17 қаң, 2018 сағат 21:29

Араққа масайған азамат ағасын өлтіргенін мойындады (Видео)

Тентек суға сылқия тойып алған Алматы облысының тұрғыны тоғыз ай бұрын өзінің ағасын өлтіргенін мойындаған. Қаскөй жасаған қылмысы туралы тәртіп сақшыларына өзі телефон соғып, айтып беріпті. 

Жаңажылдық мерекелерден соң Үштөбе ауылының тұрғыны тәртіп сақшыларына хабарласып, осыдан он ай бұрын ашумен 47 жастағы мүгедек ағасын өлтіріп алғанын айтқан. Ол туысының кеуде тұсы мен мойнына бірнеше жерден пышақ ұрыпты. Жарымжан кісі алған жарақатынан сол жерде жан тапсырған. Ал күдікті мәйітті үйдің жертөлесіне көміп тастапты.    

Сергей есімді күдікті әкесі және марқұм туысы - үшеуі бірге тұрып жатқан. Үш бойдақ ішімдікке тым жақын болған. Бұлар кезекті бір думанды отырыс болған күннің ертеңіне бас жазып жатқанда жанжал шыққан. Арты қайғылы аяқталып отыр. Көршілердің айтуынша, қаза тапқан кісі өте жуас әрі ешкімге зияны жоқ азамат болған. Оның кенеттен көзден таса болуы ауылдастарының да күдігін тудырыпты. Бірақ қаскөйлік жасаған азамат аттас ағасы Алматыдағы ағайындарға кетті деп елді алдап келген.  

Антонина Гореева, күдіктінің көршісі:

- Күнде жүрген адам кенеттен жоқ болып, сол күйі оралмады. Сергейден сұрасақ, әлгіндей жауап айтады. Мұндай қылмыс жасағандарды Құдай жазасыз қалдырмайды. Оның мойындағанына шүкір деу керек. Егер мүлдем айтпаса қайтер еді? Бұл іс сол күйі жабулы қалар еді ғой.

Ал, полицейлер Сергейдің өзі хабарласып, қылмысын мойындағанына аң-таң. Күдікті телефон соққанда удай мас болыпты. Әрі елес жайында жиі-жиі қайталай берген.

Дамир Аманжолов, Қаратал аудандық ІІБ бастығының орынбасары:

- Оның 102-ге хабарласып, адам өлтірдім дегеніне ешкім сенбеді. Бірақ біздің қызметкерлер барғанда ол бірден жертөлеге көмілген мәйітті көрсеткен. 10 айда марқұмның денесінің тек сүйегі ғана қалыпты. Ал, араққа тойып алған өзі марқұмның жиі түсіне кіріп, маза бермейтінін айтқан. 

Қазір марқұмның денесі сараптамаға жіберілген. Ал ағасын өлтірген Сергейдің үстінен адам өлтіру бабы бойынша іс қозғалды. Енді ол 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ өзі келіп кінәсін мойындауына байланысты жазасының жеңілдеуі де ықтимал.