12 мам, 2019 сағат 19:49

Әміржан Қосанов сайлау науқанын Мағжан Жұмабавтың туған жерінен бастады

Бүгін «Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің атынан президенттікке кандидат Әміржан Қосанов Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданы Булаево қаласының орталық кітапханасында сайлаушылармен кездесті.

Штаб өкілдері батыр Баян мен Мағжан Жұмабаевтың ескерткішіне барды. Тұрғындармен кездесуде кандидат өзінің сайлауалды тұғырнамасының басым бағыттарымен таныстырды. Сондай-ақ ол солтүстік өңір тұрғындарының  сауалдарына жауап берді. 

Кездесу туралы кандидат Әміржан Қосанов: «Сайлау науқаны алғашқы күнінің алғашқы кездесуін ұлы ақын Мағжан Жұмабавтың туған жерінде өткіздім. Менің бағдарламамда Алаш Орда идеясын мемлекеттік идеяның ұстыны ету туралы бап бар. Мағжан ақын Алаш Орда үкіметінің көсемдерінің бірі болған. Басты символизм сонда! Оның үстіне саясаткерлер көбінесе орталықтағы қалалармен шектеліп жатады. Ауылға да барып тұру керек! Әр кездесудің өз орны бар. Мына кездесу Ресеймен жақын орналасқан, басқа ұлт өкілдері баршылық қалада өтті. Сондықтан орыс тіліне де жүгініп отыруға тура келді. Әр кездесуден видео жіберіп отыру парыз емес шығар. Өйткені бағдарлама туралы әңгіме қайталанып отыруы мүмкін. Сондықтан осы месседжімді барша Қазақстанға, оның үлкенді-кішілі қалалары мен шалғайдағы ауылына арналған хабар деп білерсіздер», деп жазды желідегі өз парақшасында.

Айта кетсек, үміткердің СҚО өңіріндегі тағы бір кездесуі ертең, яғни 13 мамыр күні сағат 10-30-да Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылында өтеді деп жоспарланған.