Бұл атаулар анығында,  нәсілдері  ортақ көптеген тайпаларды құраған ұлыстардың, мемлекеттердің атаулары болған. Сондықтан да, Су сақтары дегеніміздің Ғұн да, Түрік те екендері сөзсіз. Жоғарыда аталған мақаламда Маңғолдың түбінің Су сақтары-Созақ екендерін айтқан едім. Енді, Арғы Анаға келелік.

    «Арғы қазақ мифологиясы» атты еңбегінде Серікбол Қондыбай былай дейді:

    «Ергене – Арғы Ана. Бұл да, Ұлы бабаның бір есімі, осындай есімнің болғаны қазақтың наймандағы «ергенекті» (ергі – «арғы» ене (к) –«ене», «ана» және «ті» форманты) этнонимінің этимолгиясын ашудан шыққан. Көне түркілік «Ергенеқон» топонимінің этимолгиясы да «Арғы енеге/анаға («Ергене»-ге) байланысты. Бұл атауда екі түрлі мифтік бейне астасып кеткен: біріншісі, — Арғы ана/ене (Ергене, Ергенек) – «Ұлы баба», екіншісі – Ергенекті – «Ұлы бабаның ұрпағы» (ру атауы).

    Осыған, Әлкей Марғұланның найман Мұса биден алынған шежірені зерттегенінде, наймандағы Ергенек таңбаның, Қоңыраттағы босаға таңбаның, Ергене қоңның қақпасы екендерін айтқанын қосалық.   Бұл зерттеулерді оқымаған кездерімде мен Ергенек таңбаның екі жартастың арасында асылған, Ергене қоңға апаратын аспалы көпірді білдіріп тұрғанын айтқан едім. Наймандағы  шежіреші, төртуылдық Баттал Құранбайдың ұлы Ескендір Баттал: «Орайы келген оқшау ой: Ергене қон – арғы ата-баба қонысы деген мағына беретін көне түркі сөздерінен жасалған атау» деген екен. Осылай болғанда, Қоң-қырат (қоңырат) дегеніміз қоныс қырат дегенді білдірсе керек. (Екінші нұсқа).

     Бұл жердегі «Арғы Ананың» қалайша Ұлы баба болып тұрғанын түсіндіру қажет сияқты. Өйткені, әйел заты Ананың еркек заты Баба болуы мүмкін емес. Ергенекті найман жөнінде менің алғашқы мақаламда аты аталған, қазақтың нағыз ойшыл шежірешілерінің соңғы тұяқтарының бірі болған Ғұлам Қадыр ғұлама не деген екен?

    Шежіреші болудағы менің әкем марқұмның ғұлама ұстазы, жас кезінде ержүректігі үшін қаһарлы Қадыр атанған Ғұлам Қадыр  Жазыбайұлы 1912-ші жылы туған. Дінмұхаммед атамызбен бір жылы туған соң, шежіреші жөнінде: «Қонаев оқыған ғұлама, Ғұлам Қадыр оқымаған ғұлама» деген сөз қалған. Әкесі Жаңбырбайұлы Жазыбай Қазанның гимназиясын бітіріп, Санкт-Петербургтегі жоғарғы оқу орнында өзінің аталасы Көлбай Төгісевтен бұрынырақ оқып алған еді. Орыстың ана тілін білген, оқымысты, тарихты жақсы меңгерген адам болған. Төңкерістен кейін Қытайға өтіп кеткен. Баласы Ғұлам Қадыр ертеректе Қытайдан еліне қайтып келген. Әкесі оқымысты, өзі Қытайда жүрген соң, «Құпия шежіреден» хабары болған.

    Біздің әкеміз 1973-ші жылы Тарбағатай ауданына бірінші хатшы болып келгенінде, әкеміздің Ертістің арғы жағындағы Ергенекті наймандық екенін білген ғұлама өзінің досы Қалиға Ергенекті жөнінде айтқанында, қастарында Қалидің інісі, қазір көзі тірі, ол да, халық жауының баласы Жеңісхан Бақияұлы жас жігіт болып жүрген кездерінде отырған екен. Жеңісханның руы Байжігіт Тоғас, ғұламаға қайын жұрт. Дін-мұсылман жолын, шежіренің қыр-сырларын жас күндерімде осы Жеңісханнан да біліп қалған едім. Өйткені, Жеңісхан ақырына дейін ғұламаның қасында жүрген адам. Осымен қатар, ғұламаның Есмұрат деген күйеу баласы бар. Қайын атасының айтқандарын таспаға  жазып алып қалған. Есмұрат атақты әнші, елбасымыздың алдында төрт рет ән салған адам. Сонымен, сондағы отырыста Ғұлам Қадырдың Ергенекті жөнінде айтқаны:

    «Ергенекті дегеніміз маңғолдар. Ергенек дегеніміз Арғы енек, яғни, арғы тұқым. Шыңғыс ханның тоғызыншы бабасы Домбауыл мергеннің әйелі Алан ана Боданжарды Көктің нұры көк бөріден тапқан, сондықтан оның ұрпақтарын  қазақтар Қият Бөріжігіт, маңғолдар Бөржігін дейді екен. Бозқұрттан  Домбауыл мергенге дейінгілер  Арғы енектер. Олар Найманға сіңіп кеткен Қияттар. Қазіргі Ергенекті дегендері осылар».

     Бұл жердегі  ғұламаның  айтқан Бозқұрты Бөрте чино да, Домбауыл мергеніміз – Тобан мерген. Ғұламаның айтқанына қосарымыз, Әлкей Марғұлан Ленинградта аспирантурада оқып жүріп Найман шежіресін мұқият зерттеп еңбек жазғанында: «Ергенекты онайманившиеся другие племена» деп айтқан еді. Кеңес дәуірінде Шыңғыс ханның маңғолдары жауыз атанып жүргенінде, ғұлама ғалым бұлардың түбінің ежелгі (арғы) маңғолдар екенін, наймандарға өкпе болмасын деп, атап айтпай кеткен болса керек.

     Ғұлам Қадыр «Құпия шежіреден» Алан ананың үйінде жүрген Байырқудың жігіті жөнінде білсе де, Боданжардың содан туғанын айтпаған. Естігенін сол қалпында жеткізіп, шежіреге ешбір талдаулар жасамаған. Адамның бетіне қарап тегін айта алған ғұлама, төрелер жөнінде айтқанда: «Қазанбас төре болмайды» деген екен.

Шежірешінің Арғы енек дегенінен біздер Қондыбайдың Арғы Ана дегенді Ұлы баба деп неге айтқанын түсінеміз. Меніңше, Қондыбай Арғы енек дегенді білген, алай да, ғылыми еңбегінде әдеп сақтап айта алмаған. Біздің айтқанымызды, ұлы сөзде ұяттық жоқ деп түсініңіздер.

       Ал енді, Ұлы бабамыз кім болады? Осы жөнінде менің айналамдағы ғалым атақтары бар оралман жас бауырларым екіге тартып отырғандықтарынан кітәбіміз әлі жазылып бітпей жатыр. Бұлардың қолдарында отыз томдық тарих жазатын деректер бар.  Қазіргі таңда бұл найман бауырларымыз әдебиетте, тарихта мүйіздері қарағайдай алтын қор ақсақалымыздардың қастарында жүріп, солардың қоныштарын басып жатыр. Осылар жөнінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәкімбек Салық: «Аламан бәйгеде алдыңғы топқа жақындап қалған ұшқыр сәйгүліктей көзге айқын түсті» деген еді.

      Осылардың деректер бойынша айтқандарында Ғұндардың ұлы патшасы Мөде тәңірқұттың шешесі ғұндардың Қиян тайпасынан шыққан Шеміршек батырдың қызы еді. Қытай еліндегі төрелер, Алаштың арысы Әлихан Бөкейханның: «Мен ғұндардың патшасы Мөденің ұрпағымын» дегенін айтады. Шыңғыс ханның бір құмалағы Алихан Бөкейхан Мөдені айтқанда, оған заманы жақын болған, ұлылардың ұлысы Шыңғыс хан оны білмеді дейсіздер ме?

     Қойшығара Салғараұлының «Үш Шыңғыс» дегендері – Мөде, Әділ, Теміржан (Темуджин). Шыңғыс ханның мемлекет құру, ең алдыңғы әскер жасақтау тәсілі дәл Мөденің тәсілі.  Ұлы баба дегені осы Мөде болса керек.

      Қазіргі маңғолдар «Құпия шежірені» бұрмалаған болса, осыған менің күмәнім де, жоқ емес,  Алан ананың үйінде Байауыттың бір жігітінің жүргенін айтады, өйткені, олардың халқының құрамында Баяд деген тармақ бар. Алай да, бұл Баядтардың түбі халха-тунгус-таңғұт емес, алдыман ойрат-дүрбітке, одан қазіргі маңғолдарға сіңіп кеткен түріктің Байырқулары. Сондықтан да, күллі Адайды арқыратып, Тілеуберді Баядты Байұлына тартқан. Маңғол тілінде Баяд — байлар дегенді бідіреді екен. Осыдан да, біздер Баяуыттың түрік сөзі екенін аңғарамыз. (Бая-ут. Ут- от, ошақ, әулет)

     Осыдан шыққан тұжырым: Арғы енектер, мейлі, Қиянның ұрпақтары болсын, Қиян халха-маңғол болсын, бұлардың Шыңғыс ханның Ару ұрығына ешқандай да, қатыстары жоқ. Өздерін Бозқұрттан бастап таратқан төрелер Боданжардың әкесі ретінде Тобан мергенді жазады.  Бұл барып тұрған жаңсақтық. Көпті білген Әлихан Бөкейхан өзін Мөдеден тарататын болса, онда Боданжардың әкесі ретінде Байауыт Мәлікті айтар ма еді? Арабтар Шыңғыс ханды араб халифасы Аби – Мәліктің ханымы Гүлсарадан неге таратқан? Абдул – Малик ибн Мерванның тұсында арабтар Орта Азияны жаулап алған. Меніңше, шежірені Ислам дінінің пайдасына жазған кейінгі арабтар Боданжардың әкесінің атының Мәлік екенін білген. Қайткенде де, бұл Байауытың тегін адам болмағандай. Сабалақты еске түсіріңіздер. Ол да, қаңғып қалған біреу еді…

    Жас Теміржан тайшыуттардан қашқанда байауыт Сорқанның үйінде жасырынған. Кейін, осы Сорқан Шыңғыс ханның өкіл әкесі аталып, байауыттар Шыңғыс ханның тегінен қыз алуға құқылы болып, олардың тоғыз күнәсі кешірілетін болған.  Бұл жердегі басты мәселе, өзін құтқарғаны үшін Шыңғыс ханның байауыттарды құрметтегенінде емес, бұл жердегі басты мәселе, Шыңғыс ханның барар жер, басар тауы қалмағанда өзінің байауыттарына барып жасырынғанында. Ал енді, осы байауыттар – джадай, кехерин байауыт деген екі тармақтан тұрған. Тағы да, Адай. Адай жүрген жерде қайдағы халха-маңғол? Адай дегеніміз қарт қазақ, яғни, Арғы қазақ. Мөдеден де, арғы қазақ. Орыс ғалымы А.И. Левшин: «Слово Кайсакъ или Касакъ есть испорченное имя Казакъ, котораго древность, как уверяютъ некоторые восточные писатели, восходит далее Рождества Христова» деген еді.

      Ал енді, біздің «Ұлттық энциклопедиямызда» Адайлардың атауы арабтардың Ад тайпасына қатысты аталады. Арабтарда пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) – нан 200 жыл бұрын жүрген Айдайлардағы Қосайлар аталады. Меніңше, Адай дегеніміздегі Ад – тайпаның атауы да, Ай – сөз тудыратын, реңдік мән тудыратын жұрнақ. Яғни, Адай деген сөз Адтық дегенді білдіреді. Мысалы Керей дегендегі Кер — қыр, Ей — сөз тудыратын жұрнақ. Кер дегеніміз қыр, тау, биік, асқақ. Сонда, Керей дегеніміз Қырлық дегеннен болған. (Ә Әдрахманов. «Қазақстан этнотопонимикасы»).

     Осылай болғанда, Адайлардың аты Құран кәрімде аталғандай. «Лұқман» сүресіндегі пайғамбарға теңелген, Аллаһтың қалауымен мың жасаған  Лұқман Хакім осы Ад тайпасынан еді. Алай да, біздер Адайлардың түбін араб деп түсінбеуіміз керек. Қайрат Закариянов мырзаның айтқанында, Азиялық көшпенділер әлемде билік еткен. Шумер, Аккад, Аравия, Америкадағы үндістер, солардың ішінде Майя өркениетін құрған тайпа, осы жерлердің бәріне Азиялық көшпенділер жеткен. Америкалық үндістердің отанының Саян-Алтай таулары екені, олардың тілдері Енисей тобы екендері тарихта дәлелденген ұстаным. Бұлардың барған жерлерінен қайтып келгендері де, болған. Арабтардың Кахин деген сөзін Евразия кеңістігіне Адайлар әкелген болса керек. Сонау Аравиядағы Кахин сөзінің Евразияның солтүстігінде аталған Қахан-Қаған-Хан деген сөзбен ұқсастығы кездейсоқ сәйкестік емес.

     Мен қазақ тайпаларындағы, Манғолия жеріндегі барлық тарақ таңбаларды зерттеген едім.  Төрелердің шежірешісі Арман Қияттың қолында төрелердің таңбасын көрдім. Төрелердің тарағы құйрықты тарақ. Құйрықты тарақ Қазақ тайпаларының ішінде Табында ғана бар. Ал енді, Жалайыр мен Тарақтының Ш – әрпіне ұқсаған таңбалары Шыңғыс ханның таңбасынан пошымы (формасы) жағынан да бөлек, құйрықсыз тарақ.  Адайдың таңбасы көне замандық болған соң, құйрықсыз болса да, пошымы Шыңғыс ханның таңбасымен бірдей.  Осымен қатар, Сатқожаұлының дерегінде Адайлардың түрік дәуіріндегі таңбасы мен наймандағы Матайдың таңбасы бір, Бөрі таңба. (Бөрі жігіт).

     Адайлардың Маң Адай деген де, атаулары болған. Онысы, түйелі Адай дегенді білдіреді.  Алтайлықтарда Ма-Адай, Көк Адай деген мифологиялық батырлары бар. Сонымен қатар Алтайлықтарда Теңіз анадан ұрланып әкелінген бала туралы бір әдемі аңыз айтылады. Теңізі жоқ маңда теңіз туралы айтылып жүргені, Адайлардың Алтайға да, келгендерін білдіріп тұр.  Меніңше, Маң Адай – Ма-Адай дегеніміз наймандағы Матай. Ғабит Мүсіреповтың аңыздан жазып алғандарында, Қазақ хандығын құрысқан матайлық Қаптағай батырдың, мүжіп отырған түйенің басымен біреуді ұрып жібергені айтылады. Қаптағай — Қолдас батырдың лақап аты. Қаптағай сөзі маңғолша жабайы түйенің бурасы дегенді білдіреді. Жабайы түйе аталған, түйенің басын мүжіп отырған Каптағай батыр, түйелі Адайдың нақ өзі болса керек. Матайдағы Қаптағай тармағы бөлек тармақ. Таңбасы «бөрі таңбамен» бірге Ергенеқоңдық Қоңқыраттардың «босағасы». Қаптағайдың аты Дулатидің еңбегінде аталған.

     Енді, қазақ атауының көне түріктің қазғақ дегенінен қалған дегенімді айтқаныма қосымша ретінде бір шабыт. Қазғақ атауының талдауын «Қазақ шежіресіндегі Шыңғыс ханның ата тегі»атты екі порталдағы мақаламнан толық біле жатарсыздар. Сонымен Қазғақ дегендегі Қаз түбірі — еркін, өз бетімен, тәуелсіз дегенді білдіреді. Жас сәбидің Қаз тұрғаны, өз бетімен, ешнәрсеге сүйенбей еркін тұрғаны. «Қаз тұрды» деген сөз неліктен айтылған?

    Бұл сөздің Адайлардың мекені Каспий теңізіне қатысы бар сияқты. Қатты дауыл тұрғанда Каспийдің толқындары таудай болып көтеріліп, сол толқындар тас қалқан жағаға соғылып көбігін аспанға атып жатқанда аққулар жағаға шығып аяқтарына тұрады. Міне, осыны көрген бабаларымыз «қаз тұрды» деп айтқан. Өйткені, айдын көлде жүзіп жүрген аққулардың көрінісі бір бөлек те, олардың аяқтарына қаз тұрғандары бір бөлек көрініс. Аққудың теңізден шыққаны, өз бетімен, еркін тұрғаны. Кейбір зерттеушілердің қазақ дегенді – «страна белых гусей» дегендерінің негізінде осы көрініс жатыр.  Ал енді, маңғол тілінде болса, Ергене қоңнан шыққан Қоңқырат-Хонкират-Хунгиррат тайпасы Хунарат деп айтылады екен. Бұл жердегі Хун – аққу, арат – ел. Яғни, Аққу елі. Осыдан, менің пайымдауымша, қазғақ-қазақ деген атауға Каспий Адайлардың тікелей қатысы бар. Сондықтан да, шежіреде оларды Қарт қазақ деп атаған.

     Наймандардың арасында «Құнанбай айтты» деп, айтылып жүрген аңызда Домбауыл мергеннің Аққу қызға үйленіп, осыдан Қияттың туғаны баяндалады. Бұл аңыздан да, біздер қияттың, қазақтың аққуға қатысын біліп отырмыз. Асан қайғы бабамыз: «Аққу – қантатты құстың төресі» деген екен.

Қайрат Зәріпханұлы Дәукеев, Шежіре жазушы.

Ұлт порталы