24 нау, 2020 сағат 09:32

Алматыға кіру үшін блок-бекетті айналып өтпек болған азаматтар 5 тәулікке қамалды

Алматы облысындағы тосқауыл-бекетті айналып өтуге тырысқан азаматтар 5 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жақында төрт азамат Алматы қаласымен шектес блок-бекетті заңсыз айналып өтуге тырысқан. 

«Атап айтқанда, 1986 жылы туған Түркістан қаласының тұрғыны еліміздегі төтенше жағдай тәртібін бұза отырып, Алматы қаласының аумағына Ақсай өзені арқылы жасырын өтуге тырысқан. Екінші жағдайда 1968 жылы туған Алматы облысының тұрғыны осы әдіспен карантин жарияланған аумаққа өтуге әрекеттенген. Тағы біреуі - Алматы облысының тұрғыны. Ол Іле ауданы Покровка елдімекенінің маңындағы №22 блок-бекет жанында ұсталды. Төртінші құқық бұзушы 2000 жылғы Қырғызстан елінің азаматшасы болып шықты. Шетел азаматшасының ешқандай құжаты жоқ болып шықты. Қазіргі жағдайда аталған азаматтардың әрекеті қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жазаланатыны белгілі»,- деді Қарасай ауданы полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Асхат Данияр. 

Ұсталған азаматтарға ҚР Әкімшіліқ құқық бұзу туралы кодексінің 476-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Сондай-ақ, мамандандырылған ауданаралық сот шешімімен олар 5 тәулікке қамалды. 

Ал, Қырғыз Республикасының азаматшасы барлық жағдай анықталғанға дейін қабылдау-тарату мекемесіне орналастырылды.