#
#
Cәрсенбі 01/04/2020

Ана тіліміздің қадірін білейік

  • 03.08.2017
  • 0
  • 5017

«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген екен атам қазақ. Қанша тіл білсек те өзіміздің ана тіліміздің дәрежесін олардан биік қоюымыз керек. Олай болса, тілді құрметтеуді өзімізден бастауымыз қажет. Өз жерімізде өзіміз ана тілімізді қастерлеп, қазақша сөйлессек, өзге ұлттың азаматтары да бізге еліктеп, үлгі алатын болады.  Егер де біз тілді шұбарлап, не орыс тілінде, не болмаса ағылшын тілінде сөйлеп тұрсақ, сырт көз – сыншы емес пе, «өз тілін менсінбеген қазақтың ана тілі кімге керек?!» деуі әбден мүмкін. «Әуелі өздерің қазақша сөйлеп алыңдар» дейтіндері де табылатынына күмәніміз жоқ.

Алаштың ардағы Міржақып Дулатов өз заманында-ақ «Қазақ тілінің мұңы» деген еңбегінде: «Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, ділмар, бабаларымның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жарға соққан толқындай екпінді едім. Енді мен қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын, жасыдым, мұңайдым…» деген екен. Міржақып бабамыз өз заманында-ақ тілдің тағдырын осылайша суреттеп, тілдің болашағын ойлап, толғанған. Одан бері де қилы заман өтті, тіл де талай-талай тауқыметті басынан кешірді деуімізге негіз бар. «Сол кезде кірленіп-былғанған, жасып-мұңайған, бүгінде кейбіреулер менсіне қоймайтын ана тілімізді ертеңгі келер ұрпаққа қандай күйде аманаттаймыз?» деген ой баршамызды мазалауы тиіс.

Әркімнің сауатты жазуы, әуезді сөйлеуі – ана тіліне көрсетілген құрмет болса керек. Солай бола да береді.

«Атағыңды өсіретін де, өшіретін де – тіл» деген нақыл сөз барлығымызға да қатысты. Үлкенді-кішілі жиналыстарда ел тізгінін ұстап жүрген азаматтарымыздың сөйлеген сөзіне көпшілік іштей баға беріп отыратыны айтпаса да түсінікті. «Бізге ана тілімізден асқан тарихи мұра жоқ. Ендеше, оны жан аямай қастерлеуден асқан парыз жоқ» деген Елбасымыздың сөзін жадында ұстаған Кербұлақ ауданының әкімі Бағдат Байшалұлы Әлиевтің әрбір жасаған баяндамасын аудан тұрғындары сілтідей тынып, сүйсіне тыңдайды. Бұл – шындық. Өйткені ол біріншіден, отыз-қырық беттен тұратын баяндаманы оқып, созбақтап, өзінің де, өзгенің де алтын уақытын алмауға тырысатыны, екіншіден, сөз арасында керекті асыл сөздерді дәл қолданып, түсінікті қарапайым тілімен сөйлейтіні – көптің көңілінен шығуда. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын», «Жақсының жанында жүрсең, шарапаты тиеді» дегендей, сөзімен де, ісімен де көпке үлгі бола білген Бағдат Байшалұлына аудан тұрғындары ризашылықтарын білдіруде.

«Ана тілі – халық болып жа­сал­ғаннан бері оның жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерек» деп Алаштың ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, үлкен-кіші, бәріміз, ұлттың жаны — тілдің қадірін түсіне білейік.

Айнаш ҚАСЕНОВА

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар