21 жел, 2018 сағат 06:48

"Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі" алты елді аралады

ҚР Ұлттық музейінде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық көрме жобасының жылдық қорытынды баспасөз мәслихаты өтті.

Іс шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы; Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының м.а. Алмаз Нұразхан; т.ғ.д., профессор Зейнолла Самашев, Әзірбайжанның Ұлттық тарихи музейі директорының орынбасары, т.ғ.д. Махфуза Зейналова; Бүкілресейлік қолданбалы-сәндік және халықтық өнер музейінің Бас кеңесшісі Галина Борисовна Андреева; ф.ғ.д., Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Ғалым хатшысы Агагусейн Мамедгусейн оглы Шүкіров; Беларус Ұлттық көркемөнер музейі Бас директорының орынбасары Сергей Владимирович Вечер; Қытай Халық Республикасы Солтүстік-Батыс политехникалық Университетінің ректоры Ван Чжинсун; Корея Ұлттық музейінің Азия өнері департаментінің директоры, PhD Чой Сеон Джу қатысты.

Аталған көрме жобасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында биылғы жылы қолға алынған болатын. Жобаның мақсаты – Ұлы даланың ежелгі және дәстүрлі өнер туындыларын әлемнің алдыңғы қатарлы музейлерінде көрсету арқылы еліміздің тамыры терең тарихын, бай мәдениеті мен теңдессіз қолөнерін паш ету, насихаттау.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық ғылыми конференция жұмыстарын бастап отырмыз. «Алтын адамымызды» өзге мемлекеттерге танытып, жауһар жәдігерлеріміз арқылы ғаламдық өркениетке үлес қосып, әлемдік мәдениет деңгейінен көріндік деуге болады. Алдағы жылы аталған жоба жалғаспақ. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атап көрсетілген «Алтын адамға» барынша көңіл бөліп, көпке көрсету арқылы төл тарихымызды  насихаттай түсеміз. Сонымен қатар, болашақта сақ жауынгеріне қатысты зерттеу жұмыстарын жалғастырып, сақ дәуіріне тән жазба түрінде сақталған құнды деректерді іздестіруіміз қажет. 3 жылдан бері Корея, Қытай елдерінің археологтарымен бірлесіп, «Алтын адам» табылған Есік қорғаны маңында бүгінгі күнге дейін зерттеу жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Әлі де болса, тамыры терең тарихымызды толықтыра түсетін айшықты белгілер іздестіріле бермек. Алғаш рет ұйымдастырылған «Алтын адамға» арналған ғылыми конференция жұмысына сәттілік тілеймін», - деді.

Бүгінгі күні «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық көрме жобасы әлемнің 6 елінде, атап айтсақ, Беларусь, Әзірбайжан, Ресей, Қытай, Польша және Оңтүстік Кореяда жүзеге асырылып, оны тамашалағандар саны 200 мың адамнан асты. Көрмеге қойылған жәдігерлер дала өркениетінің тарихы, империялардың жойқын жеңістері мен ғажайып көріністерінің куәсі болып табылады.

Корея Ұлттық музейі, Зерттеулер мен жоспарлау департаментінің директоры, PhD Чой Сеон Джу: «Биылғы жылы Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 26 жыл толып отыр. Біздің музейде Қазақстанда жасалған, VII ғасырға тән қазақтардың алтын қанжары бар. Ол Корея Республикасының аумағынан табылған. Осы жәдігер екі ел арасындағы ынтымақтастық байланыстың өте ерте кезеңдерден бастау алғанын көрсетеді. «Алтын адамның» көрмесі Кореяда өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Кәріс халқы көрмеден бағалы экспонаттымен қатар, бүкіл қазақ елінің тарихымен, мәдениетімен және салт-дәстүрімен танысты. Дәл қазіргі уақытта жалғасып жатқан «Алтын адамның» көрмесіне келушілер өте көп», - деді.

Өзге мемлекеттерде ұйымдастырылған көрмелерде ерте темір дәуіріндегі алғашқы далалық мемлекеттер дәуірінің мұрасы саналатын, аң стиліндегі Есік бекзадасының алтын киімі басты орынды алса, Батыс Қазақстандағы Тақсай абызы мен Аралтөбе жауынгерінің, Сарыарқадағы Талды-2 билеушісінің, Қазақ Алтайындағы Берел жылқыларының теңдессіз жәдігерлері де осы аталған көрмелерге қойылды. Сонымен қатар қазақтың дәстүрлі мәдениетінің жауһарлары саналатын сәндік қолданбалы өнер туындыларын көрсете отырып, көрерменге Ұлы Дала елі мәдениетінің әрбір жәдігерінде терең мағыналы ой жатқандығы және сол өнердің сабақтастықта бүгінге дейін жеткендігі көрсетілді.

Баспасөз маслихаты барысында алты елде өткен көрмелердің ғылыми каталогтарының тұсаукесері өтті.