08 қаз, 2019 сағат 15:36

Алматыда жөндеуден өткен Вознесенск кафедралды шіркеуі ашылды

Алматыда бірнеше жылға созылған жөндеу жұмыстарынан соң Вознесенск кафедралды шіркеуі қайта ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір ғасырлық тарихы бар ғимаратты қайта қалпына келтіруге 2 млрд теңге қаражат кетті. Бұл қаржыны қарапайым халық пен бизнес қауымдастық жинап берді.

Реставрациялық жұмыстар 2017 жылдың жазында басталды.

Шіркеуді дұға оқып, литургия рәсімін жасауға Астана және Қазақстан митрополиті Александр, Шығысамерикалық және Нью-Йорктік Илларион келді.

«Шіркеудің ашылуы - біз үшін маңызды оқиға. Дәріптеу рәсімі шіркеудің қайтадан халыққа есік ашып, ғибадат басталғанын білдіреді. Болашақта бұл жерде христиан қызметі жүрсін деп бүгін арнайы дұға оқылып жатыр», - дейді протоиерей, Қазақстан митрополит округінің шіркеу мен қоғам қарым-қатынасы бөлімінің төрағасы Александр Суворов.

Оның айтуынша, шіркеудің іші автордың қалауымен өзгертілді.

«Тарихи құжаттарды зерттеп шықтық. Өте ауқымды жоба болды. Бояулардың түсіне дейін қаралды. Бұған дейін де бұл шіркеуге реставрация жасалған. Алайда бұл жолы авторлардың идеясы толығымен жүзеге асты деп ойлаймын», - деді ол.

Шіркеуді қайта жөндеуге Ресей, Франция, Германия суретшілері атсалысты.

Мамандар көне сәулетшілердің идеясына нұқсан келтірмей, үздік технологияларды қолданды.

«Техникалық проблемалар көп болды. Қазақстанда ондай күрделі мәселені шешетін маман таппадық. Берлиннен маман алдырдық. Ғимараттың алдыңғы жағындағы мұнараларын ауыстыру ең қиын проблема болды. Бұл жұмыстарға тас қашаушы, суретші, ағаш шебері, жалпы алғанда 2 мыңға жуық адам қатысты», - деді Александр.

Протоиерей Александр Суворов шіркеудің ландшафт дизайнының тақырыпқа сай болуына баса мән берілгенін айтты.

«Шіркеуді салар кезде бұл саябақ Пушкинский деп аталған болатын. Сондықтан, Санкт-Петербордан Пушкин стиліндегі арнайы шамдар алдырылды. Айналаға кеспетас төселді», - деді ол.

Бүгінгі шіркеудің ашылуына христиан дінінің православ бағытын ұстанатын адамдар жиналды.

Алматыдағы Вознесенск шіркеуі – ағаштан соғылған әлемдегі ең биік православ шіркеуінің бірі. Конструкциясының биіктігі 54 метрге жететін бұл ғимаратты 1904-1907 жылдары Андрей Зенков салған. Тұтас ағаш бөлшектерден жасалған шіркеу 1910 жылғы жер сілкінісінен соң қирамай аман қалды. Мұнда бір уақытта 1800 адам құлшылық жасай алады.