19 мам, 2017 сағат 08:07

"Келте үзілдің бір ғажайып күй сынды..."

Бүгін - өмірдің ерте кеткен қазақтың аяулы ақыны, сыншы, әдебиеттанушы Әмірхан Жұмабекұлы Балқыбек туған күн. Талантты тұлға арамызда болса, 48 жасқа толар еді. Осынау мерейлі де қастерлі күнге орай рух жыршысы һәм терең таным иесіне арналған өлеңдер топтамасын ұсынамыз.

Әмірхан Балқыбекке

Иегіменен көрсетті уақыт қыр жақты,
Қыр жақты бетке ап қызарып барып күн батты.
Өмірдің өзі қаншама құнды десең де,
Өлім де сондай қымбатты.

Ертегі сынды ертеңнен ерте суыстық,
Тірліктен көрі құшағы жердің тым ыстық.
Аспаннан жұлып Ай іліп тұрған басына,
Моланың маңы кінәсіз, бейқам, тыныштық…

Өзіне беріп өлеңін шамшыл өмірдің,
Сен солай кеттің,
Тәрік еттің бәрін,
Не білдің?!
Асығыс қана аттанып кеттің ақырға,
Аңтарыла қарап, артыңда қалды тобыр – мұң.

Демімен күннің шоқтанып сөнген от арман,
Қош енді, досым, сөз болып қуып жете алман…
Басыңа сенің балбалтас әкеп қойсам ғой,
Алтайдан арғы – түркілер тектес отаннан.

Сен жалғыз едің бөрідей жортқан жапанды,
Жүрегің – Қозы,
Құдайың қасқыр қаһарлы.
…екінті бойы елесің кезіп жүреді,
Алматы деген қартайған мұңды шаһарды.

…Кетеді жылдар даңқыңды сенің қиянға ап,
Күркіреп күндей,
Булығып бұлттай жиі аунап.
Жап-жасыл нұрға қайта алмай жүрген жалғаннан
Аяисың бізді,
Кешіргін бізді, Ия, Аруақ..!

Мұрат Шаймаран

***

Кездесу
(Әмірханға)

«Тау басында кездесейік»
Өзінің сөзі

Біз бәлкім кездесерміз тау басында,
Бұлтты ұстап, Ай жүзетін жамбасында.
Жанарым жұлдыздарды жек көрмейді –
Табаным шыдар ма екен қар басуға?!

Көңіл ғой жетелейтін шыңға өрмелеп,
Әлде бір естілді ме Нұрдан дерек –
Бұл жолға алды-артына қарамайтын,
Қайтарын ойламайтын құрбан керек!

Ақынның ғұмырының шырайы – жыр,
Сен едің шың басына лайық ұл.
Тәңіртау баурайында жүргеніңде
Ұмытпа бауырыңды Құдайы бір.

Ұядан ұзақта өлер түз баласы,
Өмір ме өрге құлаш ұрмағасын.
Білмеймін, қырда ма әлде, шыңда ма әлде
Әйтеуір бір кездесу бізге – нәсіп…

Көзіңнен алмас қылыш оты ойнаған,
Қаныңда жорық жыры атойлаған,
Ежелгі ер қазақтың сойысың ғой
Жанымды майданда ал!- деп дәт ойлаған.

Бастайық, бастаған соң ақыр бүлік,
Әйтпесе еркек деген атымды ұмыт.
Шаңдатып Еділ-Жайық арасын бір
Кездессек ту шайқалтып, шатыр құрып.

Сол кезде
«Қайдан келген тарлан?!»- десіп,
Қу дұспан сұрар еді-ау жаннан кешу.
Баланың баласына аңыз болар
Ай, шіркін, қашан келер сол кездесу!

Қазбек Құттымұратұлы

***

Запыран

(Әмірхан Балқыбектің қазасына)

Егіле берем, егіле берем,
Есімді бір сәт жия алмай.
Көзімнен жас боп төгіледі өлең,
Арнасын тауып құя алмай…

Білемін, ертең түрегелем ептеп,
Нән сойыл тиген жаным қан…
– Жылауық өлең кімге керек? – деп,
Ұрсушы едің ғой, Әмірхан.

«Етегін жасқа толтыра қалатын,
Ақын ба ақын қыз-кеуде?
Керексе, кісі өлтіре алатын
Шайырлар керек біздерге!

Ұмытпайықшы, біз – тарпаң жұртпыз,
Жаратқан Алла ақын ғып,
Қара өлеңдегі «спартандықпыз»,
Біріміз жүзге татырлық.

Найзадан тапты мұрат бабамыз,
Бүктіріп тізе бар елді.
Батысқа біз де, түбі, аттанармыз,
Жаулауға жырмен әлемді!

Шыңдарға сүйреп биік, мықты арман,
Даңқы үшін Патша-Өлеңнің,
Хас ақын, әсте, қиындықтардан,
Қорықпауы керек!» – деген кім…

Жүрген бір жерің жиын, көкем-ай,
«Лайық ұл ең ғасырға!»
Өле салу да қиын ба екен-ай,
Өмір ғой – қиын, расында…

Өр ағыс едің, байқалмай тындың…
Күрмеліп тілім, уай, Алла-ай.
«Жақсы өліпсің…» – деп айта алмай тұрмын,
Атамыз хакім Абайдай…

9.04.2014

Бауыржан Бабажанұлы

***

Әмірхан Балқыбекке

...Алақан шұңқырында күн аунаған,
Жаралған шығар, бәлкім, шыдауға адам...
Жер беті – жасыл болжам, қызыл күдік,
Бірінен, о, құдірет, бірі аумаған.
Жап-жасыл сәуле ойнатар жарқыраған,
Қоңыр шал, Балбал әке, Алтын адам...
Саусақтың ұшын көрмес сарғыш парақ,
Өтінде уақыттың қалтыраған.
Тұлпардың тұяғынан дүбірлеген,
Түркінің жұмбақ таңы сібірлеген.
...Басында – А сызықты жазуларды
Түнімен ескі жұрттар күбірлеген.
Ол да бір қосан ғұмыр, құбыл өлең,
Жанына жар таппаған жіміледен.
...Дүниеде бір кітап бар жазылмаған,
Құдай-ау, жете алам ба түбіне мен?!.
Адаспас жолаушыға алдан, от, шық,
Жасыл от – жоққа барсың, барға – жоқсың.

...Жанымды азаптады-ау жұтындырмай,
Ғасырдың алқымында қалған өксік.

Ерлан Жүніс

***

Жоқтау

(Әмірхан Балқыбекке)

Қыз назаға,
Ұл қазаға ұшырады!
Автор

Маңдайыңнан сүйейін деп едім,
Сұп-суық тасты өптім.
Масайрап күлейін деп едім,
Ып-ыстық жас төктім...

Суық тас – сілейген балбал екен,
Ыстық жас – мөлдір арман екен...

Ертоқымын бауырына ап ат келді,
Есі кірген ұл жебесін қақ бөлді.
Төрдегі бәйбіше қара жамылды,
Тоқалы естіртушіге тап берді!..

Күңнің басқан наны көтерілмеді,
Құл көк қаншығын май беріп, атты...
Арқа маусымнан кете гүлдеді,
Алтай қары он ай бойы жатты...

Жетім қозы оттығып жетілер,
Жетім көңілді қайтем?!
Жетім лақ тас-тасқа секірер,
Жетім қорымды қайтем?!

Басыңа балбал тас та қойылар,
Жылыңда аста-төк ас та берілер.
Құлын тастаған қулық та сойылар,
Ұшы-қиыры жоқ қос та тігілер...

Жетім көңілді қайтем?!

Мирас Асан

***

Бөрі
(Әмірхан Балқыбекке)

Көк тәңірдің елшілері – бөрілер,
Азан айтып, айға білем тұмсығын.
Жарқылдаған жасын болып көрінер,
Ақ күмістей ай қақтаған қылшығы.

Мен оларды сүйем, кием деп біліп,
Мыстан құйған мүсініне тәу еттім.
Күрсініп ем көкірегім кетті ұлып,
Әу бастан-ақ әулетімін әуектің.

Әууу-у-у-мин десіп, аян берген түсімде,
Мен бұл үнді білем бала күнімнен.
Қай ғасырда қара қостың ішінде,
Айға сіңген ашты даусын сіміргем.

Кеткем сосын көктен тамар жырды еміп,
Күллі әлемнің күлкі, зарын елемей.
Азуымнан айға ұмтылар кіл бөрі,
Адырнадан жаңа атылған жебедей.

Көке, солай мен оларды түсінем,
Күлтегіннің күліктерін күзетіп.
Көк түріктің кең даласы үшін ол,
Көкке қарап тұрады ылғи жыр оқып.

2010 жыл

Қайсар Қауымбек

***

Әмірхан Балқыбектің рухына

Ей, адамдар, содан қалған отты ізде,
Ондай сері қалмады енді көк-түзде.
Бөрі болсаң ит ғұмырды кешуден,
Өткен азап жоқ бізде!

Абаданым, айға қарап ұлыған,
Қара түнек болып кетті шұғылам.
Қайда кеттің қазағыңды қалдырып,
Қайда кетті сен айтатын тұнық ән?

Бүгін балбал күрсінеді, мен білем,
Қонбас жанға жалғандағы ендігі ем.
Тар заманға сыймай кеткен сен де бір,
Құдіреттің бере салған кеңдігі ең.

Бөрімді іздеп, ұли берем мен енді,
Сен бақидан жырақ салдың кемеңді.
"Қасқыр құдай болған кезде" тумадың,
Еме алмадың Ашина-Ару енеңді.

Табаныңда үгілуші еді тас бұрын...
Қалмады ма түңілуден басқа ырым?
Сес көрсетіп жүрмедің бе, ездерге,
Ит заманға сыймай кеткен қасқырым!

Жанат Жаңқашұлы

***

О, Әмірхан...

Бір арудың күлкісі ұсап күлгендей,
Мың тұлпардың дүбірі елтіп жүргендей.
Тәтті өмірден неге кеттің, Әмірхан,
Түбінде у жататынын білгендей.

Сенсіз шаһар оранды ма мұңға кіл,
Сені есіне алады екен мұнда кім?
Жалғыздығын айға ғана жеткізген,
Көкбөріні келді өзің боп тыңдағым.

Сорғалатып сыйлай алмай балын бақ,
(Беті де оның алған, тәйірі, қалыңдап.)
Отқа айналып кеткен сенің ғұмырыңның,
Етегінде біз жүруші ек жалындап.

О, Әмірхан, сахи күннен нұр сөнбей,
Шеруенде қыр кеудесінен гүл сембей,
Келте үзілдің бір ғажайып күй сынды,
Күйдің тілін білсем ғой.

Бақұлдасқан барқыт белмен келіспей,
Сені өсірген бақытты елмен келіспей,
Сен келер деп «туған жеріңді» елте оқып,
Туған жеріңе ренжігем мен іштей.

«...сол Алматы жетімдігін жасырған»,
Сол адамдар ырқына тез бас ұрған.
Себе салған бір Алланың нұры үшін,
Ырыздығы үшін тағы шашылған –

Інілерің ірілікті құптасқан,
Сенің асқақ үмітіңмен нық басқан.
Сенің жастық жылдарыңның кейпінде,
Мың арудың түсінде жүр шықпастан.

Сағыныштан сызып атқан таңға ұсап,
Сенің қысқа ғұмырыңдай әнге ұсап.
Жанарыма ұялаған мөлдір шық,
Секілді бір мөлтілдеген тамды шақ...

О, Әмірхан, сахи күннен нұр сөнбей,
Шеруенде қыр кеудесінен гүл сембей,
Келте үзілдің бір ғажайып күй сынды,
Күйдің тілін білсем ғой.

Қозыбай Құрман

***

Әмірхан Балқыбек

Іздердің жапты бетін құм!
Айқасқа Тәңір, сендей жетіммін…
Өкінсем бүгін өкіндім.
Ертең күлермін безеріп.
Ертең күлермін безеріп;
Қайғыңның құны – көзелік.
Шалдырмайтын шалғайымда сөз өліп.
Әй, Шалдардың ындынындай кезеріп
Құшақ нәтін таңдайтындай не желік?!
 
Безеріп күлген қай ырым?
Мені іздесең жануға дайын шөпті көр.
Қалған жұрттың моласында Кек түнер.
Қарға достың тұмсығындай өткір ол!
Сұлулықтың сатқындығы аққуда,
Пай, Қарғаекемді кім дейсің?!
Адамдардың бір есімі маскүнем -
Ана Аспанның бетіндегі секпіл ол.
 
Иә, Әр-уақ!
Тағдыр қара, Тәңір ақ.
Алатауға сапар шеккем айшылық
Қарға досты, Таусоғарды жаныма ап.
Қап, бұл жалғанның арғы атасы қаза екен
Аспан қалды аңырап,
Досхан қалды қаңырап.

Сүлесоқтап сарғаяды сынық таң
Айхай, Шөлім менен дағы не қайыр
Сырдың суы келмей жатса жұлықтан.
Біз сүйіп ек сүйегіміз содан деп
Қара жер де адам етіне құныққан.
– – – – – – – – – – – – – – – – –
Қарға достың адалдығын кім ұққан?!
Иә, Әруақ!

Бекзат Смадияр

***

Әмірхан Балқыбекке

Қалауынша құн сұрамас фәни бұл,
Тас төбеңнен төңіректеп төнсе зіл.
Дүниені өзгерткенде сәби-жыр,
Сәбидейін сенші өзің. 
Автор.

Еңку де еңку жер шалған,
Қысталаңда қылышынан қан тамып.
Одыраң қағып, ордалы жау төнсе алдан,
Қорқау құлдай қадамынан жалтарып...

Боз бетеге, жылағанда бұлт та ұлып,
Оғыланым, орға батып оқталдың.
Денесі қан дала жатса, жұрт құрып,
Мінген аттың тірсегінде кек қалды.

Орғыл құмда орда тіккен озалдан,
Бұралқыға тас атпаған тектім ең.
Қаба сақал қариядан сөз алған,
Қатулансаң Қашағандай өткір ең.

Базынасын тыңдап мылқау Тұран мен
Баба қырдың бота-дөңін баққан ер.
Құба жалды құла қасқа құланмен
Қағыл жерде қабыланша шапқан ер.

Қан күрең жон қазулы тұр қас көрі,
Мауыт шекпен жамылмастан қалды ма?!
Азуыңды айға жалат аш бөрі!
Бабыр шалдың басын қойып алдыңа...

Көне жолдан жетті маған көп ырым,
Төбемізден төнсе және көз анық...
Азынаған дауысында бөрінің
Түн жыласа бозарып...

Қасалы ұлдың қатарынан құлды іздеп,
Күйік шалған перілердің өзі-ақ сұм.
Қара аспанның қанатынан жұлдыз боп,
Қасиетті,
Қасиетті сөз ақсын!!!

Айбол Исламғалиев