14 ақп, 2020 сағат 11:10

Алматыдағы ақын-жазушыларға әкімдік грант бермек

Биыл Алматыда әр тоқсан сайын 90 ақын-жазушыға грант тапсырылады. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматыда өткен жиын барысында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, әл-Фарабидың 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдық мерейтойларына орай көптеген шаралар өтіп, Алматы қаласының әкімдігі тарапынан ақын, жазушыларға қолдау көрсетілмек.

«Былтыр Жазушылар Одағының 85 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде өтті. Жергілікті бюджет есебінен 250 млн теңге қаражат бөлініп, Жазушылар Одағының ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алматы қаласында тұратын 150 ақын-жазушы 500 мың теңгелік ақшалай грант сертификаттарымен марапатталған болатын. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша Жазушылар Одағының 820 мүшесі болса, оның 360-ы осы Алматы қаласында тұрады екен. Биыл біз әр тоқсан сайын 90 ақын-жазушыға грант тапсыратын боламыз. Бұл тізімді бізге Жазушылар Одағының өзі ұсынып отырады. Бұл мәселе қазір бюджетте нақтыланып жатыр», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Айта кету керек, былтыр жаңа жыл қарсаңында Алматы әкімі қаладағы 60 ақын жазушыға салтанатты түрде арнайы грант табыстаған болатын.