01 там, 2017 сағат 17:53

Алматыда Сирияға кетпек болған «салафит» сотталды

Алматының Алмалы аудандық сотында Қырғызстан мен Түркия арқылы Сирияға өтіп кетпек болған «салафизм» радикалды діни ағымының өкіліне қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ол «Джабхат ан-нусра» террорлық ұйымының соғыс қимылдарына қатысу үшін Сирияға бармақ болған.

Сот үкімімен М. есімді айыпталушыға ҚР ҚК  24-бабының 1-ші бөлігі, 257-бабының 2-ші бөлігі бойынша айып тағылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оның жеке мүлкі тәркіленеді және ол орта деңгейдегі қауіпсіздік жүйесіндегі қылмыстық-түзеу мекемесінде жазасын өтейді.

Алматы қалалық сотының Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2017 жылғы 1 тамыздағы қаулысымен оған қатысты Алмалы аудандық соты шығарған басты сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.