30 нау, 2020 сағат 07:57

Ақын Аманхан Әлімұлы бақилық болды

Ақын, қазақ әбиетінің көрнекті өкілі, журналист Аманхан Әлімұлы 68 жасында дүниеден озды. 

Аманхан Әлімұлы 1952 жылы Түркістан облысы, Отырар ауданы, Қожатоғай ауылында дүниеге келген.

1975 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетіне оқуға түсіп, 1981 жылы бітіреді. Оқуды бітірген соң, 1981-1989 жылдар аралығында республикалық «Қазақстан пионері» («Ұлан»), «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Қазақ әдебиеті», «Түркістан» газеттерінде және «Қазақ радиосында» қызмет етеді. 1991-1993 жылдар аралығында М.Горький атындағы бүкілодақтық Әдебиет институтының жоғарғы курсының күндізгі бөлімінде оқиды. 1994-2012 жылдар аралығында «Заң газетінде» жауапты хатшы және шолушы болып жұмыс жасаған.

2012-2020 жылдар аралығында "Ақиқат" журналының бас редакторы қызметін атқарған. 2020 жылдың қаңтарынан "Ақиқат" журналының шолушысы.

Ол қазақ әдеби сын жанрының дамуына зор үлес қосты. Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленді, журналистикада әдеби, танымдық және саяси-әлеуметтік мәселелер бойынша зерттеулерімен танылды. Мұқағали Мақатаев атындағы әдебиет сыйлығымен, 2019 жылы "Құрмет" орденімен марапатталған. 

Жуырда ғана Журналистер Академиясының толық мүшесі-академигі дипломы және төсбелгісін алған.

«Кездесу», «Жанымның жапырағы» (1989), «Ай нұры алақанымда» (1996) жыр жинақтарының авторы. Соңғы жылдары "Махаббатым менің", "Жанымның жапырағы", "Бес қоңырау", "Кездесу", "Өткірдің жүзі" атты публицистикалық және өлеңдер жинағы жарық көрген.

Осы орайда, Ұлт порталының ұжымы елге қадірлі болған асыл ағамыздың мезгілсіз дүниеден озуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқып, Жаратқан артындағы ұрпағына ұзақ ғұмыр берсін!