07 мау, 2019 сағат 12:51

Аманкелді Таспихов штабы Бейнеу халқына бағдарламасын таныстырды

Президентікке үміткер Аманкелді Таспиховтың Маңғыстау облысы бойынша қоғамдық штабының өкілдері Бейнеу ауданында сайлаушылармен кездесті. Бұл жөнінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Бейнеу ауданына жұмыс сапары барысында сенімді өкілдер ауданға қарасты алты ауылдың, атап айтқанда Бейнеу, Боранқұл, Тұрыш, Сам, Сарға, Есет ауылдарының тыныс-тіршілігімен танысып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Бейнеу ауданының қарашаңырағы - Сам ауылында сайлаушылармен кездесу өткізді.

Сам ауылында 500-ден астам адам тұрады. Ауыл тұрғындарына мектеп-балабақша кешені, медициналық пункт, Қазпошта бөлімшесі, АТС байланыс торабы қызмет көрсетеді. Ауылдағы үйлер газ, электр энергиясы және ауызсумен толық қамтылған. Ауылдық округке қарасты Ноғайты ауылында 270-ке тарта тұрғын бар. Аймақтық қоғамдық штаб өкілдері келген жиынға екі ауылдың да адамдары қатысты.

Іс-шарада үміткердің Маңғыстау облыстық қоғамдық штабы жетекшісінің орынбасары, сенімді өкіл Тельман Матаев алдағы сайлаудың саяси маңызына тоқталып, көпшілікке үміткердің өмірбаянын таныстырды. Сондай-ақ, үміткердің сайлауалды тұғырнамасын және еңбек жолын түсіндіріп берді. 

Штаб өкілдері көпшіліктің сұрақтарына жауап беріп, бүгінгі еңбек адамының рөлі мен орнын айқындады.

Жиын соңында қатысушыларға үгіт-насихат материалдары таратылды.