01 мау, 2020 сағат 12:20

Алматыда теміржол вокзалдарының жұмысы қайта басталды

1 маусымнан бастап Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдарының жұмысы қайта жанданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі айдан астам үзілістен соң ашылған вокзалда адам қарасы аз. «Алматыэлектротранс» АҚ хабарлауынша, коронавирус пандемиясы кезінде барлық қауіпсіздік талаптары сақталған. 

«Кіре берісте барлық жолаушылардың дене қызуы тексерілетін болады. Барлық вокзалдардың ішінде санитайзер қойылған. Қызметкерлердің барлығы маска, қолғаппен қызмет көрсетеді. Вокзалдардағы барлық бөлмелер дезинфекциялық құралдармен залалсыздандырылады. Ғимарат ішінде қашықтықты сақтауды көрсететін белгілер орнатылған», - деді компания өкілдері.

Жаңа талаптар бойынша вокзал ішіне енді тек билеті бар жолаушылар ғана кіре алады. Шығарып салатындар ғимарат ішіне кіруге тыйым салынған. 

Теміржол кассалары таңғы 9:00-24:00 дейін ашық болады. Кезек көбейіп кетпес үшін кассаға бөлек жол жасалып, 4 адамнан ғана кіретін болады. 

«Бүгін Алматыдан 5 рейс шығады. Бірінші рейс Жезқазған қаласына түнгі 12:10 аттанып кеткен. Екіншісі таңертең 8:30-да Павлодарға бағыт алды. Алматы-Өскемен, Шымкент, Маңғыстау, Қазыбек би стансасына қатынайтын қаламаңы маршруты бүгін жүреді. Ертең Нұр-Сұлтан мен Петропавл қаласына рейстер қосылады», - деді Алматы-2 вокзалының бас инженері Мәди Төлебеков.

Оның айтуынша, теміржол билеті бұрынғы бағамен сатылып жатыр. Карантин кезінде қызметкерлер саны қысқармаған.

Вокзалдың перрондарында бағыттайтын белгілер орнатылған. Сырттан келген жолаушылар вокзал ғимаратына кірмей арнайы дәліз арқылы қалаға шығып кетеді. 

Сондай-ақ, вокзалда медициналық пункт пен карантин аймағы ойластырылған. Мұнда дене қызуы көтерілген жолаушылар тексеріледі. 

Айта кету керек, «Қазақстан темір жолы» 1 маусымнан бастап жолаушылар пойызының қозғалысын бастады. 15 мамырдан бастап жол жүру билеттері сатылымға шықты.