07 там, 2018 сағат 09:28

Алматыдағы автокөлік базарында тамыздың соңына дейін ХҚКО жұмыс істейді

Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлері Алматыдағы автокөлік базарында тамыз айының соңына дейін демалыс күндері арнайы қызмет көрсетпек. Бұл туралы Алматыдағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мәлім етті.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары «Барыс» автокөлік нарығында қызмет көрсету бойынша бастама көтеруі ХҚКО-ның қызметін айтарлықтай жеңілдетеді.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында ұйымдастырылған іс-шаралардың мақсаты – халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, мамандандырылған ХҚКО-на артылған жүктемені төмендету және күту залдарындағы кезектерді азайтып халыққа сапалы қызмет көрсету.

«Бүгінгі таңда Алматы қаласының автокөлік базарында тәулігіне 5 мың машина сатылады және сатып алынады, ал олар дүйсенбі күні ағылып мамандандырылған ХҚКО-на келеді. Осылайша, лек-легімен келген автокөлік иелері ұзақ уақыт бойына кезекте тұрады. Мұндай жағдайларда кейбір кәсіпкер азаматтарға жүргізуші куәлігін тез арада алу, автокөлікті аз уақыттың ішінде қайта рәсімдеу сияқты қызметтерді ұсынатын көмекші қызметкерлерге тап болады. Осындай келеңсіздікке жол бермеу үшін автокөлік базарында қызмет көрсету секторын аштық. Егер бұл бастама оң нәтиже берсе, онда біздің мамандар демалыс күндері осылай жұмыс жасауды жалғастырады», – дейді Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының PR-менеджері Жаңыл Апетова.

«Барыс» автокөлік базарындағы ХҚКО-ның мамандары автокөлік иелеріне электронды кілтті өз бетінше алуды, электронды үкімет порталының жұмысы туралы және үйден шықпай-ақ онлайн қызметтері туралы біраз мағлұмат айтып берді.

Мұнда аталмыш орталық қызметкерлері автокөлік иелеріне egov.kz порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді қалай алуға болатынын, ЭЦК алуды, ұялы үкіметпен тіркелуді, олардың айыппұлдарын және салықтарын қарауды және төлеуді үйретті. Сондай-ақ, автокөлік иелері «Көлік құралдарын онлайн тіркеу» және «Көлік жүргізуші куәліктерін беру» мемлекеттік қызмет алу процесімен танысты.

Еске сала кетелік, мамандандырылған ХҚКО – бір терезе қағидаты бойынша халыққа жүргізуші куәлігін беру және автокөлік құралын тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсететін мекеме. Алғаш рет мамандырылған ХҚКО 2012 жылғы желтоқсан айында Қарағанды қаласында пилоттық режимде іске қосылды. Жобаны сәтті іске асыру нәтижесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл тәжірибені еліміздің барлық ауқымында жүзеге асыруды тапсырды.