19 там, 2019 сағат 16:48

Алматының әл-Фараби даңғылында бұрынғы жылдамдық не үшін қайтарылды?

Алматы әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында әл-Фараби даңғылында сағатына 80 км жылдамдықпен жүруге рұқсаттың неліктен қайта берілгені түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әу баста қаланың бас жоспары мен жобаларға сәйкес Шығыс айналма жолындағы жылдамдық сағатына 80 км болады деп есептелген. Бұл, 2008 жылы бекітілген Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келеді. Үкімет қаулысымен қабылданған бас жоспарда жоғары жылдамдықты үш автомобиль жолы айқындалды: Алматының үлкен айналма жолы, Талғар трассасынан келетін Ортаңғы айналма жол және Шығыс айналма жолындағы Кіші айналма жол», - деді әкімдікте өткен брифингте Алматы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Алшан Рахманов.

Өз кезегінде Алматы қаласы әкімшілік полициясының бастығы Жандос Мұратәлиев алдыңғы жылдамдық режиміне оралу туралы шешімді бүгін ғана естігенін атап өтті.

Оның айтуынша, әл-Фараби даңғылының өткізу қабілеті күніне 100-200 мың автомобильді құрайды. Жылдамдықты төмендетудің әсері қоршаған ортаға және экономикаға кері әсерін тигізеді.

«Қандай учаскелерде жылдамдықты сағатына 80 шақырымға дейін төмендетуге болатынын және қай жерлерде қалдыру керектігін одан әрі зерттейтін боламыз. Бүгін шешім қабылданды деп естідіңіздер. Бүгін. Дұрыс па? Соңғы шешім болған жоқ. Тіпті, жылдамдықты сағатына 60 шақырымға дейін төмендету туралы шешім 2018 жылдың қарашасында қабылданса да, ол күшіне 2019 жылғы қаңтардың соңына енді. Екі ай бойы біз оны зерттедік, қарадық, содан кейін шешім қабылданды», - деді Жандос Мұратәлиев.

«Шешім қабылданды. Сіздің басшыңыз сонда болды. Басшылықтың шешімін өзгертпеңіз. Сізде ондай өкілеттіктер жоқ... Сізге сары сызық сызып, шексіз айыппұлдар салу ыңғайлы», - деді Рахман Алшанов полиция қызметкерінің сөзін бөліп. Ол сондай-ақ шешім қабылданғанын және әкім тиісті бұйрық бергенін атап өтті.

Еске салайық, ағымдағы жылдың 15 қаңтарынан бастап қаладағы апаттар санын азайту, сондай-ақ жолдағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында Шығыс айналма жолы мен әл-Фараби даңғылы, Саин көшесінде жылдамдық сағатына 80 шақырымнан 60-қа төмендетілген болатын.

Бүгінде билік көпшіліктің сұранысын ескере отырып, әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма жолында сағатына 80 км жылдамдықпен жүруге қайта рұқсат берілетінін мәлім етті.