16 жел, 2016 сағат 10:52

Әміржан Қосанов. Желтоқсан. Тәуелсіздік. Жаңаөзен

Ертең 17-желтоқсан. Осыдан тура 30 жыл бұрын - 1986 жылы 16 желтоқсанда Қонаев орнынан алынып, Мәскеу қазақтың басшысы ғып, ешкімге белгіміз Колбинді әкеліп, таққа отырғызған күн.

Ол шешіммен келіспеген қазақ жастары 17-18 желтоқсан күндері алаңға шығып, ұлттық республикаларды басып-жаншып, ұлттық санасы ұйықтап жатқан КСРО-ны дүр сілкіндірген күн. Қаншама қан мен жас төгілді, қаншама өмір мен тағдыр қиылды! Осы күндер - Желтоқсан құрбандарын еске алатын күн.

Сонымен бірге, 16- желтоқсан ресми тұрде Қазақстанның ең үлкен мерекесі - Тәуелсіздік күні, Тәуелсіздіктен асқан не бар?! Өз басым ағымдағы өкіметті, саяси жүйені қанша сынасақ та, Тәуелсіздік, Бостандық, Азаттық, Ел және ортақ Мемлекет деген киелі ұғымдардың алдында тік тұруымыз қажет, оның рәміздерін сыйлауымыз керек деп ойлаймын. 
Сондықтан да мереке де құтты болсын! Санамыз бен баламыз да тәуелсіз болсын!

16 желтоқсанның тағы бір қаралы реңкі бар; осыдан тура 5 жыл бұрын билік Жаңаөзенде қанды қырғын ұйымдастарып, тапа-тал түсте бейбіт адамдарды қырып салды! Олардың да әруағы әлі де бізге риза емес!

Бұдан бұрын айтқан ойымды тағы да қайталаймын.
Желтоқсанның осы екі күні қазақты қиын жағдайға тап қылып отыр: әрі қаралы күн, әрі мейрам. Мешітке барып, құрбандарға Құран бағыштаймыз ба, әлде Тәуелсіздік тойын тойлаймыз ба? Сондықтан Тәуелсіздік мерекесін кезінде бұрынғы Республика күні - 25-қазанға ауыстыру керек деген едім. Сол дұрыс сияқты.

Әйтпесе, жыл сайын Желтоқсан мен жаңаөзен трагедияларының қарсаңында барша студентті ауылына қайтарып жатқан бидіктің ішкі ойын баршамыз да түсінеміз ғой. Тек өзін кінәлі санаған билік қана сондай қадамға барады!

Бүгін билікке саяси, тарихи және моральдық тазару - катарсис керек! Оны Желтоқсан мен Жаңаөзеннен бастау қажет! Тойлап, масайрап жүріп катарсис жасалмайды!

Желтоқсан мен Жаңаөзен туралы ешқашан да ұмытпайық! Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Әміржан Қосановтың фейсбуктегі жазбасынан