16 қаз, 2019 сағат 10:19

Алматыда шенеунік ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін сотталды

Алматы қалалық қала құрылысын бақылау басқармасының бас маманы ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қала құрылысын бақылау басқармасының бас маманы Д. Е. Сейсембековке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

«Ол заңсыз құрылысты бұзу мақсатында сотқа материал жинамағаны үшін, сондай-ақ заңсыз құрылыста коммерцияны кедергісіз жүргізу үшін жеке кәсіпкерден 2 600 000 теңге сомасында ақшалай қаражат алу кезінде әшкереленді» делінген хабарламада.

15 қазанда Алмалы аудандық сотының үкімімен Д.Е. Сейсембеков ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл, 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ол 5 жыл бойы белгілі бір қызметті немесе басшылық лауазымды атқару құқығынан айырылды.