22 мам, 2020 сағат 15:33

Алматыдағы тамақтану орындарына кешкі 23:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді

Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 25 мамырдан бастап жұмыс істейтін кафе мен тамақтану орындарына қойылатын талаптарды атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Кафелерге қойылатын талап: ұжымдық кештер мен банкеттер өткізуге тыйым салынады. Қоғамдық тамақтану орындарына кешкі сағат 23:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат бердік. Ең бастысы, үстелдер арасындағы қашықтық кемінде екі метр болуы керек. Дастарханға бір отбасы мүшелерін қоспағанда, төрт адамнан артық отыруға болмайды», - деді ол.

Жандарбек Бекшин қызмет көрсететіндерді, санитарлық талапты сақтауға шақырды.

«Келгендерге қызмет көрсететін персоналдар міндетті түрде маска тағып, қолғап кию тиіс. Әрбір клиенттен кейін дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып тазалау жүргізілуі керек. Сонымен қатар, әлеуметтік қашықтық сақталуы қажет. Жіті респираторлық вирустық инфекция бар және қызуы көтеріліп тұрған адамдар жұмысқа жіберілмейді. Мұның бәрін әкімшілік қадағалап отыруы тиіс. Біз асханалардағы өз-өзіне қызмет көрсету принципін жойдық. Дайын тағамды қызметкерлер өздері жеткізеді. Осы салада қызмет көрсететіндерді санитарлық талапты сақтауға шақырамын», - деді ол.