19 жел, 2016 сағат 21:13

Анкарада Ресей елшісіне қастандық жасалды (Видео)

Түркиядағы Ресей елшісі Андрей Карловқа 19 желтоқсан күні Анкара қаласында қастандық жасалды. Түркиялық NTV телеарнасының хабарлауынша, көркемсурет галереясы ішінде "Анкара полицейі Мевлют Мерт Алтинташ" деп сипатталған шабуыл жасаушы  Карловқа оқ атқан.

Hurriyet газетінің ағылшын тілді вебсайтының жазуынша, елші Андрей Карлов галереяда өткен мәдени шарада сөз сөйлеп тұрғанда оқ тиіп жараланған. Кейін белгілі болғандай, ол көп ұзамай ауруханада көз жұмған. Қастандықтан соң ғимаратты Түркияның арнайы жасағы қоршап алды. Полицейлер оған шабуыл жасаған адамның көзін жойған.

Ресей СІМ өкілдері Түркиядағы елшінің қастандықтан қаза болғанын растап үлгерді. "Бұл күн - Ресей Федерациясының тарихындағы қасіретті күндердің бірі. Анкарада қоғамдық іс-шарада Ресей Федерациясының елшісі Андрей Карловқа қастандық жасалып, ол қаза тапты", - деп хабарлады Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова.

Ол Андрей Карлов қаза тапқан Анкарада болған оқиғаны "террористік акт" деп атады. "Оқиғаны "террористік акт" деп танимыз. Түрік ресми өкілдерімен байланыстамыз, олардан жан-жақты тергеу жүргізілетіні жайлы хабар алдық", - деді СІМ өкілі.

Сонымен қатар, түрік билігінің Ресейдің Анкарадағы елшілігінің күзетін күшейткені хабарланып отыр. 

Ал Мемлекеттік думаның өкілдері РФ-ның Түркиядағы елшісіне жасалған шабуылды екі елдің арасындағы қарым-қатынасты бұзу үшін жасалған деп мәлімдеп, осы қылмысты жан-жақты тергеуге алу керек екенін атап өтті.

Ресей мен Түркия - Сириядағы азаматтық соғысқа араласқан елдер. Бес жарым жылдан астам уақытқа созылған соғыс кезінде Ресей Сирияның автократ президенті Башар Асадты қолдап, былтыр оппозициялық көтерілісшілерге қарсы әскер кіргізді. Түркітілдес аз санды этностардың қауіпсіздігін сақтау деген желеумен Түркия да Сирияға әскер кіргізіп, шекараның екі бетіндегі күрд жасақтарына қарсы операция жүргізіп жатыр. Елден екі миллион сириялық босып кетті.

Бірқатар жетекші әлемдік БАҚ-тың жазуынша, "елшіге түрік полицей Ресейдің Алепподағы іс-әрекеті үшін шабуыл жасағанға ұқсайды". Өнер галереясында жасалған шабуыл кезінде бірнеше адам жараланған. Бір күн бұрын Түркияда Ресейдің Сирия президенті Башар Асадты қолдағанын айыптаған қоғамдық наразылық акциясы өткен.

Дипломаттың денесі жеткізілген аурухана алдында журналистерге сұхбат берген Анкараның мэрі Мелих Гокчек "бұл қастандық Түркияның Ресеймен қарым-қатынасын бұзуды көздеген" деді.

Ұлт порталы