28 там, 2017 сағат 09:44

Алматыда жоғалып кеткен 18 жастағы қыздың анасы видеохабарлама жариялады

Алматыда жоғалып кеткен 18 жастағы қыздың анасы видеохабарлама жариялады. Назерке Әріптің анасы қызын ұстап отырған біреулер болса, қайтаруын өтінді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Назеркемді ұстап отырған, қасында қорғап жүргендер болса, өтінемін. Ана ретінде бізге қызымыз аман болғаны ғана керек. Өтінемін, аман-есен әкеп берсеңіздер, ешқандай жаза қолданбаймыз. Сіздер - бізді, біз сіздерді ұмытамыз. Қызым, Назерке, ботам, сені қатты жақсы көремін, сағындық. Тезірек үйге оралшы. Егер сені ренжіткен болсақ, бізді кешірші, ботам», - деді анасы.

Айта кету керек, 18 жастағы бойжеткен 1,5 айдан бері үйіне оралған жоқ.

Әріп Назерке соңғы рет Тұздыбастау ауылындағы үйінен 10 шілде күні түскі 14:00-15:00 шамасында шығып кеткен.

Қазіргі таңда Медеу аудандық ІІБ іздестіру жұмыстарымен айналысып жатыр.

Телефон қоңыраулары детализациясының мәліметтері бойынша Назерке соңғы рет Гурилев 27 мекенжайында 40 минуттай отырған.

Кейін түнгі 23:00 шамасында Айша бибі 356 мекенжайында болған. Аталған мекенжайда шағын дәмхана мен автожуу орны бары анықталды.

Соңғы рет Назеркені түнгі 12:00 мен 1:00 шамасында дәмхана қызметкерлері көрген. Олардың айтуынша, қыз жылаған күйі жол бойына жүгіріп шыққан. Содан бері ешкімнің көзіне түспеді.