20 там, 2019 сағат 09:36

Алтай ауданында жоғалған сәбидің денесі өз үйінің ауласындағы құдықтан табылды

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданына қарасты Средигорное ауылында жоғалып кеткен сәбидің мүрдесі өз үйінің ауласындағы құдықтан табылды. Бұл жайында Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«20 тамыз күні Алтай ауданына қарасты Средигорное ауылында полиция қызметкерлері құдықтағы суды сорып алып, түбін лайдан тазалау арқылы қосымша тексеруге бастамашылық жасады. Қайта қарау барысында зардап шегушінің ауласында орналасқан құдықта, лай астынан 2017 жылы дүниеге келген сәби Әлихан Талғатовтың мүрдесі табылды», - делінген полиция департаменті таратқан ақпаратта.

Қазіргі уақытта полиция департаментінің жедел тергеу тобы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалған. Сәбидің мүрдесі Сот сараптамалары орталығына жіберілген.

Бұған дейін полиция қызметкерлері мен еріктілер Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында жоғалып кеткен 2 жасқа толмаған сәбиді іздеп жатқанын хабарлаған едік.