18 шіл, 2018 сағат 08:11

Әміржан Қосанов. Тиін, тиын һәм тыйым туралы

«Атың шықпаса – жер өрте». Немесе қаланың қақ ортасына сабаннан жасалған, бойы аспанмен таласқан тиіннің ескерткішін орнат.

Таяуда Алматы қаласында ашылып, сол сәтте әлеуметтік желілердің басты ньюсмейкеріне айналған осы «өнер нысанына» қатысты ойымызды дәл осылай, қысқа да нұсқа қайырып, сөзді тәмамдауға да болар еді...

Орнатылар ескерткіш орнатылды. Оған кеткен қаржы да бір, атылған оқ та бір, – кері қайтара алмайсың. Бүкіл ел у-шу боп қарсылығын жасырмай талқылап жатқанда үнсіз қала алмадық. Себебі дәл осы мәселеге қатысты әлеуметтік салмағы батпандай біраз сауал туындайды.

Біріншіден, неліктен қала бюджетінен жалпы сомасы 23 миллион теңге (рас, оның 8 миллионы жекенікі дейді) дәл осы нысанға жұмсалған? Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзілердей күн кешіп жатқан шақта дәл осы соманы басқа, бұдан анағұрлым маңызды шаруаларға неге шығындамасқа? Қазір қоғамның көкірегі ояу, көзі ашық. Әсіресе бюджеттің шығындарына қатысты кез келген ақпаратқа жұртшылық ерекше ыждағаттылықпен қарайды. Өйткені бюджет басқаның емес, өзінің, яғни салық төлеушілердің қаржысы екенін біледі. «Тиіннің лоббистері» осы жайтты естен шығарып алғандай. Жағдайы жақсы болса, басқа мәселелер ентелеп тұрмаса жұртшылық та бұлай ызаланбас еді. Ең болмаса қала бюджеті емес, жеке кәсіпкердің ақшасы болсашы... Біреудің қалтасынан шыққан ақша үшін бұлай шуылдап отырмаған болар едік.

Осындай дүдәмал шешім қабылдап жатқанда шенділердің ішінен «әй, осымыз қалай, халық не айтады?» дейтін бір адамның табылмағанына налисың.

Екіншіден, қазіргі заманда қаланы көркейтудің небір креативті, тіпті қарапайым елге түсініксіз болса да, мәдени құндылығы жоғары жолдары бар. Әлемдік тәжірибеде де тосын мысалдар жеткілікті. Жаңашылдыққа, соның ішінде алғашында қораш көрінсе де, кейін өз қолдаушыларын тауып, лайықты бағасын алатын жобаларға жол ашық болуы тиіс. Бәлкім, флора мен фаунаның бір өкілі ретінде тиіннің де еш жазығы жоқ болар, бейнесі де соншалықты құбыжық емес дегендей. Қалаға сән беріп жатса, орната берсін ғой, бірақ неліктен дәл осы жоба алдымен көпшілікке ұсынылып, кеңінен талқыланбады? Интернет дамыған қазіргі зымыран заманда осы (және басқа да) жобаны талқыға салып, жұртпен ақылдасу ешқандай да қиындық туғызбас еді ғой. Ағаттық па, әлде қала тұрғындарының пікірін місе тұтпай ма? Әкімдерді сайлай алмаса да, тұрғындар мемлекет қаржысының қайда жұмсалатынын қадағалауға қақылы ғой.

Үшіншіден, қоғамдағы наразылықтың асқынып, шарықтау шегіне жеткені соншалық – бүгінде биліктің кез келген шешімі мен қадамына қалың жұртшылық біржақты күмән және күдікпен қарайтын болған. Мәселе тиінде емес, мәселе – халықтың осындай көңіл күйінде. Тиін тырнағының астынан кір іздеудің керегі жоқ, «құланның қасуына – мылтықтың басуы», онсыз да билікті атарға оқ таба алмай отырған сыншыл қауымға бұл өзі жақсы сылтау болды. Әйтпесе қайда шашылмай жатқан ақша, қайда кетпей жатқан бюджет...

Төртінші себептің кадрлық, мансаптық астары бар. Соңғы кездері, бізде шенділердің жұмысына баға бергенде, оның өз саласындағы жетістіктеріне немесе аймақтағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне емес, «әлемнің жеті ғажайыбы» болмаса да, «аймақтың ғажабына» лайықты құрылыс нысандары алдымен ескерілетін болып жүр. Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда барады, бұл да жоғары жақтан жұққан бір кесел сияқты. Жұртты даурықтырып, көзді алдайтын, елді алдайтын әлдебір ғимарат немесе мүсін орнату – «жұмыс істеп жатырмын» дегенге жақсы.

Бұл себептерге септес басқа да жайттар бар.

Мәселен, қазір ақпарат пен пиар саласында әртүрлі жорамалдар айтылып жатады. Соның ішінде соңғы кезде қоғамдық санаға біршама орнығып қалған бір көзқарас бар. Яғни бізде кез келген елең еткізер оқиғаны билік халық назарын қоғамда болып жатқан бұдан да өткір проблемалардан басқа жаққа аудару үшін ойлап табады-мыс. «Сан тимеске сан тиді, таба-таба нан тиді», бір сәтте атағы жер жарып, әлемге әйгілі боп кеткен тиін мүсінінің пайда болуына қатысты да тура осындай долбар айтылып жатқаны рас. Бірақ өз басым оған сенбеймін, халықты алдандыра тұрады дейтіндей емес, тиін қазақтың табиғатына соншалықты жақын жануар емес, тіпті жыл атауларының ішінде де жоқ. «Түйенің жегені – жантақ, тиіннің жегені – жаңғақ» деген бертін келе пайда болған мәтелден басқа дәнеңе де таба алмайсыз.

Бірақ шетелдік арт-хаустық сәулетші бұл туралы білмейтін шығар. Әйтпесе ескерткіштің таныстырылымында қазіргі алматылықтарға етене жақын жануарлар ішінде ол «егеуқұйрықты» да атапты ғой. Елдің назарын аударғысы келсе, жұрттың сорына айналған сол кеміргішті таңдамады екен? Ең болмағанда қалада апаттық жағдай туғызып отырған егеуқұйрықтардың көзін құрту тақырыбы көтеріліп, әлеуметтік әрі экологиялық маңызы бар мәселе сөз болар еді.

Қарап отырсаңыз, төбесі көкке екі-ақ елі жетпей тұрған нақты мүсін ретінде тиін Қазақстанда орын алған үлкен саясаттың бір символына айналып отыр. Бір инсталляцияның 13 метрлік бойына бүгінгі биліктің барлық қадір-қасиеті сыйып тұр. Оның ішінде – қоғам пікірін елемеу, «бекер мал шашпақтық», санаға сыймас сюрреализм, сәулет өнерінің емес, саяси пиарға айналған гигантомания, өнер мен мәдениет саласындағы талғамның төмендігі. Тиін ештеңе емес, Астанадан бастап, облыс, аудан орталықтарында көңілге қонымсыз, төбеден жай түскендей әсер қалдыратын шығармашылық және саяси волюнтаризм мен субъективизмнің «тамаша» монументтік үлгілері баршылық емес пе?!

Талғамсыздықтың бір ұшы «шетелде осындай үлгі бар екен» деп, әйтеуір, бірдеңені көшіріп ала қойғыш бас билікке тиеді. Отандық таланттар істейтін шаруа таппай сенделіп жүргенде, біздікілер шетелдіктерді дәріптеп қоймайды. Әйтпесе қазақтың қай мүсіншісіне жылқының не түйенің инсталляциясын орнатуға оңтүстік астананың төрінен осындай орын беріп жатыр?! «Ауыл итінің құйрығы қайқы» деуші еді, бізде бәрі керісінше.
Мәселенің қаржылық жағы тағы бар: тасбақаның аузынан шөп алып машықтанып алған шенділер тиіннің аузынан жырып та нәпақа тауып жатқан жоқ деп кім айта алады?..

Меніңше, аталмыш тиін – жай ғана мүсін емес. Ол – осы жылдар бойына жүзеге асып келе жатқан мемлекеттік саясаттың нақты жемісі, мәдениет, сәулет, өнер саласының жеткен жері. Егер де осы иіні қанбаған икемсіздеу инсталляцияны біз дәл осылай қабылдасақ (қоғам солай қабылдаса!), онда бұл мүсін лас, бірбеткей де былғанышты саяси конъюнктура араласқан мәдениеттің гротесктік, трагикомедиялық жарқын бейнесі ретінде тұра берсін. «Тобылғы ұялғанынан қызыл болыпты» дейді ғой, бәлкім, алматылық арт-хаус үлгісінің осы астарын түсінген баз біреулердің де бетіне қан жүгіре бастар...

P.S. Жалпы, «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деп атам қазақ жайдан-жай айтпаған ғой. Шетелдік маман кешегі совет фольклорында орыс ағайын дәл осы тиінді араққа шамадан тыс салынып кеткен адамдарға қатысты ащы мысқыл ретінде теңейтінінен бейхабар болар. Әйтпесе Алматы сынды ару қаланың қақ төрінде орын алып, тұрғындарға жаңаша, заман талабына сай көңіл күй сыйлауға лайықты басқа да жан-жануар табылмай қалды дейсіз бе?

Әміржан Қосанов,

"Жас Алаш" газеті