06 нау, 2018 сағат 13:27

Америкада шетелдік әріптесінен қорлық көрген қазақ әйел сұмдық жайттың бетін ашты (Видео)

Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы қызметкері Америкаға жұмыс бабы бойынша барып, неміс тәртіп сақшысынан жыныстық қысым көрген, - деп хабарлайды Exclusive басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ.

Аида Альжанова 2012 жылы Америкада болған президент сайлауына бақылаушы ретінде аттанады. Әрбір мемлекеттен келген қызметкерлердің бірігіп жұмыс істеуі мақсатында, қазақстандық Аида Альжанованы Германия өкілімен біріктіріледі.

Нью-Мексико штатына жіберілген екі ел бақылаушысы бірден тіл табыса алмаған. Себеп – неміс полицейінің отандасымызға бірінші күннен бастап көрсете бастаған жыныстық қысымы.

Бастапқыда мәдениет өзгешелігі болар деген тұжырым жасаған қазақстандық бақылаушы әріптесінің құшақтауы мен қайта-қайта тисе беруін жыныстық қатынасқа итермелеп тұрғанына нақты көзі жеткен.

Оның қалауынша жауап бермеген Аидаға неміс бақылаушысы дипломат әйелді "жәй полиция қызметкерімен қарым-қатынаста болудан намыстанасың" деп айыптайды.

Артынан ашуға бой алдырып, айдап бара жатқан көлікпен жол апатына ұшырай жаздап, қазақстандық сыртқы істер қызметкерінің өміріне қауіп келтірген.

Болған жайтты америкалық ОБСЕ бөлімшесіне жеткізгенде, олар мәселені тез арада шешетіндеріне сендірген. Алайда, үш күн бойы бөлмесінен шықпай отырған Аида Альжанованы бөлімшенің жасаған әрекеттері одан бетер таңғалдырды.

Оның айтуынша, кінәлі адамды ауыстырудың орнына қазақстандық бақылаушыны Американың солтүстігіндегі штатқа ауыстырып жіберіпті. Тек жылы киім алып келген қызметкер шығынға ұшырап, қалың киім алуға мәжбүр болған.

Бөтен елде қорлық көріп, отанына оралған Аида Альжановаға мұнда да "шу шығармай-ақ қояйық" деген кеңес беріпті. Тіпті ең сорақысы, болған оқиғадан кейін азаматшаны ОБСЕ қызметтеріне шақыруды тоқтатқан.

Ал оның неміс әріптесі болса керісінше, барлық жиындарда бой көрсетіп жүрген көрінеді. 2015 жылы Қазақстандағы сайлауға келуге де дәті жетіпті.

Соншама жылдар бойы қызмет еткен халықаралық бірлестігінің мұндай әрекеттерге барғаны Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы өкілін қатты ренжітсе керек. Ұзақ жылдар бойы бұл тақырыпта тіс жармаған ол енді бәрін айтуға қолайлы уақыт келгенін жеткізді.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Аида Альжанова берген сұхбат мазмұнымен толығымен танысып шығуға уәде етті.