04 қаң, 2018 сағат 16:13

Алматыдағы жантүршігерлік жол апатына қатысты қылмыстық іс жабылды

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Алматының Әл-Фараби даңғылында болған "жаяу жүргіншінің денесі бөлшектеліп қалған" атышулы жол апатына қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жантүршігерлік жол апаты өткен жылы 30 шілдеде орын алған. Mercedes көлігі жаяу жүргіншіні қағып өлтіреді. Соққының қатты болғаны соншалық, ер адамның денесі екіге бөлініп қалған. Тұрғынды қаққан жүргізуші оқиға орнынан қашып кетіп, көлігін "Горный гигант" ауданында тастап кетеді. Кейін полицейлер оны тауып, ұстайды. 

"30 шілдеде бұл факті тіркеліп, қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлімі және 347-бабы (абайсызда адам өліміне әкелген жол қозғалысы ережелерін бұзу, жол-көлік апаты орнын қалдыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 2017 жылдың 15 қарашасында аталған қылмыстық іс бойынша қылмыстық-процестік кодекстің 37-бабының 1-бөлімі 2-тармақшасына (қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауынан) сәйкес істі тоқтату жөнінде шешім қабылданды", — деп жазылған ІІМ басшысының dialog.egov.kz блогындағы жауабында.  

Бұдан бөлек, Медеу ауданының прокуратурасы бұл шешімді заңды деп танығаны жазылған. 

Қылмыстық-процестік кодекстің 291-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеуді немесе қылмыстық қудалауды қайта жандандыру үшін оны тоқтату туралы шешімнің күшін прокурор немесе сот жоюы тиіс.