02 сәу, 2018 сағат 14:29

Алматылықтар аутизмге шалдыққандарға қолдау білдірді

Алматыда аутизмі бар балалардың мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Милосердие» қайырымдылық қоғамының «Аутизмді жеңеміз» орталығы «Ашық әлем» қорымен біріге отырып, ерекше балаларға ерекше мереке ұйымдастырды. Балалар театр сабағына, спорттық шараларға қатысып, ойын флешмобын ұйымдастырды.

Мамандардың айтуынша, аутизммен ауыратын балалардың қоғамға бейімделуі ортасына тікелей байланысты. «Ашық әлем», қоры келтірген мәлімет бойынша 2017 жылы 3820 адамда, оның ішінде Алматыда - 799 адамда аутизм белгілері анықталған.

«Синдромды ерте анықтау, ата-ананың қолдауы, оқыту өте маңызды. Біздің санамызға төңкеріс керек. Сонда ғана балаларымыз қоғамға тез бейімделетін болады», - деді ата-аналар.

2008 жылдан бері 2 наурызда БҰҰ аутизм ауруына шалдыққандардың күнін атап өтеді. Әлемде 67 млн аса адам аутизм дертіне шалдыққан. Әлемдегі Autism Speaks ұйымының белгісі көк түсті пазл бөлшегі болып табылады. 2010 жылдан бастап «көк түсті жақ» маркетинг акциясы бастау алды. Бүгін де Қазақстанның әр жерінде аутизммен ауыратындарды қолдау акциясы жүріп жатыр.