10 мам, 2018 сағат 17:18

Алматыда секс-құлдықта болған қазақ қызы жантүршігерлік жайтты баяндады (Видео)

4 жыл бойы мәжбүрлі түрде тәнін саудалап, өзін "құлдықта болдым" деп жар салған бойжеткен "Бірінші Еуразия" арнасына экслюзивті сұхбат берді. Айтуынша, оған ортадағы жеңгетайлар үй қызметшісі қызметін ұсынып, бір күннен соң жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.

Күніне әкесіндей оннан астам ер-азаматпен төсектес болған бойжеткен қараңғы қапастан жылдар бойы құтыла алмай әлек болғанын айтады. Ол қанша қашуға ұмтылғанымен, ұсталып, одан екі есе артық жұмыс істеуге мәжбүр болғанын жеткізді. Жантүршігерлік азапты күндерді бастан кешірген Раушан Нүсіпова басынан өткенін бұқпасыз айтып берді.

Тілінің кемістігі бар бойжеткен тіпті дұрыс сөйлей алмайды. Сөзінше  мектепті арнайы интернатта бітірген. 2014 жылы Ұзынағаштан Алматыға қарай таксиге отырған оған көлік жүргізушісі үй қызметшісі болуды ұсынған. Оған сеніп қалған қыз бір күннен-ақ сорлап қалғанын айтады. Бір күн үй тазалаған оны ертесінде қонақүйге арын сатуға жіберген. Қарсыласса таяқтың астына алған.

"Пышақпен де ұратын басымды қанатып. Жұмыс істей алмай, он мың теңге апарған кезде қылғындырып, бауыздаймын, үніңді шығармай дейтін. Ешкім сені құтқарып алмайды деп қорқытты", - дейді Раушан Нүсіпова.

Жеңгетайлар оны он еркекке қызмет көрсетуге мәжбүрлеп, күніне жиырма мың теңге сұраған.

Оның айтуынша, өзі сияқты құлдықта жүрген тағы он бес қыз бар.

"Қазағы да, қырғызы да, өзбегі де бар. Қарақалпақ та бар. Он бес шақты қыз. 94-97 жылғылар да бар. Күніне план қоятын. Жиырмадан жоғары. Жиырмадан төмен істеме дейтін. Істемесең, оқтаумен таяқ жейсің", - деп мұңын айтты ол.

Раушан құлдықтан 20 сәуір күні қашып шыққан екен. Он күн далада түнеген оны "Саяхат" базарының маңынан жеңгетайлардың бірі көріп қойған екен. Қорлыққа қайта барғанша, көлік астына түскен артық деген бойжеткен базарға қарай жүгірген. Дәл осы жерде оны жеңгетайдан желтоқсаншы Гүлбахрам Жүніс арашалап қалыпты.

"Билік білмейді дегенге мен сенбеймін. Мүмкін жоғары билікке бұл жетпейтін шығар. Төменгі билік, Түрксіб ауданының жергілікті әкімшілігінің, құқықтық органдардың мұны білмеуі мүмкін емес", - дейді желтоқсаншы.

Мынау Дулатов, 17 көшесіндегі қонақ үй. Раушан күнде кешкі алтыдан таңғы алтыға дейін оннан астам адамға дәл осы ғимараттың екінші қабатында қызмет көрсеткенін айтады.

Ғимараттың бірінші қабаты көлік жөндеушілердің еншісінде болса, екінші және үшінші қабаты қонақ үй екен.

"Күнде әкеліп, алып кетеді. Атауы жоқ (ред. - қыздарды)", - дейді жергілікті тұрғындар.

Қазіргі таңда қызды өз қарамағына алған еріктілер аурухана табалдырығын тоздырып жүр.

Еске салсақ, ІІД күні кеше бұл жайтқа қатысты ресми пікір білдірген еді.

«Н. есімді азаматтың арызы ҚР ҚК 308-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде тіркелді. Күдіктілер қамауға алынып, ІІД-не жеткізілді. Жедел және тергеу іс-шаралары өткізіліп жатыр", - деді полициядағылар.