14 там, 2019 сағат 12:09

Алматыдағы сел қаупі: 400-ден астам полицей дабылмен көтерілді

Алматыдағы Наурызбай ауданында сел жүруіне байланысты дабыл қағылып, қосымша төрт жүз полицей жұмысқа кірісті. Тәртіп сақшылары өз міндетін атқарумен қатар, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты.

"Полиция қызметкерлерінің басты міндеті – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршау, көліктерді алып кету, қауіпсіз жерге эвакуациялау және халықты хабардар ету", - деп атап өтті Алматының полиция департаменті бастығының орынбасары Ізбасар Бектұров.



Оның айтуынша, жағдайды бақылауда ұстау үшін, полицияның сыртқы күштері – патруль экипаждары ғана емес, учаскелік инспекторлар, арнайы батальон жасағы, аудандардың жедел тергеу топтары жұмылдырылды.



Сондай-ақ Бектұров хабарлағандай, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың нұсқауымен Ұлттық ұлан сарбаздары селдің салдарын жоюға дайын тұр.