#
#
Жексенбі 20/05/2018

Амал табиғатты да, рухымызды да жаңғыртады

  • 19.02.2018
  • 0
  • 2925

«ҮЛГІЛІ ІС, ӨНЕГЕЛІ ДӘСТҮР»

Батыс өңірінде көрісу деген тамаша дәстүр бар. Осы көрісуден бастап Наурыз елімізге енді... Амал айында бір-біріміздің өкпе-ренішімізді кешірісіп, «келер жылға аман жетейік» деген тілекпен осындай шараны ұйымдастыру – үлгілі іс, өнегелі дәстүр. Енді осы жаңалық біздің кең байтақ қазақ еліне таралуы керек. Адай Ата – қазақтың кенжесі ғой, сондықтанүйдің кенжесі – қарашаңырақтың иесі болады. Ал кенже атаның балалары көрсеткені үлгі халықтық дәстүрге айналуы тиіс шара деп есептеймін. Соған біз арнайы келіп қатысып жатырмыз. Бұл сөзімізді әлі де айтамыз, қорытамыз, елге, жан-жаққа жеткіземіз. Бізге ең қажеті – елдің бірлігі. Егер елдің бірлігіне осы шарамыз қызмет ететін болса, біздің ісіміз нәтижелі болады деп есептейміз.

 Ғарифолла ЕСІМ, 

философия ғылымдарының докторы, академик:

«АЛАШ ИДЕЯСЫ МАҢҒЫСТАУ ЖЕРІНЕН КЕҢ ЕТЕК ЖАЯТЫН ТҮРІ БАР»

Осы шараға келгенде менің ойыма еріксіз 1917 жылғы шілде айындағы тұңғыш жалпықазақ съезі келді. Өйткені сол жылы қазақ ұлты өзінің мемлекеттігінің негізін қайта қалаған кез болатын. Сол 1917 жыл – қазақтың тұңғыш рет нағыз бірегей ұлт болып қалыптасқан жылы болса, міне қазір тәуелсіздік алғанымызға 24 жыл болған мезетте, осы Адай жерінде, Маңғыстау елінде болып жатқан бұл шара – қазақтың ұлттық бірлігін нығайтатын керемет шара болып отыр.

Қазақ ұлты өзінің бірлігін, ұлттығын нығайтып, етек-жеңін жинап, еңсесін тіктеп, нағыз осы елдің қожайыны екенін сезіне бастаған құбылыс сияқты мен үшін. Мұндай құбылыс бүкіл Қазақстанға үлгі-өнеге болуы тиіс. Солай болады деп сенемін. Бұл – ұлттық идеологияның керемет көрінісі.

Ұлтты сүттей ұйытатын құбылыс. Қазір елімізде бірыңғай ұлтты ұйытатын идеология жоқ. Осыған дейін талай нәрсені ұлттық идея болсын деп айтып келдік, бірақ ол идеяның біреуі де жүзеге асқан жоқ. Қазақтың басын біріктірген – Алаш идеясы болса, сол Алаш идеясы осы Маңғыстау жерінен кең етек жаятын түрі бар.

 Сұлтан-Хан ЖҮСІП,

алаштанушы. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры

«РУХЫМЫЗ ТІРІЛІП ҚАЙТҚАНДАЙ БОЛДЫ»

Амал мерекесі Алаштың басын біріктіруге, ынтымаққа, бір-бірімізге дос-бауыр болуға шақырады. Отпан тауда мұндай шараны жасап өткізу – жақсы бастама деп ойлаймын. Бірақ бұл бастама тек Маңғыстау өңірінде ғана емес, басқа облыстарда да жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақтың басын біріктіретін, тарихты, дәстүрді, мәдениетті құрметтеуге шақыратын мұндай мерекелер ешқашан өз маңызын жоймайды.

Үлкен атаның ұрпақтары өз мойнына алып, ешқандай мемлекеттен қаржы алмай, өз күшімен, бүкіл қазақтың баласын Отпан тауға шақырып, елдік, ұлттық туралы ұлы сөздерді айту, сол арқылы өзінің елінің, жерінің, ата-бабаларының тарихымен бүкіл қазақты, одан қалды шетелден келген қонақты таныстыру – бұл өте жақсы үрдіс. Бұл үрдістің басқа өңірлерде жалғасын табуын тілеймін.

Менің ұғымымда «Адай» деген сөз – өршілдіктің, рухтың, қазақылықтың көрінісі сияқты болып көрінеді. Әр аймақтың өз ерекшелігі бар ғой, мұнда соғыс көп болған, елді қорғау үшін үлкен жортуылдар болған. Бала күнімізде осы жерде туған жыраулардың поэзиясын оқығанда өте қатты рухтанатынбыз. Өршіл рух – Адай сөзінің баламасы ретінде көрінетін. Кішкентай кезімізден бұл елдегі Адай батырларының, Адай халқының өр мінезді болатынын естіп өскенбіз. Сондықтан менің бойымда батылдық болса, мысалы әдеби сын саласында, арғы тегімде сол бір тамшы қан сақталып қалған шығар деп ойлаймын. Бұл тек Адайдың ғана емес, Алаштың тойы деп ойлаймын. Осындай шаралар арқылы өзіміздің елдігімізді танытатын, ұлттығымызды танытатын кез келді деп ойлаймын.

Барлық қазақ менің ұғымымда бір қазақ. Ана жақта Торғайда жатқан қазақ болсын, Атырауда жатқан қазақ болсын, Оңтүстікте жатқан қазақ болсын, солар үшін біздің барлығымыздың жанымыз ауырып, бәріміз бір атаның баласы екенімізді сезініп жүруіміз керек. Ұлттық рух үшін күресетін, намысымызды қолдан жібермей, осындай ұлттық салт-дәстүрлер арқылы өз елдігімізді басқа елдерге танытатын мейрамдар жасай берсін. Ел-халыққа шын жүректен алғысымды айтқым келеді. Осы жерге келіп, рухымыз тіріліп қайтқандай болды.

Мысалы, басқа үлкен қалада жүргенде сезбейсің ғой! Тек осындай жерге шыққан кезде, елдің тарихын көрген кезде, батырлар туралы аңыздарды естіген кезде, «Ойбай-ау, осы менің бабаларым ғой, осы менің аталарым ғой, осылар менің рухымды жебеуші даналарым ғой», – деп, солардың дана сөздерін естіген кезде, өзіңнің рухың тірілгендей болады. Халықтың рухын тірілтетін осындай мейрамдар – оның жасампаздығын көрсететін ұлы мейрамдар деп ойлаймын.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ, 

сыншы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

Жазып алған Алтынгүл МЕҢДІХАН,журналист.«Лада» газеті, 26.03.2015.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЕГІЗІНШІ КЕРЕМЕТІ

Дәм бұйырып, Маңғыстау өлкесіне сапарлаттық. Жанымдағы сапарластарым (саясаттанушы, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы – Жарқын Түсіпбекұлы, журналист, музейтанушы – Нұрсерік Жолбарыс) республиканың өзге өңірлерінен болған соң Амал мерекесін тек сөз жүзінде ғана білетін ек. Маңғыстауды жұрт бай өлке деседі, сол сөз рас екен. Іргесінде алып Каспий жатыр, мұндай бақыт ешкімге бұйырмаған. Жерінің астындағы байлықты білесіз, үстіндегі ше?! Күмбір-күмбір күмбездер, кәрі таулар, көнеден қалған ескерткіштер бүгінгі қазақты өткен тарихымен шендестіріп тұр. Қазақстанның жеті кереметінің үшеуі осы Маңғыстауда: Бекет Ата жерасты мешіті, Шарқала тауы, Қарақия ойпаты. Ал, біз сегізінші кереметті көзбен көргендей болдық. Ол – Отпан тау.

Бұл сапарға белгілі тарихшылар, жазушылар, ақындар, қоғам қайраткерлері де барды. Солардың бірі: «Мен соңғы рет асқа жиналған ақар-шақар жұртты Абайдың 150 жылдық, Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойларында көргенмін», – деп ағынан жарылды. Біз алдыңғы тойларда болмасақ та, естіп-білген ақпаратымызбен еш таңғалмадық.

Амал мерекесі туралы біле жүріңіз:

14 наурыз – Ұлыстың ұлы күнінің табалдырығы, маңғыстаулықтарша айтқанда, Амал күні. Маңғыстауда бұл күні барша қазақ көрісуге шығады. Ал көрісудің мәні – жаңа жылға аман-есен жетіп, жүздесіп, қол алысуда, екіншіден, бір-бірін арнайы іздеп барып амандасатын ағайын арасындағы сыйластықты жоғалтпауда, үшіншіден, үлкенге барып көрісуді міндет санаған жасы кішілердің сыпайылығын сұйылтпауда жатыр. Соңғы жылдары Маңғыстаудағы «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде Адай Ата кесенесі маңында Амал мерекесін қарсы алу дәстүрі қалыптасты. Шараны ұйымдастыру, жаугершілік заманда жағылған Ұран Отын бейбіт ел буынының өткендердің рухына тағзым етуі, ауызбірлік сипатындағы Бірлік Отын жағу, келген қонақтарды орналастырып, күту, ұлттық ойын-сауық, ән-жыр сайыстарын насихаттай өткізу жыл сайын сегіз арыс Адай Ата ұрпақтарының әр ауылына міндеттеледі.

Маңғыстау облысында теңіз деңгейінен 532 метр биіктегі Отпан тау басында 13 наурыздан 14-іне қараған түні Амал мерекесіне орай Бірлік Оты жағылды. Биылғы Амал мерекесі Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне өткізілді.

Отпау таудың етегіне 73 киіз үй тігіліп, түрлі мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырылды. Бұл мереке республикалық сипат алып үлгермегенмен, облыс деңгейінде өте керемет атап өтіледі екен. «Амал келді, жыл келді!» деп жұрт қол алысып, көрісті. Жастар жағы ілтипат танытып, үлкендерге құрмет көрсетті.

Амал мерекесі – тек мейрам емес, ол табиғаттың түрленіп, жаңаруы. Бұл – қоғамдық келісімді насихаттап, бірлікке шақыратын мереке. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Жандос БАЙДІЛДА, журналист, жазушы

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар