#
#
Дүйсенбі 16/07/2018

Арғы ана қонысы

  • 04.05.2018
  • 0
  • 2187

     

«Арғықазақ мифологиясының» авторы, көрнекті ғалым болған Серікбол Қондыбай: «Қазақ дегеніміз – исламның суфийлік және ханифалық ағымы мен қыпшақтанып кеткен ежелгі Вара-Ұрым идеясының бір рухани арнасына тоғысуынан шыққан пенде» деген еді. Міне, осы Серікбол айтқан Вара-Ұрым идеясы жөніндегі  зерттеулерімізге тоқталалық.

Қазақ мемлекеттілігінің тарихына қатысты монгорафиялық еңбек жазғанда тарих ғылымдарының докторлары Мәмбет Қойгелді мен Зарлықан Қиянаятұлы қазақтағы Қаңлы тайпасының атауының Сырдария өзенінің ескі атауы Канка сөзінен болғанын айтқан еді. Ал енді, осы Сырдария өзенінің ескідегі Канка атауының қайдан пайда болғанын  ол кісілер айта алмаған. Кеңес дәуіріндегі тарихшылар да Қаңлы атауының Қаң өзеніне қатысты пайда болғанын айтады. Алай да, қият пен қоңыраттың бір тайпа екенін айтып кеткен ғалым Айтім Әбдрахманов «Қазақстан этнотопонимикасы» атты ғылыми кітәбінде: «...біздіңше, бұл этимологиялар осы мәселені әлі де зерттей түсуді талап етеді» деген екен.

Белгігі көшпендітанушы, қыпшақтанушы ғалым Сергей Кляшторный болса, жас күндерінде жазған еңбектерінде Қаңлы атауының ежелгі көшпенді арийлердің, яғни, турандықтардың Кангха қамалының атауынан болғанының еш күмәні жоқ екенін айтқан еді.  Турандықтардың Кангха қамалының атауы  біздіңше қыпшақ тілінен болған. Шәкәрім қажы мен Нығмет Мыңжанның Қаңлы атауының арбаға қатысты пайда болғанын айтқандары белгілі. Кейбір қазақ тарихшылары да қаңлы дегеннің арбаның дөңгелектерінің «қаңғ», «қаңғ» деген дыбыс шығарғанынан болғанын айтқан. Сонда «қаңғалы» дегенді «арбалы» деп ұғады. Ал енді, орыстардың «Слово о полку Игореве» деген эпостарында: «Крычатъ телеги полунощи, рци лебеди распужены» деген сөздер бар. Яғни, половцы-қыпшақтардың арбаларының дөңгелектерінің сықырлағандары - аққулардың үркігенде шығаратын дауыстарына ұқсайтындарын айтады.  Міне, осыған орай орыс жылнамашылары қыпшақтарды «гуси-лебеди» деп те таңбалаған. Қазақ болса аққу-қаздың бұл дауысын қаңғ, қаңқ, қаңқыл дейді. Сонда, расында да қаңғыл деген сөз ертеде арбалы дегенді білдірген болса керек. Міне, осы қаңғалылар кеткен жерді, яғни, қамалды ежелде Канғалық деп қыпшақ тілінде атап, кейін бұл сөз Кангха болып рекострукцияға түскендей. Арийлер бұл қамалды Кангха-Вара деп те атаған. Бирунидің айтқанында бұл қамалды арийлік Ием патша салған екен. «Авеста» кітәбінен біздер Ием патшаның Вара үйін салғанын көреміз. Демек, бастапқыда бұл қамалдың атауы Вара болған. Кейін бұл қамалға қаңлы-қыпшақтар келген соң Кангха аталып кеткен болса керек. Шежірелік атасы Мүйізді болғанынан біздер қыпшақтарды турандықтардың ұрпақтары екендерін түсінеміз. (тур-бұқа).

Біздіңше, осы әуелгі атауы Вара болған турандықтардың Вара-Кангха қамалының атауынан Фарғана, яғни, Ферғана аңғарының атауы пайда болған. Біздер Шыңғыс ханға қатысты еңбектерімізде айтқандай, Эргене хон дегеніміз де осы Вара-Кангха, Ферғана қамалының атауының бір фонетикалық нұсқасы болады. Яғни, бұл жердегі «Эр» дегеніміз Вараның бұрмалануы да, «гене» дегеніміз Кангханың бұрмаланып айтылуы болмақ.  «Хон» дегеніміз қоныс. Серікбол болса,  «хон» дегенді қоңғ, қаңғ, қаңлы деген еді.  Демек, Эргене хон дегендері ежелгі қаңлылардың Вара-Кангха қонысы болмақ.  Эргене хонның ежелде Жер-Тұмар деген де атауы болған.

 Тарақты Ақселеу Сейдімбектің  тұмар деген сөздің мағынасын ежелгі тілдегі «тума» және «иер» деген сөздерден құралып, туған жер дегенді білдіретінін айтып кеткенін еске түсірелік.  Ал енді, қазақта «тұмша», орыста «томить» деген сөздер қайдан пайда болған?  Екі сөз де түбінде қоршау, жан-жағынан қымтау, яғни, қорған дегенге саяды.  Тұмша пеш дегеніміздің қымталған тандыр пеш екені белгілі. Қазақтың домалақ деген сөзі де шеңбер, «замкнутый круг» деген  мағына  береді. Яғни, бұл сөздің түбірі дом, тұм.  Мұрат Аджи орыс тіліне қыпшақ тілінің енгені соншалықты, тіпті бұл тілдің қыпшақ сөздерінсіз мүмкін емес екенін дұрыс айтқан еді. Орыс тіліндегі «том» деген сөз кітаптың жекеленген бір данасын айтады. Дом дегені үй, ол да бір қорған-қамал. Қазақтар там дейді. Біздіңше, тұмар дегендегі «тұм» түбірі Ақселеу Сейдімбек айтқандай туманы, туғанды  емес, ежелде қамалды, жабық кеңістікті білдірген болса керек. Сонда тұмша деген сөз қамал сияқты, кіші қамал  деген мағына беріп тұр.  Осылай болғанда, тұмар дегеніміз тұм+йер, яғни, қамал жерді айтып тұрғандай. Міне сондықтан да, ежелде бұл Эргене хонды Жер-Тұмар деп те атап кеткен болса керек. Жер-Тұмар деген атауды біздер алтайлықтардың «Маадай Қара» жырынан таптық. Онда Көк-Адай мерген Алтайдан ауып кеткен  Ман-Адайды қырық рудың жерінен (Дешті-Қыпшақ) өтіп барып   теңіздің жағасындағы құмдауыт даладан іздеп (Маңғыстау), ақырында Жер-Тұмар деген жерден табады. Жер-Тұмардың кіре берісінде қатерлі жартастар болған екен. Бұл жартас әрине Эргене хон  оқиғасында айтылған тау шатқалын бітеп тастаған жартас болады. Яғни, бөтендер бұл жартастан аса алмаған. Бұл жерде қазіргі Ферғана аңғарының жалғыз қақпасы айтылып тұр. Ежелгі қаңлылар осы қақпаны жартастармен бітеген болса керек. Рашид ад-дин Эргене Хон туралы: «... кругом которой были лишь горы и леса и к которой лишь с одной стороны узкой и труднодоступной тропы, по которой можно было проити туда с большим трудом и затруднением» деп жазады. «Маадай Қара» жырында да Жер-Тұмарға жартастардың арасымен өтіп кетудің оңай-оспақ іс емес екені айтылады. Ал енді Ферғана аңғарының географиялық сипатында Рашид ад-дин айтқан сияқты: «Ферганская долина почти замкнута (тұм. Қ.З) горными хребтами. Только на западе имеется узкий проход» деп айтылады. «Қазақ Совет Энциклопедиясында» болса: «Ферғана аңғарының әбден қалыптасқан пішіні дұрыс үшбұрышты құрайды, Мырзашөлге қараған жалғыз қақпасы бар» деп айтылады. Бұл жердегі дұрыс үшбұрыштың тұмар екенін айтпаса да түсінікті. Міне, алтайлықтардың жырында айтылған Жер-Тұмар дегеніміз осы болады. Тұмар деген сөздің ежелгі шумерлерге қатысы болуы мүмкін екенін төменде арғын этнонимына қатысты айтатын боламыз.

«Маадай Қара» жырының желісінен Эргене Хон оқиғасының  сақтардың заманында болғанын болжауға болады. Бұл жөнінде толығырақ ғаламтордағы «Жер ұйығы Жеменей» атты мақаламыздан біле жатарсыздар.  Жоғарғы  алтайлықтардың жырынан біздер қаңлы-қыпшақтарды Алтайға, Солтүстік өңірге адайлардың аталарының ертіп әкелгендерін түсінеміз. Сонда Эргене хон оқиғасындағы Қиян мен Нүкүз, түрік дастанындағы Қайан (Каиы) мен Тоғыз (тохуз, дох, дах, дай) дегендеріміздің Қаңлы-қыпшақ пен Адай екендерін ұғамыз. (қаиы-қаңлы).  Қытай тілінде «ну» деген сөз үңгір дегенді білдіреді екен. Ал енді, «күз» дегеніміз ғұз, оғыз болмақ. Сонда Нүкүз дегеніміз «үңгірдегі оғыз» дегенді білдіретіндей. Рашид ад-диннің «Оғызнама» еңбегінен біздер «мовал», яғни, маңғол дегендердің оғыздардың арасынан қуылғандарын аңғарамыз. Қазіргі маңғол этнонимінің ежелгі мағынасы Рашид ад-дин мен Әбілғазы баһадүр хан айтқандай мұң, қайғы болған. Яғни, мұңлы болыңдар, мұңды  алыңдар деген мағынада. Қазіргі адай тайпасының құрамындағы Мұңал руының атауының мағынасы  Рашид ад-диннің: «будьте всегда опечаленными» деп, мұғал-мовал энонимін түсіндіріп кеткен мағынасына дәл келіп тұр. Мұңалдың таңбасы да Шыңғыс ханның таңбасымен бір таңба. Мұңал дегеніміз адай болғанда, Нүкүз дегендері де үңгірдегі, яғни,  тау шатқалындағы адай болмақ. Қытай еліндегі қандас тарихшыларымыздың Нүкүз дегеннің юечжи екенін айтқандары да бекер емес. Ю. Зуев қытай транскрипциясындағы юечжи деген сөздің айтылуының яти, оти, ати екенін айтқан еді. Профессор Еренғайып Омар Ие-тай дейді.  Бұл сөздер әрине, жалайырды емес, адайды еске салып тұр. Нүкүз дегеннің үңгірдегі оғыз, оғыз дегеннің бұл жағдайда юечжи-адай екендерін біздер ежелдегі қытай ақыны Ли-Боның: «Коней небесных род начался, в стране Юечжи в пещерах» деген сөздерінен де ұға аламыз.  Бұл жерде қытай ақыны бұл жылқының қанаттары болғанын айтады. («С драконими крыльями тело»).  Ал енді, қанатты жылқының адай жылқысының атасы екенін бесіктегі балаға дейін біледі.  Адай жылқысының айғырының Каспий теңізінің түбінен ұшып шыққанын айтқан аңыз, бұл жылқы тұқымының юечжи-адайлардың үңгіріне, яғни, Ферғана аңғарына  осы теңіздің жағасынан келгенін меңзеп тұр.  Бұл жерден үңгір мен аңғардың бір ұғым екенін түсінуге болады.  Серікбол болса, жылқы малының бастапқыда айдаһар (дракон) болғанын айтқан еді.

Енді үшбұрышты тұмар жөнінде айталық. Грек мифологиясында үшбұрышты - «өмір қақпасы» деп айтады екен.  Бұл жерде күллі адамзаттың осы үшбұрыштан шыққаны айтылып тұр. Олай дейтініміз, әйел ананың жатыры ежелгі Египеттің барельефтерінде үшбұрыш түрінде бейнеленген екен. Осыған байланысты ғалымдар бұл үшбұрыш таңбаны «символ женского начала» дейді.  Ал енді, жоғарыда айтқанымыздай Ферғана аңғарының физикалық картасынан біздер бұл аңғардың дұрыс қалыптасқан пішінінің үшбұрышқа ұқсайтынын көреміз.  Міне, біздердің ата-бабаларамыздың  түмарды  қастерлегендері осыдан болған.  Сонда, Жер-Тұмар дегенді біздер Жер ананың кіндігі деп ұғамыз. Біздің ата-бабаларымыз картаны, әуеден фотоға түсіруді білмей жүрген кездерінде бұл Жер-Тұмардың үшбұрышты екенін қайдан білген? Яғни, Ферғана аңғарын тұмар деп неге атаған? Әрине, тұмарды олар ежелден келе жатқан аңыздардан білген. Вара қамалын Ием патша үшбұрыш пішінді етіп салып, жер ананың жатырына ырымдаған болса керек. Арийлердің ежелде үшбұрышты үй, қамал салғандарын біздер археологиялық қазба деректерінен де көреміз. Аңызда бұл қамалды Ием патшаның топан судан сақтану үшін салғаны айтылады. Қазіргі таңда көптеген зерттеушілер Нұх пайғамбардың тарихының ежелгі Шумер аңыздарынан ұрланғанын айтады.  Шумерліктердің де топан судан сақтану үшін кемені салғандары  айтылады.  Ал енді, осы кеменің қалдығын ешкім де көрген жоқ. Ием патшаның салған үйінің қалдығы болса, міне, осы Ферғана аңғары болады. Қазақтағы қаңқа деген сөз де осы Кангха қамалына қатысты айтылған  болса керек. Яғни, ежелгі қамалдың   қабырғалары, қаңқасы ғана қалған. Және де қазақтағы «хана», яғни, тұрақ деген сөз де осы Кангха қамалының атынан қалғандай. Ежелгі атауы Канка болған Сырдария өзені осы Ферғана аңғары арқылы ағып жатыр. Аңызда болса, Ием патшаның бұл қамалға су кіргізгені айтылады. Міне, осы Ием патшаның салған үшбұрышты қамалына қатысты, алдыңғыда айтқанымыздай Умай ананың аты пайда болған. Яғни, Умай ана дегеніміз жер ана. Бұл жердегі Умай дегені Иемнің бір фонетикалық нұсқасы болады. Сондықтан да, Орхон тастарындағы суреттерден біздер Умай ананың басында  Жер-Тұмарды білдіріп тұрған үшбұрышты тәжді көреміз.

Енді, шежіре деректерінде айтылған: «Үйсіннің шешесі Арғын қызы Умай» дегенді талдалық. Бұл жерде әрине Үйсіннің шешесі емес, ежелгі үйсіндердің,  яғни, азықтардың бұрынғы отаны айтылып тұр. Шыңғыс хан маңғолдарының Ферғана жақтан келгендерін айтқан Кеңес дәуіріндегі қытайтанушы А.Мункуев Ферғана аңғарын  «бывшие владения үйсунов» деген еді. Бірақ та бұл оқиғалардың нақты қай заманда болғанын кесіп айту әзірше мүмкін емес. Бұл оқиғалар үйсіндер туралы ең алғаш айтқан қытай барлаушысы Жан Шианның заманынан ары 1-3 мың жыл бұрын болуы да мүмкін.   Ал енді, арғын деген сөзде де Вара-Кангха, Фарғана, Эргене деген атаулардың фонетикалық нұсқасына  меңзес бар. Ежелгі Вара қамалының фонетикалық нұсқаларының ор, ур, ар екендерін Серікбол Қондыбай анық айтып кеткен еді.  Сонда арғын дегендегі «ар» – вара болса, «ғын» дегеніміз кангха болмақ. Біз осылай деп айтпас едік, егер де шежіре деректерінде арғынға қатысты Умай аты аталмаса. Сонда, арғын дегеніміз надандар айтқан есектің қодығы емес, Эргене хон тұрағының, Серікбол айтқан Арғы ана қонысының тағы да бір атауы болады. Серікбол марқұм әрине, Ферғананы да, үшбұрышты тұмар таңбаның мағынасын да ашып үлгермеген.    Алай         да, қасиетті, арқалы адам болған соң, Ергене қоңды Арғы ана қонысы деп дәл айтқан екен. Сонда шежіредегі «Арғын қызы Умай» дегені - арғықазақ мифологиясындағы жер ананы, Жер-Тұмарды, Ием салған Вара-Кангха қамалын, ежелгі үйсіндердің байырғы қоныстарын айтып тұр. Осымен қатар, арғын атауы ежелгі үндіарийлердің топан судан сақтану үшін құрастырған Архка атты кеменің атынан да болуы мүмкін. Арғынның түбі арий деп те бекер айтылмаған. Алай да, бұл Архқа атауының да, Ергене Хонның бір фонетикалық нұсқасы екені анық.  Еренғайып Омар Одиссейдің мінген Арго атты кемесінің атауының арғу-арғынға қатысы барын  дұрыс айтқан. Ергене қоң аңызында Кайан мен Тоғыздың архардың ізімен кеткендерімен,  Одиссейлердің осы архар-мериностың алтын жабағысын іздеп кеткендерінде үндестік бар. Және де Одиссей жоғарғы «Маадай Қара» жырында айтылатын, ашылып-жабылып тұрған екі жартастың арасынан ары  өтіп адасып кетеді. Жер-тұмар, Ергене қоң, Вара-Кангханы сай деп алатын болсақ, онда, Одиссей есімі қыпшақ тіліндегі «адас+сай» дегеннен болуы әбден мүмкін.  Қазақ ғалымдары Алпамыстың тарихының да, Одиссейдің тарихымен үндес екенін айтады.  Алпамыс та, Одиссей де, тіпті «Маадай Қара» жырындағы Көк-Адай да, елге келгенде мүсәпірдің кейпін алады. Енді, Вара-Кангханың аңыздарда кемеге айналғаны жөнінде айталық. 

Жақсылық Сәбитов пен Марал Томпиев арғындардың 80 пайызының галлогрупасының G1, яғни, ертедегі шумерлердің кластері екенін айтады. Қазіргі таңдағы зерттеушілер ежелгі шумер тілі мен түрік тілдерінің арасында 400-ге жуық тікелей лексикалық ұқсастықтар бар  екендерін айтады. Мысалы, шумерлер әке дегенді ада деп жазған. Міне, осы ада деген ежелгі шумерліктердің сөзінен қазақтағы ата, орыстағы отец сөздері пайда болған деп айтса болады. Ал енді, Шумер деген сөздің бастапқы нұсқасы жұм+иер болуы мүмкін. Жұм деген сөз жұмық, жұмылу, яғни, оқшауланған, тұмшаланған, бекінген  деген мағына береді. Бұл жұм түбірінен жұмыртқа атауы да пайда болған. («аузы-мұрны жоқ отау». Жер-Тұмар). Түбірі жұм болған жұмақ деген сөз екінің бірі кіре алмаған қасиетті жерді білдіретіні белгілі (жұмық).  Демек, жұм сөзінің мағынасы оқашуланған, қорған, қамал деген мағынаға сәйкес ұғым болмақ. Жоғарыда айтылған тұм сөзінің бастапқы нұқасы жұм болуы да мүмкін. Негізінде жұм сөзі де, тұм сөзі де бір мағына береді. (оқшау, қымта).  Сонда жұм+иер дегеніміз тұм-йер, яғни, қазақтың тұмар сөзінің бір фонетикалық нұсқасы болмақ. Міне, осы жум иер, жұм жер, яғни, шумер  дегеніміз де Жер-Тұмарды айтып тұрғандай.  Қазіргі таңдағы көптеген ғалымдар топан су оқиғасын еврейлер шумерліктердің аңыздарынан ұрлап алғандарын айтады. Біздіңше, тұмар жақтан, яғни, Мысырдағы пирамида жақтан кеткен еврейлердің тарихы да қыпшақтардан ұрланғандай.  Мәселен, Египет патшаларының титулы деген фараон атауының  египет тіліндегі «пер оа», «пер аа» деген сөздерінен болғаны айтылады. Ал енді, Вара атауымен үндес болып тұрған бұл «пер аа» сөзінің мағынасы ұлы үй (великий дом) екен. Ұлы үй деп бұл жерде Ием салған Вара үйі айтылып тұруы мүмкін. Осымен қатар, Ыбырайым пайғамбардың әкесінің аты Фара болған екен, ол Ур деген мифтік жерден шыққан дейді. Ал енді, Серікболдың айтқанында, Ур, яғни, Вара дегеніміз қыпшақтардың мифоэпикасындағы кеңістік болады. Ыбырайым пайғамбардың Орта Азия жақтан шыққаны дау туғызбайды. Бұл жердегі фараон деген сөз Варалық, яғни, орысша варяг сөзінің синонимі болса керек. Және де, басында турандықтардың төтемі болған қара бұқаның қос мүйізі салынған Египеттік Анубис деген кұдайдың суретіндегі қолынан біздер қоралас руының ноқта таңбасын көреміз. Ноқтаның шеңберінің астындағы көлденең сызық, ноқтаны бекітетін тетік болса керек. Бұл ноқтаны египетше нехах, нехаха деп атайды. (нех, нох, ноқта?). Бұл таңбаны біздер арийлердің патшаларының шежіресінен де көреміз. (родовод кеянидов). Тарих атасы Геродот болса, скифтерге аспаннан ноқтаның түскенін айтып, осыдан кейін олардың «патшалық  скифтер» (сақтар) атанғандарын жазып кеткен еді.   Сондықтан да, жартылай мифтік Кай әулетінің патшаларының бәрінің де таңбалары осы ноқта таңба болады.  Сонда, біздің қай+сақ деген атауымыз – патшалық сақтар, Кай әулетінің ұрпақтары екенімізді айтып тұр. Бұл ноқта  таңбаны қазақтар надандықтан шөміш атап кеткен. Ал енді, шумерлердің арийлер  болғандары  анық. Шумер тарихын зерттеушілер олардың Орта Азия жақтағы таулы өлкеден келгендерін айтады. Шумерліктер«ел» және «тау» деген сөздерді бір таңбамен таңбалған  екен. Ал енді, Вара-Кангханың тау шатқалы екені белгілі. Және де, шумерліктер әйел дегенді ортасында сызығы бар дұрыс үшбұрышты таңбамен таңбалаған екен (тұмар таңба). Осыған дейін неше мың жыл бұрын дүниеге келген еврейлердің Мүса пайғамбары ғалайыссаламының алдында, теософ-жазушы мадам Блаватскаяның айтуынша, Вара үйі мен топан су туралы аңыздар жатты. Қасиетті кітапті Мұса  пайғамбар ғалайыссаламның жазғаны рас болса, онда, ол кісі Нұх пайғамбардың кемесін ойлап тапты.  Алай да, пайғамбар болған соң ақиқаттан алыс кетпеу үшін бұл кеменің келген жері – Құтқарушы тауды, яғни, Вараны айтты. Атауының басты нұсқасы «қазық ұрды» болған Қазығұрт тауының Ферғана аңғарының маңында тұрғаны да көп нәрсені аңғартады.  Міне, осылайша, Вара-Кангха атауы Архка, Арго атты кемелердің атына айналған болса керек. Серікбол Қондыбай шежірелік Майқы би атының да Умай анадан болғанын айтқан еді. Сонда, «Түгел сөздің түбі бір – түп атасы Майқы би (Ием-Умай-Май)» деген сөздер кең мағынада қыпшақ тілінің әлемдегі тілдердің түп атасы екенін айтып тұр. Және де, қыпшақ тілінің Вара үйінде пайда болғынын болжауға болады. Египеттік қасиетті қара бұқаның маңдайындағы дұрыс үш бұрышты ақтаңлағынан біздер мысырлықтардың да түбінің арий-турандықтар екендерін түсінеміз. «Қазақ өркениетінің негізі» атты кітаптың авторы Еренғайып Омар ежелгі шумерліктердің астанасы Ұрықты гректер Орхон деп атағандарын айтады. «Орысты жиып ел қылған варяг-қыпшақтар» атты мақаламызда біздер Орхон, Аргунь, Енисей (Ене сай), Амур (Ием+ор) деген жер-су атауларының Вара-Кангха қамалына қатысты аталғандарын айтқан едік.  Яғни, солтүстікке келген қыпшақтар тарихи отандарының құрметіне жер мен суға осы атауларды берген. Бабаларымыз  Жер-Тұмарды Тескентау, Қарақантау  деп те атаған. Серікбол Қондыбай «Алпамыс» жырындағы «Қарақан тауда қамалым» деген сөздердің қаңлыға қатысы барын айтқан еді. (қара қаңлы).

Рашид ад-дин өзінің еңбегінде: «Примерно за две тысячи лет назад до настоящего времени у того племени которое в древности называли монгол, случилась распря с другими тюркскими племенами и закончилась сражением и войной» деп, осыдан кейін Киян мен Нүкүздің Эргене хонға кетіп қалғандарын айтады. Бұл жерде Рашид ад-дин түрік тайпаларының өзара қырқысып маңғол дегендерге жабылғандарын айтады. Ал енді, «Оғызнама» еңбегінде жылнамашы маңғол атауының мағынасының «возьмите печаль» (будьте всегда опечаленными), яғни, мұң+ал екенін түсіндіргенде, бұларды да басқа тайпалардың жабылып араларынан қуып жібергендерін айтады. Және де, оларға «құстың етін ғана жеңдер» деген қарғыс айтылады. «Құпия шежіреде» болса, Шыңғыс ханның бабасы Боданжарды да ағайындары өкпелетіп, ай далаға құстың етін жеп күн көруге қоя береді. Алтайлықтардың жырында да Ман-Адайдың Алтайдан қуылып бір теңіздің жағасындағы құмдауыт жерге кеткені айтылады. Әрине, бұл жерде құс қыстайтын Каспий теңізі айтылып тұр. Алай да, артынан іздеп барған Көк-Адай оны Жер-Тұмардан, яғни, Эргене хоннан табады. Эргене хон Мавреннахрда болғанда, Шыңғыс хан тунгустардың (ойрат-маңғол) ұрпағы болуы мүмкін емес. Тунгус қайда, Ферғана қайда?  Рашид ад-дин Ергене қоңға кеткендерді мағол дегенде, сол заманның үрдісі бойынша, күллі түрік-қыпшақты айтқаны еді.

 Қайрат Зарыпхан,

Шежіретанушы. Өскемен.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар