18 қар, 2017 сағат 12:23

"Алматының визит орталығы" туристік ақпараттық орталық ашылды

Алматыда «Алматының визит орталығы» («Vіsіt Almaty»)  атты туристік ақпараттық орталық ресми түрде ашылды. Мегаполис басшысы Бауыржан Байбек қалаға келген әрбір шетелдік қонақтың көрікті жерлер, мәдени оқиғалар, мейманханалар туралы «бір терезе»  принципі бойынша  толық мәліметті қалай алатындығымен  танысты.

Қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқарма­сының басшысы Ерлан Жай­лаубай визит орталықтың Алматы тұрғындары мен қонақ­тарына мегаполистің  туристік әлеуеті туралы кәсіби кеңес, жол карталары мен тау бағыттарының атластарын, туроператорлар брошюраларын, мәдени-бұқаралық шаралардың анонстарын беретіндігін айтты. Сонымен қатар, экскурсияға, естелік, сәндік бұйымдарға тапсырыс алатындығы, ең бас­тысы, туристер үшін мобильді байланыс операторының SІM-картасын бейімдеуді жүзеге асыратындығы аталып өтті. Қазіргі кезде барынша танымал локацияларда ақпараттық туристік киоскілер ашу мәселесі қарастырылуда. Басқарма бас­шысы мұндай орталықты ашу Париж, Лондон, Дубай, Нью-Йорк, Барселона сынды туризм саласы дамыған  қалалар тә­жірибесінен алынғандығын жеткізді.

– Қазірдің өзінде www. vіsіtalmaty.kz  ресми сайты жұмыс істеуде, кейін ол жеті тілді қамтитын болады. Сайтта қаланың белгілі көрнекі  орын­дары, ұлттық мәзір дайындай­тын мейрамханалары, күнделікті өтетін мәдени шаралар тізбегі туралы толық ақпараттар жарияланады. Визит орталықта кеңес беру аймағы, сувенир аймағы, сөйлесу аймағы бар, сондай-ақ түрлі шаралар өткізетін интерактивті  аймақ­пен де қамтамасыз етілген. Техникалық тұрғыдан ашыл­ғалы бері бұл жерге 109 турист хабарласты, – деді орталық директоры Әсел Нұркебаева.

Ол саяхатшылар үшін тө­тенше жағдай туындаған кезде түрлі мәселені жедел шешетін шұғыл желі құрылғанын да атап өтті.

Жалпы, «Алматының визит орталығын» болашақта мемле­кеттік-жекешелік  әріптестіктің катализаторына және Алматы кластерінің туристік девелоп­ментіне айналдыру жоспар­ланған. Халықаралық нарықта туристік әлеуетті көрсету жобаларын жүзеге асыру, өңірдің рейтингі мен бәсекеге қабілеттілігіне  талдау жасау, туризмді дамыту мүмкіндіктерін іздестіру, осы салада түрлі зерт­теулер жүргізу ТАО жұмы­сының басты бөлігі болады.