11 қаң, 2017 сағат 21:43

Алматылық оқушылар Универсиаданың арқасында демалатын болды

Алматы қаласы оқушыларына 30 қаңтардан 8 ақпанға дейін демалыс жарияланады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыда өтетін Дүниежүзілік Универсиадаға санаулы күндер қалып отыр, оңтүстік астана жылдың ең ірі оқиғасына жіті дайындық үстінде. Бұл білім беру саласына да қатысты, Универсиаданы өткізуге байланысты Алматы қ. мектептерінде оқитындарға 30 қаңтар мен 8 ақпан аралығында қосымша демалыс енгізу туралы шешім қабылданды.

Барлық елде осындай халықаралық ірі әрі маңызы бар жарыстар кезінде осындай шаралар қолданылады. Оның мақсаты – жергілікті оқушылардың жарыстарды тамашалауға баруға мүмкіндігі болып, оларды салауатты өмір салтына баулып, спортты халыққа тарату, оқиғаның бір бөлігі екенін сездіру. Алматыдағы мектеп оқушылары да енді осы оқиғаны тамашалай алатын болды.

Алматы қалалық білім бөліміндегілердің хабарлауынша, бұл қосымша каникул Наурыз мейрамы күндеріне әсер етпейді – 21,22,23 наурызда алматылық оқушылар қазақстандық басқа оқушылар секілді демалады. 24 наурыз бен 1 сәуір аралығында оқушылар оқуын жалғастырып, 1 сәуірде оларға тоқсандық бағалар қойылады.

4 сәуірде 4-ші тоқсан басталады. Бұл өзгеріс Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің сабақтар кестесіне әсер етпейді.

Айта кетсек, Алматыда 201 мектеп бар, онда 218 мың оқушы білім алып жатыр.