06 мам, 2020 сағат 12:51

Алматылықтардың сақтандыру жарнасы 63 млрд теңгеден асты

2020 жылдың 30 сәуіріне дейін Медициналық сақтандыру қорына 319 млрд теңгеге жуық қаржы жинақталды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алматы қаласы республика бойынша жарналар мен аударымдардың көлемі жағынан көш бастап тұр – жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша, оңтүстік астананың еншісінде. Жалпы, сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 30 сәуіріне дейінгі аралықта Алматы қаласынан Қорға 63 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 56,7 млрд теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары, қалған 6,6 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынцша еңбек ететіндерге тиесілі», - деді филиал директорының орынбасары Жанар Кенжебаева. 

Сондай-ақ, жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 165 мыңға жуық адам 210 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеген. 

Естеріңізге сала кетсек, бірыңғай жиынтық төлем 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Жиынтық төлемнің ішінде өзге әлеуметтік төлемдерге қоса сақтандыру жарнасы да бар. Ол жалпы соманың 40 пайызын құрайды. 

БЖТ – республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2651 теңге, ауылдық жерлер үшін – 0,5 АЕК немесе 1326 теңге көлемінде белгіленген. Төлемнің бұл түрін фрилансерлер, сантехниктер, құрылысшылар, такси жүргізушілері т.б. төлей алады.