17 қаз, 2019 сағат 09:08

«Алтын тобылғы» әдеби шығармалар байқауының сыйлық қоры екі есеге ұлғайтылды

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры «Алтын тобылғы» әдеби байқауына қатысуға өтінім қабылдауды жалғастыруда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қордың баспасөз қызметінің мәліметінше, жас ақын-жазушылар «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік балалар шығармасы» номинациялары бойынша шығармашылық қабілеттерін сынай алады. Осы төрт номинацияның әрбір жеңімпазына 2 миллион теңгеден беріледі.

Сонымен қатар, «Ұлы даланың жасампаз ұрпағы» атты арнайы тақырыбында номинация жарияланған. Бұл номинация бойынша сыйақы 3 миллион теңге көлемінде бекітілген.

«Егер сіз поэзия мен прозаға жаныңыз жақын болса, сондай-ақ жасыңыз 18-35 арасында болса, «Алтын тобылғы» - сізге арналған байқау! Бұрын жарияланбаған туындылар ғана қабылданады. Жұмыстарды at2019@fpp.kz электрондық поштасына 2019 жылдың 1 қарашасына дейін жіберу керек. Жеңімпаздардың есімдері (сыйақы лауреаттары) 2019 жылғы желтоқсанның алғашқы онкүндігінде жарияланады», - делінген қордың баспасөз қызметінің хабарламасында.

Байқаудың ережелері және шарттарымен fpp.kz сайтында танысуға болады.