28 мау, 2019 сағат 14:25

Алматыда жаңа балет театры мен конгресс-орталық салынады

Алматыда балет театры мен заманауи конгресс-орталық салынады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы қаласын дамыту 50 драйвер-жобасы» аясында 2020 жылы тұрғызылатын Балет театры Әл-Фараби даңғылының бойымен және Назарбаев көшесінің батыс жағында ұзақ уақыт бойы бос тұрған жер учаскесінде салынбақ.

«Ғимараттың архитектурасы - ерекше болмақ. Оның ішіне субұрқақтар салынып, толықтай көгалдандырлады. Құрылыс көпқабатты элементтермен толықтырылады. Түсі мен пайдаланылатын жарықтың да маңызы зор», - деп түсіндірді әкімдік.

Жоба бойынша театрдың кеңістігі жартылай функционалды және трансформалы болмақ. Ол жерде түрлі іскерлік кездесулер мен салтанатты шаралар өткізілетін болады. Ғимарат ішінде балаларға арналған хореография мектебін ашу да жоспарда бар.


Алматы қаласында жыл сайын 50-ден астам түрлі  халықаралық іс-шара өтеді. Сондықтан заманауи конгресс-орталығының құрылысы қажеттіліктерден туындауда.

«Алматы қаласының 50-ден астам жобасы» аясында биылғы жылы бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы аяқталады, сондай-ақ сейсмикалық күшейту және ғимараттарды қайта жаңарту, көшелер мен саябақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Тек осы жобалардың арқасында 5 мыңға жуық қосымша жұмыс орны ашылып, қалалық бюджетке  8,8 млрд теңге салық түсімі түсті.

Жыл соңына дейін Республика алаңы, Достық даңғылы, Байсейітова және Жібек жолы көшелері, Верненский обсерваториясы, Алматы зообағы, Медеу денсаулық баспалдағы мен Мыңжылдық субұрқағын қайта қалпына келтіру жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ, қаланың сегіз ауданындағы барлық  жаяу жүргіншілер жолындағы жұмыстар бітеді деп күтілуде.


Бұдан басқа, отбасылық дәрігерлік амбулатория құрылысы, №4 перзентхана мен Түрксіб ауданындағы психоневрологиялық мектеп-интернатының жанында бой көтерген қосалқы ғимаратар қолданысқа берілмек.

Сонымен қатар Алатау ауданындағы жедел-медициналық қосалқы станция мен патологоанатомиялық бюроның да құрылысы аяқталмақ және тағы 6 жаңа балабақша мен 10 мектеп пайдалануға беріледі.