08 қаз, 2019 сағат 11:13

«Алтын адам» және Димаш

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласын білмейтіндер кемде-кем. Себебі тарихта үлкен жаңалық саналған «Алтын адам» осы өңірден табылған. Бүгінде бұл музейге әлемнің түкпір-түкпірінен келетін шетелдік туристің қатары көп.

Биылдың өзінде Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Корея, Норвегия, Венгрия, Германия, Австрия, Франция, Үндістан мемлекеттерінен келушілердің қарасы басым. Оған соңғы жылдары әлемдік деңгейде танылып келе жатқан әйгілі әншіміз Димаш Құдайбергеннің де қосқан үлесі қомақты. Неге десеңіз, мұнда келген шетелдіктерді әңгімеге тартсаңыз, «Алтын адамды» Димаш арқылы білгенін айтады. Бірде әнші Димаш Құдайберген «Алтын адаммен» түскен суретін Инстаграмдағы парақшасына жариялайды. Бұдан соң оның әр елдегі фанклубтары мен жазылушылары бұл ескерткіштің қайда орналасқаны туралы өз бетінше ғаламтордан іздеп, қызығушылығы артады. Сөйтіп, Димаштың арқасында Қазақстанды, тіпті, шағын Есік қаласына ат терлетіп келіп жатқандар саны көбейген.

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Тасқын Тойбаевтың айтуынша, бір Димаш Құдайбергеннің өзі елімізге қаншама туристің келуіне септігін тигізіп жүр. «Егер Димаш Қазақстанның туристік аймаққа сұранып тұрған жерлерде суретке түсіп, әлеуметтік желіде насихаттаса, бұдан біз ұтар едік. Мұны тиісті мекемелер ескеріп, Димашқа ұсыныс айтса, қарсы болмайды деп ойлаймын», – дейді ол.

Шын мәнінде, әлемдік мәдениет пен өркениетке жаңалық ретінде қосылған «Алтын адамның» орны сақталмаған. «1963 жылы Есік көлінде үлкен сел жүргендіктен, өзеннің жағасын су шайып кеткен. 1969-70 жылдары жылы археологтар осы жағалаудағы қорғанды зерттеуге кіріседі. 

«Алтын адам» табылған қорған бұл өңірдегі обалардың ішінде ұрлықшылардың тонауынан аман қалған жалғыз қорған. Бұған оның ортаңғы емес, шеткі қабірде жатуы түрткі болған. Бұл археологтар үшін үлкен сенсация деуге болады. Қабірден 4000-н астам алтын бұйымдар, темір қылыш пен қанжар, қола айна, балшық, металл мен ағаштан жасалған отыз бір бұйым, сонымен қатар сабында аққу мойны бейнеленген күміс қасық, үлкен және кіші күміс тостағандар, ағаш шөміш пен 26 ақық пен әйнек тастардан тізілген моншақ табылған. Бүйір жақтағы қабірдің байлығына қарағанда орталық қабірдің қандай қазынаға ие болғанын елестетудің өзі қиын.

«Алтын адамды» зерттеуші, археолог-ғалым Бекмұханбет Нұрмұхамбетұлы: «1963 жылы Есік көлі тасып, маңындағы ауылды шайып кеткен кезде сол жердегі автобекет те тасқын астында қалған екен. Осы автобекетті қайта салу үшін құрылыс орнына барлау жасалды. Сол жерде 4-5 оба бар екен. Көп ұзамай 1969 жылы Кемал Ақышевтің тапсырмасымен Айтбек Амандықов екеуміз зерттеу жұмыстарын бастадық. Алғашында қорғанның тұтас аумағын қоршап, тең жартысын қаздық, онымыздан түк шықпады. Бір жылдан кейін қазба жұмыстарын қайта жалғастырдық. Айлар бойы айтарлықтай ештеңе таппағанымызға қынжылдым. Бірақ түйсігімнің түбінде бір ой мені осы жерден жібермей тұрғандай сезімде болдым. Әбден кетуге айналғанымызда бульдозермен тағы бір түрткіздік. Осы заматта бульдозердің тұмсығы бөренеге тірелді. Бұл оба екі құдықтан сәл қиыс шетте, үлкен қорғанның бір жақ жанында жатыр екен. Ары қарай күрекпен арши бастадық. Алдымен ағашпен қапталған обаның сыртын түгел тазаладық, кейін бөренелердің төбесін аштық. Обаны жасағанда бөренелерді жымдастырып, қиюластырып бекіткен екен. Биіктігі 1,5 метр. Алдымен сол ағашпен қапталған табытты тазалап шықтық. Обаны ашпас бұрын мән-жайды Кемал Ақышевке айтып, ол кісі бастаған археологиялық топ жұмысты ары қарай жалғастырды. Топ құрамында археолог Александр Степанович, ең алғашқы көшірмесін жасаған реставраторлар Владимир Садамсков, фотограф Олег Медведов, суретші Тамара Воробьева мен ҚазҰУ студенті Әлішер Ақышев болған еді. Содан кейінгі жұмысты Кемал Ақышев қолына алды. Ол Шығыс Германиядан Есік қорғаны жайлы альбом шығарып, әлем жұртшылығының назарын Қазақстанға аударды. Үш жыл бойы еңбектеніп, «Алтын адамның» алғашқы макетін жасатты» деген еді бір естелігінде.

Ғалымдар қазақ жерінде алтын адамға ұқсас қорымдардың саны 40-тай болу керек деп болжайды. Бірақ қазақ даласындағы талай аласапыран уақыттарда олардың көбі тоналып, жойылып кеткен екен. Бүгінде Қазақстанның әр өңірінен, айталық, Шілікті, Аралтөбе секілді қорымдардан табылған Алтын адамға ұқсас жәдігерлердің саны алтыға жеткен екен. Алайда археолог ғалымдар, тарихшылар бұл жәдігерлерді екінші, үшінші «Алтын адам» деп айтуға болмайтынын ескертеді.

Елбасы Н.Назарбаев: «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті. Дала халқы өз көсемдерін осылайша ұлықтап, оның мәртебесін күн секілді құдірет деңгейіне көтеріп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен де мол хабар береді. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі» деген болатын.

Келер жылы «Алтын адамның» табылғанына 50 жыл толады. Осы тұрғыда Мәдениет және спорт министрлігі 2010 жылы салынған музейдің де таршылық ететінін ескеріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа музей салуға рұқсатын беріпті. Жан-жақтан келушілерді емін-еркін күтіп алып, мәдени-тарихи құнды жәдігерлерді жайлы орналастырылмақ. Музей «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің жанындағы аумақтан бой көтереді.

Салтанат Шырынхан