12 мау, 2019 сағат 10:40

"Әрдайым Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғаймын" - Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел басшылығында қандай жұмыстарды қолға алатынын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлау кампаниясы кезінде мен еліміздің біршама өңірлерін араладым. Менің саяси платформам - біздің азаматтардың басты талаптарына жауап болады. Ең алдымен, мен Қазақстанның үшінші жаңғыруы бағытында, Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мен біздің мемлекеттің басқа да стратегиялық маңызды жұмыстарымен айналысамын. Басқаша айтқанда, мен Елбасының стратегиясын жүзеге асыру үшін жұмыс істеймін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекет дамудың жаңа деңгейіне шығу үшін жаңа амалдар мен шешімдер керектігін тілге тиек етті.

«Олардың барлығы жақында жарияланады. Екіншіден, өөзекті әлеуметтік мәселелермен, барынша мұқтаж жандарға көмектесу ісімен айналысуды көздеп отырмын. Үкіметке бұл салада үздік нәтижеге жету амалдары тапсырылды. Бізге әлеуметтік саясатты салмақты түрде жаңарту керек. Үшіншіден, қазақстандық кәсіпкерлерге қолдау білдіремін. Инвестиция тарту мен оларды қорғау, іскерлік белсенділікті жігерлендіру, орта класты қалыптастыру көзделеді. Төртіншіден, менің мақсатым - қоғамның бірлігін қамтып, әрбір азаматтың құқығын қорғау. Ең бастысы - әрдайым қайда болмасын Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғайтын боламын», - деді Президент.

Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықты жою мәселесіне тоқталған Президент: "1 қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық - мемлекеттің дамуын тежейтін кесел", - деп ерекше атап өтті. 

"Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді. Ант берген сәттен бастап жаңадан сайланған Президент ресми қызметiне кiрiскен болып саналады.