16 нау, 2017 сағат 08:34

Алматыда жаңа туған баласын сатпақ болған 22 жастағы келіншек ұсталды

Алматыда жаңа туған нәрестесін сатпақ болған 22 жастағы келіншек ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" тілшісі қалалық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, Қызылорда облысының 22 жастағы тумасын полицейлер оның жүктілігінің соңғы кездерінде бақылауына алған. 

1994 жылғы қыз күйеуімен және тағы 2 және 3 жасар балаларымен жалдамалы пәтерде тұрған. Басылымның мәліметінше, ол үшінші сәбиін дүниеге әкелгісі келмеген. Бірақ жүктілігін білген сәтте ол сәбиінен пайда көрмек болған. Осылайша, күйеуінен рұқсат алған әйел баласын сататынын айтқан. Сондай-ақ, басылымның мәліметінше, әйел жезөкшелікпен айналысқан. Соған байланысты Түрксіб аудандық ІІБ-де бірнеше рет болған. Осылайша, оған бір адам сәбиді "сатып алушы" ретінде жіберіледі. Содан ол сәбиді 2000 долларға алып кетуге болатынын айтып, олар өзара келіседі. 

«Жедел жолдармен жеткен ақпаратты тексеріп, оның растығына көз жеткіздік. Нақтырақ айтқанда, екі баланың анасы құрсақтағы үшінші сәбиін 2000 АҚШ долларына сатпақ болған. Ақшаның бір бөлігін ол жүктілігінің соңғы кезеңінде алған. Қалған бөлігін баласын болашақ ата-анасына тапсыру кезінде алмақ болған. Ол салмағы 4 келі болған ер баланы аман-есен дүниеге әкелді. Қылмыстық жолмен жасалған келісім Алматы қаласы Сейфуллин көшесінің біріндегі үйде жасалды. Күдікті ақшаны алу кезінде қолға түсті», - дейді Алматы қаласы ІІД Ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес басқармасының басшысы, полиция полковнигі Ерлан Оралбеков.

«Аталған факт ҚР ҚК 135 бабы 1 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне тіркелді. Істі ІІД Тергеу басқармасы жүргізіп жатыр. Сәби Балалар үйіне берілді»,  делінген хабарламада.