12 жел, 2019 сағат 12:47

Әрбір шенеунік халық үшін жұмыс істейтіндігімізді ұмытпауы керек - ҚР Президенті

Әрбір шенеунік халық үшін жұмыс істейтіндігімізді есте ұстауы тиіс. Бұл туралы бүгін Ақордада бірқатар азаматқа мемлекеттік наградаларды тапсыру барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Біз бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын біртіндеп арттырып келеміз. Бұл ұстаздар қауымына, дәрігерлерге және мәдениет саласы мамандарына қатысты. Мысалы, келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өседі, ал жалпы 4 жыл ішінде олардың жалақысы 2 есеге артады. Көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар әрдайым мемлекеттің қамқорлығында болады. Біз әлеуметтік мемлекет екенімізді ешқашан естен шығармаймыз», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, өзгеге қолдау көрсетіп, қол ұшын беру, көмектесу - халқымыздың қанына сіңген қасиет. Бұл - біздің ұлттық кодымызда бар нәрсе.

«Әрбір шенеунік біздің халықтың бөлшегі екендігімізді, халық үшін және халықтың арасында жұмыс істейтіндігімізді есте ұстауы тиіс. Еститін мемлекет – бұл бюрократияның ең нашар көріністерінің де болмауы және цифрландыру негізінде барлық процедуралардың ашықтығы. Мемлекеттік билік жүйесіне басқарушылардың жаңа толқынын тарту қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл бағытта алғашқы қадамның жасалып, президенттік жастар кадр резерві жасақталып жатқанын еске салды.

«Жас кәсіби мамандар мемлекеттік басқару жүйесінің жауапты учаскелеріне жіберіледі», - деді Мемлекет басшысы.