13 сәу, 2017 сағат 06:57

Әміржан Қосанов. Елбасының мақаласын оқығаннан кейін туған ойлар

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҰЛТТЫҚ ТАҢДАУЫ МА, ӘЛДЕ?...

Немесе елбасының мақаласын оқығаннан кейін туған ойлар

Президенттің бүгін жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы, сөзсіз, мемлекеттің рухани өмірдегі саясатындағы басты бағыттарға жаңаша және, ең бастысы, жария басымдықтар беріп отырған дүние. 

Қанша биліктің сыншысы болсам да, онда айтылған көптеген дүниемен, соны идеялармен келіспеу, оларды қолдамау мүмкін емес. Өйткені, қоғам қазанында бұрқ-бұрқ қайнап жатқан біраз мәселенің басы шалыныпты.

Жалпы алғанда, рухани өмірдің біраз саласына көңілге қонымды баға берілген. Әсіресе, ескі мен жаңа секілді философиялық категориялардың нақты өмірге телініп айтылуы, қазақ ұлтының проблемаларының ашық та бүкпесіз жазылуы президенттің өз аузынан шығуы – мықты сигнал. Түсінген адам оны түсінеді.

Сондықтан да өз басым іштей тынып жүрген «ватниктер» енді ашықтан-ашық бас көтермесе де, өзінің қарсылығын танытатынын сезіп отырмын. Ол да жақсы: кім кім екенін көрсетіп қалады!

Мақалаға берілген осы жалпы бағаға қосарым мыналар.

Ұлттың рухани коды туралы жақсы айтылған. Бірақ батыстық үлгіге деген біртүрлі скепсис бар секілді: «XХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу».

Президент: «Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», - деп түйіндейді бұл ойын. Бірақ, қалыптасқан осы жағдаятқа соңғы кезде «жаңғыру» туралы ұранды керекті, керексіз жерге тықпалай беретін шенеуніктерді өзі кінәлі емес пе: бір заңға бір сөз енгізсе, «жаңғыру» не «реформа» боп шыға келеді!

Батыстың дәстүрлерінің озығы да, тозығы да бар мен президенттің: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деген сөзімен толық келісемін!

Әсіресе, «Дат, тақсыр!» деген сөзге тоқтаған, сөз бостандығына жол берген басшылары мен жұрт сайлап алған билері болған ұлт тамыры тұрғанда, біз қайда барамыз?!

Президент: «Тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғырту» туралы айтады. Мен елбасының бұл тезисіне «биліктің де қатып-семіп, әбден бюрократиялық боп кеткен санасын жаңғырту» туралы бап қосар едім!

Айтпақшы, президент көтеріп отырған рухани саладағы заманауи биік мақсаттарды қазір бастық боп отырған, ескінің ықпалынан басыбайлы әрі біржолата шыға қоймаған, жоғары қарап өмір сүруге дағдыланып қалған, мынадай бағдарламаны насихаттауды айтпағанда, ел алдында екі сөздің басын құрай алмайтын, рухани жағынан жетімсіздеу кадрлар жүзеге асыра ала ма? Сол жағын да ойлану керек сияқты! Әйтпесе, мына тамаша идеялар бір мезеттік идеологиялық акция ретінде қағаз жүзінде қалуы мүмкін!

Президент: «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар» жайында айтыпты. Бірақ, «үш тілдік» концепциясы ел ішінде біраз қарсылық туғызғаны рас. Меніңше, осы бағдарламаны нақтылай түсу керек: сөз жоқ, үш тілді білу қажет, бірақ бастауыш кластардағы білім қазақ тілінде берілуі тиіс!

Президент: «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес».

Келіспеуге лаж жоқ. Бірақ бір қосарым, біз «билікке сын айтқан не оппозициялық пікір білдірген кез келген адамды мемлекеттің жауы ретінде қарау» сиықты басты дағды мен қасаңдықтан құтылуымыз қажет! Және де осы сөз нақ президенттің өз аузынан шыққаны дұрыс болар еді. Өйткені, «дос жылатып, дұшпан ғана күлдіріп айтады»!

Жалпыдемократиялық принциптер президенттің жақында ұсынған Конституциялық өзгерістердің логикасына да дөп келеді емес пе?

Президент: «Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді». Алғашқы екі идеологияға берілген баға түсінікті. Бірақ, либерализм идеясының қазақ топырағында әлі де болашағы бар деп ойлаймын. Өйткені, нарықтық заманда либералдық экономика болады емес пе?

Президент: «Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды».

Бірақ сол жершілдікті, трайбализмді, топшылдық пен жікшілдікті қолдап, өмір заңдылығына, баю мен карьера жасаудың бұлжымас шартына айналдырып отырған президенттің қол астындағы шенділердің өзі емес пе? Қарапайым халық жершілдікті ұмытқалы қашан!

Президент революция мен эволюция секілді даму парадигмалары туралы айтыпты: «Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді».
Революцияны, төңкерісті ешкім де қалап отырған жоқ. Бірақ эволюциялық дамудың бір шарты - диалог! Қазір қоғам екіге жарылған; билік, оған күні түскендер және қалың жұртшылық (оның құрамы да біркелкі емес, алуан-түрлі позиция бар). Екі жақтың арасында диалог жоқ! Соны қолға алу керек!

Өз құндылықтарымыз туралы айта келіп, президент: «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсет­кіш­терінің бірі».
Олай болса сол дамыған елдердің демократиялық үрдістерін, соның ішінде, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік, сөз бостандығы, әділ сайлау секілді «ноу-хауларды» да Қазақстанға енгізу керек!

Президент 2025 жылдан бастап, латын әліпбиіне көшу туралы айтып отыр. Меніңше, бұл мәселенің екі жағы бар.
Сөзсзі, бұл қадам қажет, соның ішінде қалпымыз бен қарпімізді деорыстандыру, десоветтендіру үшін қажет.

Бірақ, сонымен бірге, 1940-жылдан бері қағазға түскен барша рухани байлығымыздан да бір күнде айырылып қалмайық!
Мақалада айтылған білім беруде гуманитарлық пәндердің қайта қалпына келтірілуі де жағымды жаңалық.

«Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы» - тамаш идея! «Қазақстандағы 100 жаңа есім» атты идея да жақсы. Тек бір өтініш; оған тек қана ағымдағы билікті мақтауға құштар атақтылар ғана еніп кетпесе екен...

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» атты жоба «Жаһандағы заманауи қазақ мәдениеті» деп атамасқа?
Қорыта айтарым: сөз жоқ, президент қоғамда жария және жария емес формада айтылып келе жатқан біраз рухани мәселелерді дөп басқан. Бұл мақала сонымен бірге, дәл осындай бағалар мен идеялар мемлекет басшысының аузынан шығып отырғанымен құнды. Мұның өзі, іштей қазақ мүддесіне қарсылардың аузына құм құяды. Бірақ, мақаланың кейбір тұстарына, соның ішінде, латын әліпбиіне көшу туралы тезистеріне қарсылық көрсететіндер де табыла жатады. Кремль де бұл бастамаға қуана қоймасы анық. Ол дегеніңіз – кремльдік «пропагандистер» енді осы тақырыпты мықтап қолға алады деген сөз! Осы тұрғыдан алғанда, мақаланың басты бағыттарын жұрт болып қолдау керек деп ойлаймын! Және де сол пропагандистер шыға беретін ресей телеарналарының идеялық контентін бір сүзіп шығу керек сияқты.

Әрине, президент бұл мақаласын тек қана рухани салаға арнағаннан кейін мен, биліктің экономика, әлеуметтік, саяси салалардағы қызметіне баға беріп отырғаным жоқ. Ол – өз алдына бөлек әңгіме.

Бәлкім, базбіреулер «осы мақаласымен президент жұрт назарын қоғамдағы басқа өзекті мәселелерден аудару үшін жазып отыр» деп те айта жатар. Бірақ, саясаттың өз заңдылығы бар: президент жазды, біз өз ойымызды білдірдік.

PS. Бір өкініштісі, мақаласында Ресейдегі Қазан революциясының 100 жылдығын атаған президент «Алашорданың» 100 жылдығын да атап өткенде тіпті қатып кететін еді!

Әміржан Қосановтың фейсбуктегі жазбасынан