10 жел, 2019 сағат 13:13

Алматыда ұрланған телефондарды шетел асыратын канал әшкереленді

Қалалық полиция департаменті мен прокуратура ұрланған мүлікті Қырғызстанға апарып сатып жүрген каналды әшкереледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Арнайы операция «Қордай» кеден бекетінің маңында болды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан шығып бара жатқанда полиция «Хонда» маркалы көлігін тоқтатқан. Көлікті 23 жастағы Қырғызстан азаматы тізгіндеген. Автокөлікті тінту кезінде багаж бөлімінен арнайы құжаты жоқ 45 ұялы телефон табылды.

«Бұл дерек ҚР ҚК 196-бабы бойынша бірыңғай тергеу ісі реестріне тіркелді. Ұсталған жүргізуші жаз айынан бері Алматыда ұсталған телефондарды арзан бағамен сатып алып жүргенін мойындаған. Ол бұл телефондарды Алматыдағы «Мега тау» сауда үйінде телефон сатумен айналысатын ер адамнан алып отырған. Жүргізуші отандасымен бірге Алматыға күнде келіп, ұсталған телефондар мен гаджеттерді алып кетіп Бішкекте сатып отырған. Қазір «Мега тау» сауда үйінің саудагері де ұсталды. Ол ұрланған телефондарды сатумен айналысқанын мойындады. Оның тұратын жерін тексерген кезде 64 ұрланған телефон табылған», - деді ПД криминалды полиция басқармасының басшысы Жанболат Зиадин.

Ұсталғандар қамауға алынды. Жақын арада Қырғызстанға шекара асқан телефондар Алматыға қайтарылады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын полиция Алматыдан Қырғызстанға заңсыз жіберілген 100 ұялы телефонды өз иелеріне қайтарған болатын.